Түрмеден кейінгі тағдыр

Түрмеден кейінгі тағдыр

Қазақстанда түрме жүйе­сін рефорламау бағыты іл­гері жылжып келеді. Алайда көп жағдайда жазасын өтеу­­шілер тиісті мерзімі аяқ­та­лып, қамаудан босаған соң қо­ғам өміріне сіңісіп ке­те ал­май жатады. Соның сал­дары­нан түр­меге бойы үйрен­ген не­месе қоғамдық қарым-қа­ты­насты жат санай­тын аза­маттар қайта қыл­мыс жасап, темір торға то­­ғы­­тылады. 2018 жыл­ғы дерек бойынша, бас бостан­ды­­ғынан айырылған 29 011 адам­ның 33 пайызы бұрын сот­талып, қайта қыл­мыс жа­сағандар екен. Қа­зақ­стан­да аса ауыр қыл­мысы үшін жа­­засын өтеген­нен ке­йін аза­­мат­тардың 8 жыл бо­йы сот­талғаны туралы дерегі сақ­талады. Бұл тұста жұмыс­сыз­дық мәселесі де өз әсе­рін ти­гізіп отыр. Себебі мемле­кеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлер бұрын сот­талған азаматты жұмысқа қабыл­дауға құлықсыз. Ал елі­міздегі бейімдеу орталық­тарының жұмысы тиімді ме?  

Бейімдеу орталығының жұмысы

2012-2018 жылдары Қазақстан аумағындағы 8 түрме жабылған. Соның арқасында бюджеттің 12 млрд теңгесі үнемделген. Орташа есеппен, түрмедегі бір жазасын өтеушіге мемлекет қазынасынан жылына 700 мың теңге қаржы бөлінеді екен. Еліміздегі 82 түзеу мекемесінде 25 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатқанын ескерсек, бейімдеу орталықтары жұмысын үдетпесе, қылмыс жасаушылардың саны азаймасы анық. 2017 жылы Шымкент пен Қарағанды қаласын­да сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды. Орта­лық жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік, оның ішін­д­е психологиялық, медицина­лық көмек пен жұмыспен қамту ба­ғыты бойынша құқықтық қызмет көр­се­теді. Орталықтардың жұмыс бары­сымен, нәтижелерімен танысу үшін Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық атқару жүйесі коми­тетіне хабарласқан бола­тынбыз. – Әлеуметтік бейімдеу орта­лық­тары әр өңірдегі жергілікті ат­қару­шы органдар жанында жұмыс істейді. Бейімдеу орталықтарының да өзіндік талабы болады. Оған жазасын өтеп болған соң тұр­ғылықты жері жоқ және өмірінде қиындыққа ұшыраған азаматтар барады. 2019 жылы Қазақстанда 477 азамат бейімдеу орталықта­рының көмегіне жүгінген, – дейді комитет өкілдері. Одан кейін Шымкент қалалық Жұмыспен қамту басқармасынан бейімдеу орталығының жұмысы турасында аз-кем мағлұмат алдық. – Жұмыспен қамту басқармасы сотталған азаматтарға бір-ақ жағ­дайда көмек береді. Егер жазасын өтеп келген азамат тұрақтайтын жері жоқ болып, күн көрісі қиын­даса, басқарма бейімдеу орта­лы­ғына жібереді. Орталықта белгілі бір сала бойынша оқып, мамандық алып шығу жағы да қарастырыл­ған, – деп басқарма өкілдері қысқа қайыр­ды. 2017 жылы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтуға арналған 2 жылдық (2017-2019) кешенді стратегияның жемісі аз да болса – жоғарыда тізгеніміз­дей. Бас прокуратураның баста­ма­сымен әлеуметтік бейімдеу не­гізінде «Сен қоғамға керексің!» шарасын ұйым­дастыру әр өңірдегі жергілікті ат­қарушы мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдарға тап­сырылған. Бұл шараның бір­неше түрмелерде сотталушы­лардың қа­тысуымен өте­тін шағын концерттік бағдарламамен шектелгені бай­қалады.  

 Жекеменшік түрмелер тиімді ме?

Соңғы ширек ғасырда әлемде жекеменшік түрмелер ашыла бас­тады. Бюджет үшін тиімді деп саналатын мемлекеттік-жекемен­шік негіздегі түрмелер жазасын өтеу­шілерді қоғам өміріне бейім­деуімен де ерекшеленеді. 2015 жы­лы Қазақстанда да салынады деп жоспарланған. Бірақ қарсылық көп болғаннан соң аталған жоспар аяқ­сыз қалды. Жақтаушылары да, даттаушылары да көп жекеменшік түрмелердің ең басты пайдасы – үнем мен тиімділік. Мұндай түр­мелерді ашуға көбіне кәсіпкерлер ықылас танытады. Жазасын өтеу­шілердің азық-түлігін, басқа да қа­жеттіліктерді кәсіпкер өз есебі­нен береді. Ал түрме ішіндегі қауіпсіздік­ті сақтайтын қыз­мет­керлер мемле­кет­тік инспекторлар болады. Тиісін­ше, кәсіпкер жаза­сын өтеушілерді түрлі салаға оқы­тып, қоғамдық өмірге бейімдейді және жұмыспен қамтиды. Мем­лекеттік-жекеменшік түрмелерді даттаушылар бар екенін айттық. Түрмеге иелік ететін жеке компания ауыр дертке шалдыққан, науқас­танған сотталушыларды өз кәсібіне жұмысқа тартуға жарамай­тынын білсе, келісімшарттық шек­теулерді сылтау етіп, мемлекеттік түрме жүйесіне қайта жіберетін оқиғалар да кезіккен. Еуропа елдерінің бейімдеу тәжірибесінде түрмелер бекітілген режим арқылы жұмыс істейді. Тәртіп бойынша сотталушылардың жұмысқа қабілеттілігі ескеріліп, спорт пен кітап оқуға қосымша уа­қыт белгіленген. Бұл жүйені көбіне біз айтып отырған жекемен­шік түрмелер қолданады. Ұлыбри­танияда алғашқы жеке түрме 1992 жылы ашылған. 2012 жылы Англия мен Уэльстегі 14 жеке қамау ор­нында 13 500 адам жазасын өтеген. Дегенмен 2013 жылдан бастап жеке түрмелер мемлекет бас­қаруына біртіндеп қайтарыла бастады. Ал Израильде 2004 жылы жеке түр­мелерді салуға рұқсат беретін заң Парламентте мақұл­данған еді. Тіпті, AFI Group компаниясы 2 000 адамға арнап жеке түрме ғимаратын тұрғызған. Алайда 2009 жылы Израильдің жоғарғы соты мұндай тәжірибені ел конституциясына қайшы деп біліп, жеке түрмелер мәселесі тоқтады.    

Мамандар не дейді?

  Қарлыға БҮЙЕНБАЙ, психолог:
– Өмірімізде болып жатқан әрбір оқиғаға, әрбір өзгеріске 100% өзіміз жауаптымыз. Жеңілдетіп айтатын болсам — өміріміздегі барлық өзгеріске біздің тиіттей де болсын қатысымыз бар. Қылмыс жасасақ, қылмыстан кейін жазаланып жатсақ, бұл бізге «керек» болғаны. Осы «керектің» алдын алу қиын. Өйткені ол бейсаналы деңгейде жүзеге асады. Әрине, жаны мен тәні сау, махаббат пен мейірімге толы отбасында өскен жан ешуақытта мұндай қадамға бармайды. Яғни, бұл адамдардың (қылмыскерлердің) кішкентай кезінде қандай да бір психологиялық жарақат алғанын білдіреді. Жұмысындағы шу салдарынан түрмеге түсуге аз-ақ қалған клиентім болды. Анализ жасай келе оның өзін қарындасының өліміне себепшімін деп кінәлап келгені анықталды. Егер бұл адамның ішкі жан дүниесінде кінә сезімі болмаса, түрмеге түсетіндей жағдайға тап болмас па еді? Қалай талдап, қалай анализ жасасақ та, бұл түрмедегі әрбір қылмыскердің терең жан жарасы барын көрсетеді. Адамның қайта қылмыс жасай беруі де психологиялық зақыммен байланысты. Бірақ бұл нарцистік жарақатты адам өте ерте шақта алады. Осыдан кейін «Барлығын бақылауда ұстаймын» деген механизм түрін қолдануға бейім келеді. Қылмыскерлерді еңбекпен емдеуді ұсынар едім. Өйткені оларды қатаң жазалайтын болсақ, өмір сүруге жарамсыз болып қалады. Бұдан ешкімге пайда келмейді, керісінше оларды «асырауға» ақша кете беретін болады. Мұның орнына оларға жұмыс істетіп, еңбектері үшін ақша төленсе және бұл ақшаны олар жәбірленушіге беретін болса, әділдік орнайды деп ойлаймын. Оларға мүмкіндігінше психологиялық көмек көрсетілсе деймін. Психоанализ адамды түбегейлі өзгерте алады.
  Асылхан ЕДРЕСҰЛЫ, заңгер:
– Сотталған адамдарды мен екі топқа бөлер едім. Біреулері әртүрлі себептерге байланысты қылмысты әдейі жасағандар, ал екіншісі заңсыз сотталғандар. Олардың жартысы заңды құқын білмегендер, тағы бірі Қазақстанда сотта, прокурор мен тергеушілердің бопсалауымен сотталғандар. Сол себепті көбісі қылмысқа қоғамға деген ашу-ызамен, ақша табудың басқа амалы болмаған соң барады. Заңда жазылған, егер тергеу барысында қандай да бір қылмыстық іс жүргізу талабы бұзылса, онда қылмысқа тартылып жатқан адамға қарсы қозғалған қылмыстық іс тоқтатылуы керек. Ал бізде қылмыстық істегі қаншама анық көрініп тұрған заңбұзушылықты қадағалап отырған прокурор көргісі келмейді, не осы қылмыстық істі сот барысында қарап жатқан судья көз жұма қарайды. Менің айтпағым – қылмыскерлердің азаймай тұрғанына сот жүйесінің де тікелей қатысы бар. Біріншіден, сот процесін өткізетін сот залдары кең және шыныдан болуы керек. Сонда соттың да, прокурордың да, сотталушының да іс-әрекетін кез келген адам (туыстары, журналистер, және т.б. ) көре алар еді. Екінші, сотта әр ақталған адамға 10 мил­лионнан кем емес моральды төлем берілуі тиіс. Мысалы, Алматыда және басқа қалаларда мыңдаған полиция қызмет атқарады, бірақ солардан ешқандай пайда болмай, әр мектеп, аурухана, сауда орындары өз адал ақшаларына өздерін күзететін күзетшілер жал­дайды. Олай болса елімізге бюджеттен жалақы алатын полиция не үшін керек?! Полиция мүмкіндігінше қылмыс көп жасалатын аудандар мен қоғамдық орындарды жөнді қадағалауы қажет. Бейімдеу орталықтары жай­лы айтып, біз тек салдарымен күресіп отырмыз. Бұл көптеген елдердің бас ауруы. Себебі түрмеден шыққан адам­ның қоғам өміріне араласуы өте қиын. Сондықтан қылмыстың алдын алу шараларына баса мән берген жөн.
 

ТҮЙІН

Бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеген азаматтарды қоғам өміріне қайта бейімдеуге ықпал ету үшін оңалту орталықтарының рөлі аса маңызды. Түрме жазалаушы ғана емес, түзетуші де болғаны абзал. Бір рет жаңылған адамды ғұмыр бойы жаңылды деуге әсте болмас. Осындай кезде «Адасқан­ның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» дей­тін аталы сөз ойымызға орала берді.

Мадияр ТӨЛЕУ