Жайық жағасыз қалмақ
Жайық  жағасыз қалмақ
212
оқылды

Орал тауының оңтүстік сі­лем­дерінен бастау алатын транс­ше­ка­ралық Жайық өзені кімді де болса елең еткізетін. Бір емес, екі облысты төтелеп өтіп, қарт Кас­пийге құятын арна Еуропадағы үшінші ірі өзен саналатын. Де­генмен Жайықтың халі мүшкіл екені 10 жылдан бері үздіксіз айтылып келеді, тіпті жауыр болған әңгімені қайта қозғағыңыз кел­мейді. Өзен әбден таязданды, суы толығымен ластанды. Бір аны­ғы, экологиялық апат болды. Бірақ өзеннің қасіреті мұнымен біте сал­майтын тәрізді.

«Қазаншының еркі бар»

Не десек те, әуелі бір нәрсе белгілі. Жайықтың тағдырын бір ел шешпейді. Өзеннің басты көзі Ресей аумағында, ал елімізге ағып келеді дегенше оның бөгеті бар, су қоймасына тиесілі мөлшері бар, әйтеуір көрші ел сыздықтатып су жібереді. Жалпы, Ресей жерінде Жайықтың суымен толатын 3 су қоймасы бар. Ең үлкені – Ирикла су қоймасына жылына 3 млрд 250 млн текше метрден аса су жиналады екен. Осы қойма лық толы. Бұдан бөлек, Жайық елімізге жетем дегенше, 80 су торабы мен 3 200 жерасты бөгетінің «тезінен» тағы өтеді. Міне, қаншама кедергіден кейін су деңгейі төмендемей көрсін. Негізі, өзен суының орташа деңгейі 594 сантиметр шамасында. Соңғы жыл­­да­ры екі есеге дейін төмендеп, 230-240 сан­­­­­тиметрді көрсеткен кезі болған. Ақырғы рет мұндай төмен деңгей өткен ғасырдың 60-жыл­­­дарында ғана тіркелген. Ол шақта табиғи құбылыс пен климаттық өзгеріс әсер етсе, қазір адам қолынан болған тех­ногендік процестердің салдары басым. Сонымен, Ресейге неге тоқтадық? Суды сыздықтатқан көрші ел енді Жайықты бөгеуді одан әрі жалғастырмақ ниетте сынды. Себебі Орынборда тағы бір үлкен су қоймасы салынбақ. Осы елдің су ре­сурстары агенттігі шешімді қабылдап та үлгерді. 2023-2024 жылдары құрылысы жүргізілетін қойма 300 млн рубьлге баға­ланып отыр. Бұл Ресейдің ішкі мәселесі екені анық, бірақ тым «өзім білемге» де салып отыр­ғандай сыңай көрінеді. – Ресей тарапынан су жіберу көлеміне, оны тиімді пайдалануға байланысты Башқұртстан мен Челябинск, Орынбор облыстарының әкімдіктері арасындағы ынтымақтастық жайы аса мәз емес. Біздің өңірге қарағанда географиялық белдеу бойынша Орынбор солтүстікте орналас­қанымен, ылғал жетіспейтін аймақ болып есептеледі. Ал өзеннің төменгі ағысында орналасқан Атырау облысында су тапшы екені мәлім. Жайық өзені бассейнінің экожүйесіне байланысты зерттеулерді әр аймақ, әр сала бөлек-бөлек жүргізеді. Кейбір зерттеулер 30-40 жыл бұрын жүр­гізілген. Ластау жағына келсек, «нақты мына кәсіпорын ластап жатыр» деп тағы айта алмаймыз. Ғылыми талдау жұмыстары өзен суымен өндіріс қалдықтары ағып келетінін көрсетіп отыр. Сондықтан Жайық бойындағы өндіріс ошақтарының қалдықтарына гидрохимиялық талдау жасап, өзен суы құрамымен салыстыру керек. Химиялық элементтердің экожүйеде таралу жолын, өзендегі тірі ағзаларға әсері қалай болып жатқанын зерттеу керек, – дейді география ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденов. 2019 жылы күздің басында Орал қаласы аяқасты сусыз қалды. Бұған Жайық өзе­ніндегі су деңгейінің төмендеп кеткені себеп болған. Өзен суының тартылғаны сонша, қалаға су тартатын сорғылардың өзі өзен бетіне қалқып шығып қалған екен. Бізде су жетпей жатқанда Ресейдің бір ғана Орынбор облысы түрлі қажеттілік үшін орташа есеппен жылына Жайықтан 2 текше шақырым су пайдаланады. Бұл бүтін Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысы тұтынатын судан (1,9 текше ша­қырым) да көп. Жайық Жайық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша өңіраралық келісім құру туралы талайдан бері айтылып жүрді. 2018 жылы қарашада Ресей–Қазақстан комис­сия­сының бірінші отырысы Орынбор қала­сында өтті. Кездесу кезінде өзен мәселесі талқыланып, 2019-2020 жылдарға арналған Жайықтың экожүйесін жақсартуға, өзен­нің трансшекаралық ластануын тоқ­татуға бағытталған шаралар жоспары бекітілген. Бұл жоспарға өзен суының көлемін арт­тыру, өзендегі биоалуан­ды­лықты зерттеу мен қалпына келтіру, Жайық пен тар­мақ­тарына әсер етіп отыр­ған кә­­­сіпорындар мен нысандарға мем­­лекеттік бақылау жүргізу шаралары кірген болатын. Екінші басқосу 2019 жылы шілде айында Орал қаласында өткен еді. Жайық мәселелеріне арналған семинарға Қа­зақстан мен Ресейден шенеуніктер, эко­­логтер, тәуелсіз ұйым өкілдері қатысты. Жиында сол баяғы өзен суының аздығы, ластану деңгейі, балықтың жойылуы, өзен алабының құрғауы, ормандардағы өрт мәселесі талқыланған. Екікүндік оты­рыстың нәтижесінде Қазақстан мен Ресейде Жайық мәселесін шешумен айналысатын екіжақты орган құру ұсы­нылып еді. Дегенмен басқосудан айтар­лықтай нәтиже болды дей алмаспыз, проблема әлі де өзекті.

Су тым ластанды

2004 жылы 21 қыркүйекте Үкіметтің «Ерекше маңызы бар су объектілерінің тізімі және ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілеріндегі шаруашылық қыз­­метті реттеудің құқықтық режимінің ерекшеліктері туралы» №59 қаулысы бе­кітілді. Бір қызығы, осы қаулыда Жайық өзені мемлекеттік маңызы бар су ны­санына енбей қалған. Бұл да бір өзеннің назардан тыс қалуына ықпал етсе керек. «Қаз­гидромет» РМК-ның 2008-2018 жылдарда Жайық суы сапасына қатысты жасаған талдауына көз жүгіртсек. 2012-2013 жыл­дары өзен суына «таза» деген баға беріліп келген де, одан кейін «қа­лыпты ластану» деп көрсетілген. 10 жыл­дың ішінде нит­ритті азот пен темірдің, фенол мен магний шектен тыс асып кеткен. Мұның бәріне Ресейден келетін ағын мөлшерінің азаюы себеп болғанын экологтер талай айтты. Мұның бәрін тізіп жатқымыз келмейді, тек 2019 жылы Жайық суы ластанудың ең соңғы бесінші деңгейіне жеткенін білеміз. Осының өзі-ақ жағ­­дайдың мәз емесін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, үлкен апат. Жайықтың халі жыл өткен сайын маңы­зы арта беретін көкейкесті мәселеге айналып барады. Біздің ойымызша, Қа­зақстан мен Ресей жақын уақытта өзенді сақтап қалудың нақты шараларын қолға алуы тиіс. Әйтпесе, ондаған не 20-30 жыл­дан соң өзен арнасын құтқарып, сақ­тап қалу мүмкін болмайды.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ