Белгілі жазушы Думан Рамазан Facebook парақшасында Қазақстан авторлар қоғамына қатысты бір мәселенің шетін шығарды. Ол өз парақшасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Марал Ысқақбайға хат жолдаған.
Қаржылық құжаттарды меншігіндей көріпті
Хатында жазушы екі жыл бұрын Авторлар қоғамына театрларда қойылып жатқан қойылымдарынан түсетін тиын-тебенді білуге, бар болса, алып кетейін деген оймен барғанын жазады. «Есеп-қисапқа жауап беретін қызметкеріңіз компьютерден аты-жөнімді қарады да, «150 мыңдай теңгеңіз бар екен, бірақ қазір бере алмаймыз, сот болып жатыр, сот біткен соң ақшаңызды міндетті түрде береміз!» деді. Содан өзіңізге кірдім. Ондағы ойым таныстығымды пайдаланып, сол жиналған 150 мың теңгедей өз қаламақымды алып беруіңізді өтіну болатын. Сіз де сот болып жатқанын айтып, «оны дәл қазір алып бере алмаймыз, сот біткен соң береміз, ол өзіңнің ақшаң, ешқайда кетпейді» деп шығарып салдыңыз! Содан сұрастырып көрсем, Авторлық қоғам үшін талас болып жатыр екен. Балнұр Қыдырбек пен Байғали Есенәлиевпен соттасып жатыр екенсіздер! Амал жоқ, ың-шыңсыз екі жылдан аса уақыт соттың аяқталғанын күттік. Сот та аяқталды. Балнұр Қыдырбек пен Байғали Есенәлиев соттан жеңіп шықты. Енді ақшамызды алатын шығармыз деп ойладық. Содан Авторлар қоғамына барып, Байғали Есенәлиевпен сөйлесіп, «жиналған ақшамызды бер» дедім. Ол ақшамызды бере алмайтынын, өйткені Сіздің қажетті есеп-қисап құжаттарын толық өткізбегеніңізді айтты» деп жазады. Жазушы осы мәселе бойынша Марал Ысқақбайға хабарласып, мән-жайды анықтап, сұраған екен. Ол бүкіл құжатты бергенін, шын мәнінде құпия сөзді ұмытып қалғанын, ал дискіні ашу қиын емес екенін, кез келген компьютерді жетік білетін маман ашып береді дегендей жауап қайырыпты. Арада бір ай өткенде драматургия кеңесінің төрағасы, талантты драматург Серік Асылбек, белгілі режиссер Ерсайын Төлеубай, драматург, жазушы Сұлтанәлі Балғабаев төртеуі Авторлар қоғамына қайта барады. «Бүгін ақшамызды тағы тексерттік. 150 мың түгілі, соқыр тиын жоқ. Сонда біздің ақшамыз қайда кетті?.. Осыдан екі жарым жыл бұрын біздің атымызға 150 мыңдай қаламақы түскен. Одан бері де екі жарым жылдай уақыт өтті. Ақшамыз көбеймесе, азаймауы керек еді ғой! Азаймақ түгілі, мүлде көзін құртып жіберіпсіздер!.. Ақылға келіңіз, Аға! Мені қойшы, тіпті өзімнің жеке қаламақымды аға ретінде өзіңізге байладым, 80-нен асқан жасыңызда мінгізген атым, жапқан шапаным болсын! Оған өкінбеймін де. Бірақ қайтыс болып кеткен замандастарыңыздың кейбір жесірлері бар екен, сол қаламақыға қарап, жандарын бағып отырған. Олар да екі-үш жылдан бері қоғамнан бір тиын ала алмай отыр. Тым құрыса сондай көмекке зәру жандарды аясаңызшы, ойласаңызшы!» деп жазады жазушы Думан Рамазан әлеуметтік желідегі парақшасында.Диск бар, құпиясөз жоқ
Бұл мәселенің анық-қанығын білмек болып, Қазақстан авторлар қоғамына хабарластық. Республикалық қоғамдық бірлестіктің бас директоры Байғали Есенәлиевтен барлық мән-жайды сұрап білдік. «Думанның жазып отырғанының барлығы рас. Ол кісі алдымен Марал Ысқақбайға хабарласып, одан кейін біздің де пікірімізді білді. Осыдан екі-үш жыл бұрын оған «150 мың қаламақың бар» деп айтқан екен. Бұл – ол кісі басшылықта отырған кездегі оқиға. Кейін басшылық ауысып, Балнұр Қыдырбек төраға болып келгеннен кейін ол кісі соттың шешіміне де қарамастан, бүкіл бухгалтерлік құжаттарды дискіге көшіріп алып кеткен. Банкте тұрған ақшаны қай авторға береміз, қай шығармасы үшін береміз, ол қайдан түскен ақша екенін анықтайтын құжаттың барлығын алып кетіп отыр», – дейді бас директор. Бұл оқиғадан кейін басшылық бірнеше рет Марал Ысқақбаймен кездесіп, мәселені оң шешуге тырысқан екен. Балнұр Қыдырбек жазушының өзімен екі рет жолығыпты. «Бүкіл Қазақстан авторларын әуре-сарсаңға салмай, парасат биігінде дұрыс шешейік» деген ойын білдіріпті. Кейінірек Балнұр Қыдырбек, Марат Ілиясов, Байғали Есенәлиев үшеуі тағы барады. «Басшылықтың кесірінен авторлар жапа шекпеуі керек. Мұны біз бейбіт жолмен шешейік» деп айтыпты. «Авторлар қоғамы – республикалық қоғамдық бірлестік. Бұл ұйымды Марал Ысқақбайға дейін де бірнеше адам басқарған. Бұл кісі 2018 жылдың 15 қарашасында жалпы жиналыс өткізіп, соның шешімі бойынша өзі қайтадан төраға болып бекітіледі. Сол жылы менің орныма (директорлыққа) орынбасарым Серік Исаев деген жігітті қоймақшы болғанында, авторлардың барлығы қарсы болып, мені сол орында қайта қалдырған. Кейін 11 желтоқсанда өз еркіммен өтініш жазып, директорлықтан кеттім. Сөйтсе, наурыз айына дейін жалпы жиналыстың шешімін тіркетпей, жүре беріпті. Бір-бір жарым ай ішінде Әділет министрлігінде тіркелмесе, шешім заңсыз болып есептеледі. Наурыз айына дейін тіркелмегендіктен, қайта жиналыс өтіп, төрағалыққа Балнұр Қыдырбек келеді. Бұл – 2019 жылдың наурыз айы», – дейді Байғали Есенәлиев. Алматы мемлекеттік университетінде жұмыс істеп жүрген оны шілде айында Балнұр Қыдырбек хабарласып, Авторлар қоғамына қайта жұмысқа шақырады. Б. Есенәлиевтің айтуынша, бұл кезде құжаттардың барлығы жоқ, тек ақша бар. Коллективке жұмыс істеуге тыйым салынған. Сөйтіп, сот процесі басталады. Ол бір жарым жылға созылыпты. Ол уақытта Қазақстан авторлар қоғамына келетін қаржының көбі тыйылып қалған. Осы кезде жекелеген авторлар құқығын қорғайтын ұйымдар пайда бола бастайды. «Қалалық соттың шешімінен кейін Марал Ысқақбай өз ықтиярымен бүкіл құжатты Балнұр Қыдырбекке тапсыруы керек еді. Амал жоқ, сот орындаушыларды жалдап, кеңсені, кеңседегі заттарды қайтарып алуға тура келді. Жаңа басшылық та жұмыс істеуі керек емес пе? Думанға берген жауабында: «кеңсемді тартып алған кезде 1C бухгалтериялық құжаттарды неге алмады?» деп айтыпты. Ол кезде М.Ысқақбай құжаттарды бермеудің амалын істеп, Бас прокуратурада жүрген болатын. Содан бері біз ешқандай құжаттарды ала алмай отырмыз. Қабылдап алған актіге қол қоймай отырғанымыз сондықтан», – дейді Байғали Есенәлиев. Осыдан бір-екі ай бұрын есеп-қисап құжаты деп, бір дискіні беріп жібереді. Құпиясөзін де беріпті. Алайда құпиясөзін қанша терсе де, диск ашылмай қойыпты. Демек, «бізге құпиясөзін беруден бас тартып отыр», – дейді жаңа басшылық. «Егер Марал Ысқақбай дискіні ашатын құпиясөзді білмейтін болса, ол кісінің қызы Айман директордың қаржы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. Ол кісі де бұл құжаттардан хабардар болуы керек. Бас бухгалтер де білуі керек», – дейді бас директор. Сөйтіп, Авторлар қоғамы 2018 жылдың авторларға тиесілі қаламақысын бере алмай отыр. Кез келген IT маманын шақырып, аштыруға тағы болмайды. «Өйткені онда 100 миллиондаған ақшаның есеп-қисап құжаты тұр. Егер дискіні өзіміз ашсақ, онда оның ішінде ештеңе болмай шықса, не істейміз?», – дейді басшылық.Жұмыс жүйеленгенмен, бәсекелестер де көбейді
Ал жаңа басшылық келгеннен кейін жұмыс ретке келіп, құжаттардың бәрі жөнделіп, тиісті қаламақы да жөн-жосығымен беріліп келеді. Бір өкініштісі, жекелеген қоғамдық ұйымдардың көбейіп кетуі. «Бұдан авторлар жапа шегеді. Өйткені әр ұйым өзіне қарай тартады. Қазірдің өзінде төрт қоғамдық бірлестік құрылды. Оның бәрі тіркеуден өтетін болса, театр, мейрамхана сияқты авторларға қаламақы төлейтін ұйымдардың миы ашитын болады» деп отыр басшылық. Қалай десек те, авторлар бұдан зиян шекпеуі керек. Оларға керегі – Қазақстан авторлар қоғамына түсетін тиын-тебені ғана. Азын-аулақ қаржысы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе» дейді. Ал қоғамдық бірлестіктің ішінде болып жатқан дау-дамайдың оң шешімі болар деген ойдамыз.Айым БЕКТҰР