Парламент Сенатының 6 ақпандағы отырысында депутат Дүйсенғазы Мусин Премьер-Министр А.Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Онда елімізге танымал түлік – қазақтың ақбас тұқымды сиырына қатысты мәселе көтерілді.
Ақбас тұқымды танымал деуіміздің себебі баршаға мәлім болса керек. 1930-1950 жылдар аралығында бірнеше селекциялық жұмыстың нәтижесінде пайда болған жаңа тұқым қазақ даласына тез бейімделіп, жерсініп кетті. Кеңес үкіметі 1931-1932 жылдары 800 бас асылтұқымды бұқа сатып алады. Осылайша, герефорд пен жергілікті қазақ, қалмақ сиырының қоспасынан шыққан тұқымға 1950 жылы ғылыми тұрғыда «қазақтың ақбас сиыры» деген атау берілді. 1950-1990 жылдар ішінде жүйелі түрде жүргізілген селекциялық жұмыстар ақбас сиырдың елімізде кең таралуына жол ашты. Қазақстанның климаттық ерекшелігіне төзімді тұқым «зеңгі баба» тұқымының өзге түрлеріне қарағанда аса үлкен күтімді қажет етпейді. Күні ұзын бордақылауда тұратын өзге ірі қарамен салыстырғанда өз аяғымен жайылыста жүріп-ақ қоң жинап, семіруге бейімділігімен ерекшеленеді.
Алайда ақбас тұқымның даму көрсеткіші о бастағы әлеуетіндей емес, әсіресе тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде қасапқа түсіп, саны күрт азайған. Тұқымның өнімділігі өзінің негізгі стандарттарынан 44 пайызға кеміген. Сенатор Д.Мусин Үкімет басшысына жолдаған сауалында саладағы бірқатар мәселені ашып көрсетті. Соның бірі – қолданыстағы мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарлама аясындағы кемшіліктер. «Бұл саланы қолдауға бағытталған субсидиялардың тиімділігі өте төмен, өңделген өнім экспортын ұлғайту мәселесі отандық өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз ету проблемасына тірелуде. Оның бір дәлелі, өткен жылы экспортталған 156 000 тірі ірі қара малы, өкінішке қарай, соның ішінде он мыңдай аналық бас шетке сатылған. Қорыта айтқанда, бұл малдың ресурстық мүмкіндіктерін ұлғайтуға және тектік әлеуеті жоғары отандық тұқымды көбейтуге бағытталған асылдандыру жұмыстарының жүйесі қалыптаспаған», – деп атап көрсетті Д.Мусин депуттатық сауалында.
Дегенмен, ақбас тұқымды дамытуда республикада біршама жұмыс қолға алынғанын да айта кеткен жөн. «Қазақтың ақбас тұқымы» республикалық палатасы атқарушы директорының орынбасары Нұрлыбай Қажғалиевтің айтуынша, 2011 жылы палата жұмысын бастаған кезде аталған тұқым бойынша 78 мыңдай мал болса, қазір саны артып 356 мың басқа жеткен. Бүгінде республикада ірілі-ұсақты 1 300-дей шаруашылық ақбас сиыр өсіріп отыр. «Малдың тұқымын сақтауда 30% генетикалық мәселеге тірелсе, қалғаны азықтандыруға байланысты. Жем-шөп қорын дайындау, қажетті азықпен қамту жағынан, әрине мәселе бар. Дегенмен кейбір ірі шаруашылықтар оның да жолын тапты. Ақбас тұқымы бұрыннан қазақ жеріне бейімделген, жайылымға үйренген тұқым. Төлі тәулігіне 800-900 грамм қосып отырады», – дейді Н.Қажғалиев.
Жоғарыдағы депутаттық сауалында сенатор бес мәселені атап көрсетеді. Біріншіден, асылтұқымды мал шаруашылығының тиімді жүйесін құру мақсатында заманауи нормативтік-құқықтық база қалыптастыру. Яғни, заңнамалық базаны жетілдіру. Екіншіден, әлеуеті жоғары отандық тұқым – қазақтың ақбас сиыры жайлы арнайы бағдарлама қабылдау қажет. Үшінші – жұмыстың сапасын бағалау, ақбас сиыр шаруашылығының жауапкершілігін нақтылау. Төртіншіден, малшы тапшылығын шешу, малшының мәртебесін белгілеу. Жоғары оқу орындарында мал шаруашылығына квота белгілеу. Бесіншіден, сапалы асылтұқымды түлік қорының сақталуына көңіл бөлініп, жем-шөп қоры базасын күшейту мәселесі. Сенат депутаты өз сауалында осы негізгі проблемаларды көтере келе ғалымдар мен фермерлердің ұсыныстарын ескеру керектігін айтады.
Иә, қазақтандық фермер үшін малшы қат болып отырғаны рас. Ауылдағы жұмыссыз жанның мал бағуға мойын бұрмауының бір себебі – жалақының төмендігі. Табыс көзі – тірі мал болғандықтан, фермердің ай сайын тұрақты түрде бес-алты малшыға айлық төлеп тұратын жағдайы жоқ. Жұмысшыға жалақы беру үшін мал сату керек. Екіншіден, көп адамның ата кәсіптен ажырап, мал бағуды қиын көретін жағдайға жетуі. Яғни, ауылдағы мал баққан шаруаның баласы кәсіпті жалғастырудан «таксист» болып, қалаға адам тасығанды жөн көретін болған. Сондықтан сенатор айтып отырған малшыға арнайы мәртебе беру мәселесі ойланарлық жайт. Себебі «мал – баққанға бітеді». Бағушы табылмаса төрт түліктің басы да өспейді, ет экспорты жайлы бағдарлама да қағаздағы күйінде қалуы әбден мүмкін. Үшіншіден, шаруашылықта кәсіби маманның тапшылығы. Жыл сайын мыңдаған студент оқу бітіріп шыққанымен ауылға бармайды. Оның үстіне, елімізде ветеринар маманға ауылдық квота қарастырылғанымен, зоотехникке квота жоқ. «Жақында Германияның шаруашылықтарын араладым, немістер әкелі-балалы болып осы салаға бейімделеді екен. Ал бізде қожалық иесі баласын басқа салаға оқуға жібереді де, ертеңінде маман таппай отырады. Осы мысалды фермерлерге айтып жүрмін. Балаңызды мал шаруашылығы саласына оқытыңыз деп. Бұл проблеманы осы әдіс арқылы шешуге болады», – дейді «Қазақтың ақбас тұқымы» республикалық палатасы атқарушы директорының орынбасары Нұрлыбай Қажғалиев.
Бауыржан БАЗАР