Ахмет Ясауи университетіне жаңа ректор тағайындалды
Ахмет Ясауи университетіне жаңа ректор тағайындалды
171
оқылды
Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры қызметіне Жанар Темірбекова тағайындалды. Жанар Амангелдіқызын Ахмет Ясауи университетінің ұжымына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова таныстырды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, аталмыш университеттің 1-ші вице-президенті (ректор өкілі) Женгиз Томар және университеттің сенат мүшелері қатысты. Алғашқы сөзін ұлы баба Ахмет Ясауидің хикметінен үзінді келтірген Жанар Амангелдіқызы өзіне жүктелген жаңа қызметтің жауапкершілігін терең сезінетінін жеткізді. Ол Елбасының бастамасымен ашылған Халықаралық университеттің ең негізгі міндеті — қазақ елі мен бүкіл түркі әлеміне қызмет ететін білімді, салауатты, отансүйгіш, әрі жаңа ғасыр талаптарына сай мамандарды даярлау екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, бабамыздың атымен аталатын білім ордасының қызметкері ретінде қазақ ұлтының рухын жаңғыртуды, қазақстан деп аталатын отанымызды дамытуды және университет атын асқақтатуды «негізгі міндетім» деп санайтындығын жеткізді.
«Мәдениет пен өркениеттің негізі болып табылатын бұл университет тәуелсіз елдің мәңгі болашағын қазірден бастап қалыптастырушы білім ошағы. Қоғамға үлгі болатын қасиетті мекен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын қабылдаған еді. Мен де өз кезегімде осы тұжырымдамадан шабыт алып, «Халық үніне құлақ асатын университет» концепсиясын бірге қалыптастыруды ұсынатын боламын»,– деп ойын түйіндеді.
Жанар Амангелдіқызы Темірбекова Түркияның алдыңғы қатарлы Хаджеттепе университетінің Инженерлік факультетін бітіріп, аталмыш оқу орнының «менеджмент» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасында білім алған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқып, сол жерде кандидаттық диссертациясын қорғаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Жанар Амангелдіқызы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Анкара қаласындағы Өкілетті Кеңес басқармасында, ТҮРКСОЙ сынды халықаралық ұйымдарда еңбек еткен. Алматы қаласындағы КИМЭП, ҚБТУ және СДУ сынды бірнеше маңызды оқу орындарында студенттерге сабақ берумен қатар, Еуразия Технологиялық университетінің ректоры, Алматы Менеджмент университеті Президентінің кеңесшісі қызметін атқарған. – Н.Назарбаев қорының Ғылым және техника саласындағы сыйлықтың лауреаты (2012 ж); – БҒМ «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегері (2013 ж); – Халықаралық ғылыми журналдарда жарық көрген ғылыми мақалалардың, жалпы 40-тан астам ғылыми еңбектер мен бірнеше монографияның авторы. – Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Ғылым кеңесінің мүшесі АҚШ-тағы Халықаралық Көшбасшылық Ұйымының мүшесі. Халықаралық аналитикалық орталық Тиллотома қорының құрметті мүшесі (Science and Education Policy Group).

Тельман БЕЙСЕНОВ