Дінімізде балаға қойылатын есім мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, əрі көркем болуы керек. Ал психологтардың айтуынша, жақсы есім баланың болмысына, оның қалыптасуына тікелей әсер етеді. Оған өз есімінің артықшылығын, аттас тұлғалардың өмірі, жеке қасиеттері туралы жиі айтып отырғанды жөн санайды. Сонда ізгі қасиеттер баланың бойына дариды деп есептейді. Не десек те, таңдау – әр сәбидің ата-анасында. Бастысы, балаға жақсы есім беру жауапты іс екенін ұмытпауымыз керек. Себебі, таңдалған есім – болашақты таңдаумен бірдей. Ал біз бүгін өткен жылы қандай есімдердің көп қойылғанын, оның ішінде ерекшесі қандай екенін анықтауға тырыстық.
Ал қыздар арасында ең танымал есім Медина болып шықты. Былтырдың өзінде 5403 қызға осы есім берілген. 4855 балаға – Асылым, 4588 қызға Раяна деген ат қойылған. Сондай-ақ 2020 жылы қыздарға қойылған сүйікті есімдердің арасында Айзере – 4373, Айша – 352, Айлин – 4366, Аяла – 4247, Айым – 3673, Томирис деген 3293 қыз бар.
«Отағасымен ақылдасып, қазақтың ұлы ақынының даналығын, ақылын берсін деген ниетпен төртінші перзентімізді Абай деп атауды ұйғардық. Оның үстіне дәрігерлер 15 тамызда босанасың деген. Бірақ сәбиіміз 10 тамызда Абай күнінде өмірге келіп, есімін өзі таңдап алғандай болды. Үйдің үлкендері де біздің таңдауымызды қолдап отыр. Абайдың екі ағасы мен апасы бар», – дейді 37 жастағы анасы Ақмарал Бәделова.
Ал жылдың ерекше есімі деп танылғандар – Құдірет, Ізіқұтты, Нұр-әдеп, Ақмамық, Ақкөгершін, Ақтаңым, Үкіліайару, Максимильян, Мехмет-Ибрахим, Падишах. Мысалы, Америкада тұрып жатқан әнші әрі сәнгер Лидо Досалина төрт перзентінің есімін өзгеше қойған. Әншінің тұңғышының есімі – Риана, ұлдары – Рахмен мен Рамис. Кенжесі – Рамина. Туыстары қызын қазақшалап Райхан деп атайды. Ал «Рахмен» араб тілінен аударғанда рақым, мейірім деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз Құран сүрелерінде жиі кездеседі. Рамис есімі де араб тілінен алынған. Аударғанда «белгі», «ерекше таңба» деген мағынаны білдіреді. Әншінің айтуынша, уақыты келгенде балаларының қай елдің азаматтығын алатынын өздері шешетінін айтты.
[caption id="attachment_118561" align="alignnone" width="1200"] әншінің инстаграм парақшасынан алынды[/caption]
Ел астанасы Нұр-Сұлтанның өзінде Инаят, Рамис, Дален, Далер, Адриэл, Арчи, Азарий, Арби есімді балаларды кезіктіруге болады. Қыздар арасында Алиша, Аруназ, Сафина, Ханифа, Эвелина, Айшабиби, Имона, Аврора, Тея, Яссауина деген ерекше есімдер де кездеседі.
Жасы 60-тан асқан Ендіғой апамыз өз атына үйреніп қалғанын жеткізді. «Бала кезде оның мән-мағынасын түсінбедік. Атымыздан ұялмадық та. Үйдің үлкендері ырымдап қойған екен» дейді ол. Оның айтуынша, өздері он ағайынды екен. Анасы қатарынан 6 қыз туған соң, оның есімін ұл тусын деп Ендіғой қойыпты. Осыдан кейін анасы төрт ұл туған екен. Олар – Әбутәліп, Махмұт, Мырзабек, Сырлыбек. Тіпті, апамыз өзімен аттас жандардың бірнешеуін жүздестіріпті.
[caption id="attachment_118587" align="alignnone" width="1024"] Ендіғой апа немерелерімен[/caption]
Өткен жылы туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 22,40 нәрестені құрады. 2021 жылдың қаңтар айының басында өткен Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлау күніне орайластырып қойған есімдер де бар. Сайлау күні дүниеге келген нәрестелерге көп жағдайда Сайлау, Қасым-Жомарт немесе Нұрсұлтан сияқты есімдер таңдаған. Оған дәлел – Шынар Төлеушова. Ол қызын Сайлау деп атады. Ол балаларға мағынасы бар ерекше ат қоюды дәстүрге айналдырғанын айтты.
[caption id="attachment_118562" align="alignnone" width="1200"] baq.kz[/caption]
– Мысалы, үшінші қызымызды Құралай деп атадық. Бұл дегеніміз – оншақты күн ауа райы құбылатын көктем мезгілі. Сол уақытта 2-3 күн қатты жел соғып, жаңбыр жауады. Ал атаулы датада дүниеге келген төртінші қызымызға барлығы үшін маңызды күнмен байланысты ат қойдық, – деді Атырау облысының тұрғыны.
Сайлау күні Нұр-Сұлтан қаласында 69 нәресте дүниеге келді. Оның 34-і қыз, 35-і ер бала. Бұл жайында елордалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі хабарлаған еді.
Ерекше есім беру – бұрыннан бар қазақы қалыпты дәстүр. Ұлының да, қызының да есімі айрықша болса деп тілейді. Атына заты сай болса екен деп, көркем ат қоюға тырысады. Абай жылында кішкентай Абайлардың көбеюінің сыры осында болса керек.