Феминистер маршы

Феминистер маршы

Әйел құқығы мен теңдігі үшін күресіп жүрген ұйымдар 8 наурыз күні шеру ұйымдастырды. Бұл жолғысының жөні бөлек. Өйткені бұған дейін әкімдік тарапынан рұқсат бе­рілмей, митингке шыққандарға айыппұл арқалататын. Ал биылғы марш заңға сәйкес өтті. 13 ақпанда өткізуге рұқсат алынған шеруде жүздеген адам бейбіт түрде жиналып, ереже бұзбастан қалауын айтуға мүмкіндік алды. Ендеше Ха­лықаралық әйелдер күнінде өткен феминистер маршында қандай мәселелер көтерілді? Осыған тоқталсақ.

Теңдік сұрап,  тепсініп...

Елімізде 8 наурыз десе, қыз-ке­ліншектердің құшағы гүлге толған көрініс елестейді. Әйтсе де, тұр­­­мыстық зорлық-зомбылық, әйел құқығы, жынысына қарай кемсіту сынды маңызды мәселелер раушан мен қызғалдақтың таса­сында қалып қоймауы тиіс. Халықаралық әйел­дер күнінде өткен марштың басты жеткізгісі келгені – осы. Алматыда өткен шеруді «Феминита», «КазФем», SVET, «ФемАгора», «ФемСреда» қоғамдық ұйым­да­­рының белсенділері ұйымдас­тыр­ған. Бір айта кететін жайт, бұл – феминистердің жергілікті билік келісімімен өткізген алғашқы ми­тингі. Былтыр дәл осы күні 200-ден аса адамның басы біріккен шеру болған. Бірақ ол кезде билік рұқсат етпеген еді. Әрі былтырғы маршта «Әр әйел – жалғызым» деген жазуы бар гүл шоғын өртегені үшін екі белсендіге айыппұл салынған. Осы­дан соң халықаралық Human Rights Watch ұйымы билік тара­пынан шығарылған шешімді жою­ды талап еткен. Ал биыл жағдай басқаша. Есіңізде болса, 2020 жылы Пар­ламент «Бейбіт митинг туралы» заң қабылдаған еді. Шеру біткеннің бәріне бірдей келісім берілмесе де, арагідік рұқсат алып, азаматтар ой-пікірін білдіріп жатыр. Мұны да сеңнің қозғалғаны десек бола ма, белгісіз. Дегенмен қанша уақыттан бері халықаралық қауымдастықтар мен құқық қорғаушылар бізде еркіндік жоғын сынап келеді. Қош, сонымен әйелдердің ойын білдіруге рұқсат етілді. Осы мақсатта жүздеген адам бейбіт шеруге шықты. Оның ішінде әйел­дер ғана емес, феминистерді қолдап шыққан ерлер де бар. Сағат 11.00 ша­масында Шевченко және Ай­манов көшелерінің қиылы­сындағы Ганди паркіне митингке қатысу­шылар жиналды. Бас-аяғы бірнеше сағатқа созылған марш сағат 15.20-да тәмамдалды. Ал енді шеруге шық­қандардың қандай талабы болды? Мақсаты қандай? Осыған келсек. Митинг қатысушыларының қолында түрлі жазуы бар плакаттар болды. Әркім өз мәселесін жеткізуге тырысып баққан. Біршамасын тізбектеп шығатын болсақ, «Әйел құқығы – ел құқығы», «Қыз бұйым емес», «Құлдық – қазақтың дәстүрі емес», «Ұрса, түрмеге отырсын», «Феминизм бостандыққа жет­кізеді», «Қызға қырық үйден бос­тандық», «Сенің қаһармандарың – Алашорда зиялылары әйел азат­тығы үшін күрескен» және т.б.

Көзқарас өзгере бастапты

FemAgora феминистік қорының өкілі, марш ұйымдасты­­рушы­ла­рының бірі Лейла Махмудованың айтуынша, кешегі марш ойдағыдай өткен. «Шеру өткізу туралы жос­парлай бастағанда дәл осылай елестеткен едік. Кез келген адам қатыса алатындай болса дегенбіз. Әрі қауіпсіздік тұрғысынан қаты­сушыларда да, ұйым­дастыру­шы­ларда да мәселе туған жоқ. 1 000-ға жуық адамның басы қосылды», – дейді ол. Ал өнертану докторы Мол­дияр Ергебеков марш­тың өтуіне рұқсат берілгенінің өзі гендерлік теңдік мәселесінде алға жылжу байқалғанын айтып отыр. «Өз басым мұны жақсы нышан деп бағалаймын. Өйткені дәл осы митингті өткізуге рұқсат алу үшін неше жылдан бері феминист апа-қарындастарымыз аянбай еңбек етті. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ұйымдарға берген сөздері бар. Яғни, еліміздегі аза­маттардың құқығы қорғалатынына уәде берген. Бұл да сол жолда жа­салған қадам шығар. Гендерлік теңдік мәселесіндегі өзгерістер де байқалады. Тым болмағанда адам­дар осы тақырыптағы ойын қо­рықпастан айта алатын кезге жеттік. Осыдан үш жыл бұрын «ФемАгора» фестивалін бастаған кезде елімізде мәдени салада конференциялар, вебинарлар сынды іс-шаралар болмаған. Қазір 1 наурыздан бері күніне гендерлік тақырыпқа бай­ланысты 2-3 конференция өтіп жатыр. Бұл дегеніміз – қоғамда адамд­ардың ояна бастағанын, пікір таласа бастағанын көрсетеді. Бұл – өте оңды жағдай» деп баға берді Молдияр Ергебеков.

Зорлық-зомбылық азаймаған

Соңғы кездері гендер тақы­рыбының жиі көтерілуіне себеп көп. ІІМ дерегіне сүйенсек, пан­демия кезінде отбасындағы тұр­мыстық қылмыс саны 21 пайыз­ға көбейген. Отбасылық зорлықтан зардап шеккен 500-ден астам адам дағдарыс орталықтарына жі­бе­ріл­ген. «КазФем» ұйымы жария­­ланған мәліметтерге сәйкес, был­тыр тұр­мыстық зорлық-зомбылық сал­дарынан 56 әйел көз жұмған. Бү­гінде әйелдердің үні баяу шық­қаны, болмаса тума-туыстың «ба­сып жан­­шуының» кесірінен күйеуі­нен таяқ жеп, бақытсыз әрі азапты күн кешіп жатқан азамат аз емес. Ха­лықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы тұрмыстағы әлімжеттікті «тұрақты кездесетін проблема» деп атайды. Ішкі істер министрлігі былтыр  8 айда полицияға тұрмыстағы әлімжеттікке байланысты түскен 130 мың шағымның 2,5 мыңы бойын­ша ғана қылмыстық іс қоз­ғалғанын хабарлаған. Яғни, «бармақ басты, көз қысты» сынды мәселе тағы бар. Одан қала берді, әйел адамды жынысына қарай кемсіту, оны «қырық жанды» деп есептеп, шыдап жүре беруге шақыру жиі кездеседі. Ал БҰҰ есебіне үңілсек, елімізде жылына 400-ге тарта әйел отбасылық зорлық-зомбылықтан көз жұмады екен. «Біз үндеместен, бәрі жақсы деген кейіп танытып жүре берсек, айналаға дауысымыз естілмейді. Ал бүгін Қазақстан әйелдерінің тірі еке­нін, бар екенін бүкіл ел білді. Әрқайсысымыздың дауысымыз, талабымыз, мақсатымыз бен ар­ман-тілегіміз барын естіді. Әйелдер бел­сенділігі дегеніміз – билік үшін күрес емес, өмір үшін күрес. Қарап тұрсақ, бәріміз әртүрліміз. Бірақ бізді әділет, тең құқық пен бос­тан­дыққа деген ұмтылыс бірік­тіреді» деді сөз ба­рысында фем-белсенді Арина Осиновская. Расында, маршқа түрлі талап-арызы бар адам­дар жиналды. Соның ішінде тұр­мыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерді қорғайтын заң­ның болуын, әйелдің қай жерде болсын өзін қауіпсіз сезінуіне жағ­дай жа­салуын, тең еңбекақы төлеу, әйел­дерге істеуге тыйым салынған жұмыс орын­дарының болмауын сұрағандар көп болды. Мұның бәрі – гендерлік теңдік орнатуды сұра­ғандардың тілегі. Атап айт­қанда, қазір елімізде 191 маман­дықта әйел­дердің жұмыс істеуіне тыйым салынған. Мәселен, буль­дозер машинисі, матрос, өрт сөн­діруші-десантшы, өрт сөндіруші пара­шютист сынды түрлерін атап өтуге болады. Тыйым салынып отыр­ған себебі – бұл маман­дық­тардың әйел­дің репродуктивті қа­­сиетіне нұқсан келтіретіні. Ал фе­министер бұған түбегейлі қарсы. Сондай-ақ соңғы мәліметтер бойын­ша, қа­­зақстандық әйелдер ерлерге қа­рағанда 34 пайыз­ға аз табыс табады екен. Әрі мансап бойынша кө­­терілуде де көзге кө­рін­бейтін «ке­дергі» көп деседі. Бел­сен­ділер осы­лардың жойылуын сұрай­ды.

Әркімнің талабы бөлек, дегенмен...

Әрі кешегі митингте ел назарын аударған тағы бір жайт – ЛГБТ мәселесінің көтерілуі. Тіпті, кейбірі бұған наразы болып, «әйелдер мар­шымен мұның қандай бай­ланысы бар?» деп жатты. Осы сауалды ұйым­дастырушыларға жолдаған едік. «Феминизмнің бір принципі – барлығының талабын елеу. Яғни, ұйымдастырғандағы мақсаттың бірі әйелдердің не айтқысы келгенін білу болған. Нәтижесінде, марш кезінде түрлі ұрандарды байқадық. Соның ішінде саяси көзқарасы әртүрлі қауымдастықтар болды. Олардың маңызы өте жоғары деп есептейміз. Өйткені митингке кел­ген соң, пікірін білдіруге то­лық­тай құқылы. ЛГБТ қауым­дас­тық­та­рының ұрандарына кел­сек, ол фе­­министік мәселелерге жатады. Се­бебі әйелдер әртүрлі болады. Олар да өз құқығы үшін күрескісі келеді. Кешегі митингтен көр­геніміздей, бәріне бірдей ортақ мә­селе деген жоқ. Яғни, әркімнің өз проблемасы болады. Бастысы, бәрін көре білу. Айталық, мүгедек әйелдердің ке­лісімінсіз стери­ли­­­зациялап, репро­дуктивті құқы­ғын таптауы мүмкін. Осылайша, оларда қазір таңдау жоқ болып отыр. Сол сияқты мүгедек емес әйел­­дер, керісінше аборт жасатуға кедергі болмауын сұрауы мүмкін. Айтпа­ғымыз, мә­селе көп. Соның бәріне мән беру керек», – дейді Лейла Махмудова. Расында, марш қаты­сушыларының ішінде мүгедектер де болғанын байқадық. Әлбетте, бұған қатысты қоғам пікірі екіге айы­рылды. Бірі қолдаса, енді бірі қарсы шықты. Әйтсе де, әйе­л­дер үнін естіртуде бір қадам жасады. Сол анық.

Жадыра АҚҚАЙЫР