Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде 25-орынға тұрақтады. Бұл рейтингте әлемнің 190 елінің бизнесті дамыту үшін жасап отырған жұмысы сараланады. Себебі кәсіпкерлікті қолдау ел экономикасының өсуі мен әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді. Осыған орай, Үкімет рейтинг нәтижесін әлі де жақсарта түсу үшін заңнамалық түзетулер пакетін әзірледі.
Бүгінгі таңда «Кейбір заңнамалық актілерге бизнес ахуалды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы 30-дан астам нормативтік-құқықтық актіге шамамен 200 түзету енгізуді көздейді. Біздің елдегі бизнеске қолдау туралы сөз болса, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын айналып өту мүмкін емес. Былтыр тиімділігі дәлелденген соң бағдарламаны 2025 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін алдағы 4 жылға бюджеттен 421 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы бюджетке еселеп қайтады деген есеп бар. Сонымен бірге бағдарламаны іске асыру жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға, ал жалпы ішкі өнімдегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесін 13,4 пайызға жеткізуі тиіс.
Биылдан бастап шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін де үш жыл тексеруге, профилактикалық бақылау мен қадағалау жасауға жарияланған мораторий күшіне енді. Бірақ мораторий мәселесінде мына жайтты назарда ұстау қажет: мораторий күші тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін әрекеттердің алдын алуға немесе оларды жоюға бағытталған тексерулерге қатысты болмайды!
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, конституциялық құрылым мен ұлттық қауіпсіздікке тікелей немесе жанама қауіп төндірген жағдайда бақылау және қадағалау органының бірінші басшысының шешімімен кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар егер кәсіпкер өз қызметін тексеруге қатысты бастамашы болса, сондай-ақ Қылмыстық-процесуалдық кодексте қарастырылған негіздер бойынша тексеру жүргізіле береді. Мораторий прокурорлық, кедендік, салалық тексерістердің кейбір түріне, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларды тексеруге, өнімге санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу мен профилактикалық қадағалауға, сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу субъектілерін профилактикалық бақылау мен тексеруге қатысты болмайтынын да айта кеткен жөн.
Мораторий еркінсу дегенді білдірмейді. Кәсіпкерлік субъектілері мораторий кезеңінде ел заңдарын, жеке және заңды тұлғалардың құқы мен заңды мүддесін сақтап, тауар, жұмыс және қызметтің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл тексерулерге қатысты.