Қаралған қаржының қайтарымы қайда?

Қаралған қаржының қайтарымы қайда?

Жұмыссыздық мәселесі қай мемлекетте болмасын өзек­ті. Біздің елде де «екі қол­ға бір күрек» таба алмай жүр­ген жандар артып жығы­лады. Десе де, Үкімет тарапынан жас­­­тарды жұмыспен қамту бағы­тында түрлі бағдарлама­лар жанданып, олқылықтың ор­нын толтыруға күш жұмыл­ды­­рылуда. Сондай баянды бағ­­дарламаның бірі – «Дип­лом­­­­мен ауылға» жобасы. Бұл бағ­дарлама «жастарды ба­рын­ша жарылқайды» деп кү­тіл­ген. Алайда ауылға атта­нып, несиеге баспана алған ма­мандардың көпшілігі Жам­был облысында қарызға бел­ше­сінен батып отыр. Әңгіменің әлқиссасын арыдан бас­тасақ, аталған бағдарлама қа­был­­данған 2009 жылдан бері әлеу­меттік жәрдемақыны айтпа­ған­да, 5 миллиард 1 миллион тең­­ге жас­тардың тек тұрғын үй алуы­­на бе­рі­ліпті. Соның есебінен Жам­был об­лысындағы 1 586 жас ма­ман бас­панамен қамтылған. Жеңіл­де­тілген несие 0,01 пайызбен 15 жылға 1 500 АЕК көлемінде бел­гі­ленгенімен, бұл соманы бү­гін­­де Үкіметке кері қайтара ал­май отырған жастар жетерлік. Олар­­­дың саны өткен жылы 627 адам­­ды құраса, борышкерлік қара­жат­­тың көлемі 106 385 600 теңге бол­ған. Өсімпұл кө­лемі 44 017 700тең­­геге жеткен. Жамбыл об­лы­­­­­сы әкімдігі экономика және бюд­­­­жеттік жоспарлау басқарма­сы­­­ның басшысы Гүлдана Жа­уын­­­бекованың айтуынша, құ­ры­­лымдық мекеме қарызды қай­тару үшін барын салып жатқан көрі­­неді. Ал одан қандай нәтиже шығу­да? – 2017 жылы 800 миллион тең­геден аса сома тұрғын үй алуға бө­лін­се, былтыр бұл қаржы 1 мил­­­­лиард теңгеге жуықтады. Ал ау­­дан­дар бөлінісінде 2017-2019 жыл­­­дар аралығында республи­ка­лық бюд­жет­тен 2 686,2 миллион тең­ге­ге 767 маманға тұрғын үй са­тып алуға несие берілді. Алайда бү­гінде бұл соманы кері қайтара ал­май жатқан жастар аз емес. Мемлекеттік бағдарламаны іс­ке асыру бойынша сенімгер аген­­­ті болып табылатын «Ауыл шаруа­­шылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы бол­ған­дықтан, бүгінде облыстық эко­номика және бюджеттік жос­­парлау басқармасы және аудан­дық әкімдіктер тарапынан осы бере­шек қарыздарды өндіру бо­йын­ша жұмыстар жүргізілуде. Со­ның нәтижесінде былтыр 109 борышкерден 11,4 миллион тең­ге өндірілсе, биыл да қарызды қай­та­руға күш жұмылдырмақпыз, – дейді Гүлдана Әлімжанқызы. Иә, басқарма берешекті жас­тар­дан өндіру үшін шындап кіріс­ке­ні байқалады. Оған қазір 122 ма­­ман­ның ісі соттың қарауында жат­­қаны дәлел бола алады. Осы орай­да, «қалаға емес, далаға аңсары ауып барған жастар не себепті қа­рызын қайтара алмай жатыр?» деген орынды сұрақ туатыны анық. – 2012 жылы баспана алу үшін 3 миллион теңгеге жуық несиені төмендетілген пайызбен алдым. Ай сайын 13 мың теңгеден 2015 жылға дейін тұрақты төлеп келдім. Бірақ кейінгі 3-4 жылда тұрмыстық қиын­дықтар туып, ай сайынғы төл­емді жасай алмай қалдық. Әдет­те, екінші деңгейлі банктер мұндай жағдайда ұялы телефонға тыным бермей қоңырау шалып, несиені төлемесімізге жанды қоймайтын. Бірақ дәл «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен алған қаржыма қатысты бір пенде «несиеңізді төлеңіз» деп қоңырау шалмады. Содан аталған несиені тегін бе­ріл­ген теңгедей көріп, тіпті бере­ше­гіміз барын ұмытып кеттік. Алайда өт­кен жылы кредитімді тексермек болып, тиісті мекеме мамандарына жолықтым. Сөйтсем, менің қалған 500 мың теңге қарызымның үстіне 300 мың теңге көлеміндегі өсімпұл қосылып кеткен. Әрине, төлемді дер кезінде жасамаған өзімнен кінә барын түсінемін. Бірақ соңғы төрт жылдың бедерінде не себепті бірде-бір маман қоңырау шалып, өсімпұл өсіп жатқанын ескертпеді? Енді міне, қарыздың үстіне қарыз жама­лып, не істерімді білмей отыр­­мын, – дейді Талас ауданы Ақ­көл ауылына «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барған Гүлмира Ратова.

Жалпы, бұл жалғыз Гүлмира­ның басынан өтіп жатқан жағдай емес. Статистиканы сөйлетсек, Мойынқұм ауданындағы 206 жастың 112-інің мемлекет алдын­дағы берешегі өтелмеген. Дәл сон­дай Сарысу ауданындағы 216 ма­манның 102-і төлемін төлей ал­май келе жатса, Шу ауда­нын­дағы 217 жастың 93-і, Талас ауданындағы 122 маманның 78-і қарыздан көз аша алмай отыр.  

Жауаптылар жымқыруды ойласа, бағдарлама қалай бағдарын табады?

Негізі «Дипломмен ауылға» бағ­­­дарламасы бойынша талай түйт­­кілдің беті бұған дейін де ашыл­ған. Мәселен, 2016 жылы Жуалы ауданына бағдарлама аясын­да келген 12 жас маман басқа өңірге көшіп кетіп, жергілікті билік жер сипап қалған болатын. Сол сәтте бюджетке қайтарылуы тиіс қаржы көлемі 1 миллион 515 мың теңгеге жеткен еді. Сол жы­лы Сарысу ауда­нында – 18,1 миллион теңгені, Шу ауданында – 14,4 миллион тең­гені, Мойынқұм ауданында – 9,9 миллион теңгені, Талас ау­да­­нында – 9,1 миллион тең­г­ені, Жуа­лы ауданында – 6,6 мил­лион теңгені, Қордай ауданында – 6,1 миллион теңгені, Т.Рысқұлов ауда­нында – 2,7 миллион теңгені, Жам­был ауданында – 2,1 миллион теңгені, Байзақ ауданында – 1,1 миллион теңгені және Меркі ауда­нын­да 1 миллион теңгені жас­тар кері қайтара алмай жат­қа­нын тек­серіс анықтаған. Нәтижесінде, 71,1 миллион теңге борышкерлер берешегі ретінде тіркелген. Бұл аз десеңіз, дәл осы жылы Жуалы ауданында «Дипломмен ауылға» бағдарламасына бөлінген қазына қаржысын жымқыру да кө­рі­ніс тапқан. мұны Әдеп жө­ніндегі кеңес әшкере еткен. Сол кездегі мемлекеттік қыз­мет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ермек Тұмабеков аталған елді мекенде 40 маманға заңсыз кө­тер­ме жәрдемақы берілгенін мәлім­деген. Ал ең сорақысы, заңсыздыққа жол бергендердің арасында аудан әкімінің орынбасарынан бастап, бөлім басшысына дейін тіркелген болатын. Олар ұйымдасқан түрде ауданда 4-5 жыл тұрақты тұрып жатқан немесе әкімдікке қарасты мекемелерде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мамандарға 138 мың теңге көлеміндегі жәр­дема­қы­ны үлестіріп бергені әшкереленген. Алайда осындай өрескел заңбұзушылықты көре тұрып, сол кездегі Әдеп жөнін­де­гі кеңестің мүшелері жаза басқан­дарды қатаң жазалаудың орнына, бастарынан сипап шығарып сал­ған еді. Осыдан-ақ түйткілдің түйіні тереңнен тамыр тартып жатқанын түсінген боларсыз. Сол жылдың өзін­де жастардың берешегі 70 мил­­лионнан асып кеткенде, қа­лай ғана жауапты мамандар шұ­ғыл шара қабылдамай, бейқам қарап отырды? Әлде, қызметінде қалқыған шенділер ақ парақтағы ақпа­ратта «сұлу» сандарды сөйле­тіп, құжаттарға қонжитып қолды қоя берді ме екен?  

ТҮЙІН:

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сын­дар­лы қо­ғам­дық диалог – Қазақ­стан­ның тұрақ­тылығы мен өр­кен­­деуінің негізі» атты Жолдауын­да «Дип­лом­мен ауылға» бағдар­ла­масының өрісін кеңейтіп, бөлінетін бюджет қаржысын 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырғаны белгілі. Осы мақсатта облыс тарапынан Ұлттық экономика министрлігіне 2020 жылға – 444 маманға 1,7 миллиард теңгеге, 2021 жылға – 472 маманға 1,9 миллиард теңгеге, 2022 жылға 512 ма­манға 2,2 милиард теңгеге бюд­жеттік өтінім жолданып қой­ған. Әрине, дипломмен ауылға ағыл­­ған жас мамандарға қандай қол­дау көрсетсе де артықтық ет­пей­ді. Алайда жоғарыда аталған мил­лиардтаған соманы жас ма­мандар кері қайтара алмай жатса, қайтпекпіз? Бармақ тістеп, сан соғып қалмаймыз ба? Міне, мәсе­ле – осында...

  Саятхан САТЫЛҒАН Жамбыл облысы