Ән көп, тағдырлы ән аз...

Ән көп, тағдырлы ән аз...

Біз өзі ән туралы көп айт­сақ та, тағ­дырлы әндер жайлы ты­м аз жазыппыз. Тым аз әң­гімелеппіз. Мына мақала да сол олқылықтың орнын тол­тыра алмасы анық. Дегенмен сәл де болса талпы­ныс­тың бар екенін аңғартады.  

ЗОМБИ

Ирландия мен Ұлыбритания арасындағы қақтығыстың тарихы тереңге кеткен. Ағыл­шындар көр­шісін жаулап алып, көрсетпеген қор­лығы жоқ. Ұлыбритания ота­ры­на айналған соң, Ирландия 1949 жы­лы екіге жарылады: қазір Ир­лан­дия – тәуелсіз мемлекет болса, Сол­түстік Ирландия – Ұлыбри­тания король­ді­гінің әкімшілік-сая­си бөлшегі ғана. Міне, сол Со­л­­түстік Ирландия XX ғасыр соңында отар­лық қамыттан босап шығуға тырысып, қайта-қайта бас көтереді. Бас көтерудің басы-қа­сында әйгілі Ирландия Респуб­ли­калық Армиясы (ИРА) деген атауға ие террорлық топ жүрген. 1993 жы­лы олар Британияның Уорринг­тон қа­ласында екі бірдей жарылыс жасайды. Бірінші жа­рылыс еш­кім­ге залалын тигізбесе, екін­шісі – екі бірдей жас баланың өмірін қиып түседі. Бұл жағдай шығармашылық тұлғаларға да елеулі әсер етеді. 1994 жылы ирландиялық The Cranberries рок-тобы «Зомби» деген әнді жа­рыққа шығарады. Ән шыға са­лысымен халық арасында кең та­рап, рок-топтың танымалдығы ар­та түседі. Көп ұзамай өзге еуро­па­лық елдердің музыкалық ән ше­рулерінің көшін бастаған. Әнде «It’s the same old theme since 1916» деген сөз бар. Сол арқылы Ирлан­дияның тәуелсіздік үшін күресі 1916 жылдан бері басталғанын жет­кізеді. Ән авторы, топ мүшесі Долорес О’Риор­дан­ның айтуын­ша, зомби әннің астарлы бей­не­сі ретінде таңдап алынған. Сол ар­қылы тек ИРА-ны ғана емес, бар­ша терроршыларды, қолын қанға былғайтын қаскөйлерді зомбиге теңейді.  

ЖЕЛТОҚСАН ЫЗҒАРЫ

Әнде әділдік іздеп аһ ұрған қарапайым адамның қапияда қаза табуы, артында зар еңіреп отбасы мен ет жақындары қалғаны, тер­роршылардың әділдікті өзгелердің қанын суша шашып іздеуі, осы­лайша олардың тірі өлікке айнал­ғаны, жүрегінен мейірім мен ізгі­ліктің жоғалуы, тек қасаң қатыгез­діктің салтанат құруы – Долорестің көңіл түкпірінен қайнап шығып, осы сөздерді жеткізе алмай жүрегі шемен боп қатқан көптің көкейін­дегі ой мен запыранды тамыр­шыдай дөп басады.  

SCORPIONS

Саяси мән-мағынаға ие әйгілі «Wind of Change» әні де «Зомбимен» қатарлас. Анығында, екі-үш жасқа үлкен. Бұл әнді Scorpions тобының әншісі Клаус Майн жазып шыққан. Жанры – рок-баллада. Автор 1989 жылы КСРО-ға гас­троль­дік сапармен келіп, елдегі жағдайды көзі­мен көргеннен кейін осы әнді жазған. «Зомбиге» қарағанда бұл ән­де агрессия емес, керісінше по­зитив көңіл-күй басымырақ. Сол жылдары мыз­ғымастай көрінген Берлин қабырғасы құла­ды. Көп ұзамай Кеңес Одағы­ның да ту-талақайы шықты. Содан болар, бұл ән қайта құруды, өзгерісті жыр­лаған шығарма ретінде жат­тал­ды. Клаус Майнның өзі 2017 жы­лы берген сұхба­тында: «Луж­ни­кидегі» кон­церттен соң Мәскеуді аралап жүріп, осы әнді шығар­дым», – дейді. Әндегі «Біздің әке­леріміз Ресейге танкімен келген. Ал біз сіздерді гитарамен күтеміз» деуінде де үлкен сыр жатыр. «Сіз­дің балалайкаңыз менің гитарам айтқысы келген ойды жалғасын» деуі де біздің алдыңғы ойымызды құптай түседі.  

ВИКТОР ЦОЙ

Тізе беріп тақырыптың түбіне жетеміз деудің өзі бекершілік. Десе де, айтпай кетпеуге болмайтын тағы бір ән болса, ол – «Перемен». Әнді Виктор Цой алғаш рет 1986 жы­лы шыр­қады. Ән халық ара­сында кең тарап, жұртшылық оны елдегі саяси ахуалға орай шыға­рылған туын­ды деп қабылдады. Бірақ автордың өзі заманында бұл пікірмен келіспеген. «Біз өз­герісті күтеміз» әнін қарсылық жыры деп айта алмаймын» депті Цой сол кезеңде берген сұх­батында. Десе де, «Перемен» әлі күнге елдің ау­зында жүр. Ресейдің кейбір ми­тингілерінде орындалды. Жұрт оны саяси қатынасқа қарата ай­тылған жыр деп қабылдайды. Ел­дің сана­сынан ол ақиқатты алып тастау да оңай емес. Әрі алып тастауға ешкім құлықты да емес. Әңгімеміздің басында «Зомби» мен «Wind of Change» туралы ай­тып едік қой. Мұндай мазмұндағы әндер қазақта да бар. Тіпті, себеп болған оқиғасы жағынан әлде­қайда биіктей түсер еді. Әбиірбек Тінәлиев жазған «Желтоқсан же­лін» тап қазір тыңдасаңыз, сізді 86-ның қаһарлы қысына ертіп әке­тіп, көңіл әлеміңізді әлем-жә­лем етеді. Жанарыңызға жас үйі­ріп, ұлтқа махаббатыңды әйгілеп тастайды. Сол жылғы желтоқ­сан­ның көп адамды тоңдырғаны рас, бірақ мына әннің тәні мұздап, жаны жадау тартқан көп адамды жылытқаны да шындық еді. Ән әсте адам баласының жа­нын жылыту үшін тумай ма?.. «Ән қанды қырғын болған үш күннің екінші күнінде жазылды. Ол кезде мен Жамбылда тұратын едім», – дейді автор ән туралы сұхбатында: «Сөзін Әбдірахман Асылбеков ағамыз жазды. Сосын Алматыға келіп, Қазақ радиосының студия­сында таспаға түсірдік. Бірақ ә дегеннен әуе толқынынан беріл­меді. Кейін «Азаттық» радиосы ар­қылы алғаш рет ел құлағына жет­ті. Қазір бұл ән эфирден жиі бе­рілмейді». Онысы жалған емес. Әлдебір деректі фильм кезінде болмаса, желтоқсан келген сайын теледидардан осынау сазды есті­мейміз. Есесіне, халық оны жатқа айтады. Бұл әнге жүрек түкпірінен әлдеқашан орын беріп қойған. Шумағы былай тұрсын, әр жо­лы­на зар тұнған тағы бір туынды – «Қара бауыр қас­қалдақ». «... Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап? Сазың қалды сәбидің, еңбегіндей былқылдап. Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт, Сиреп қалған тоғайға «қамықпа» деп көңіл айт. Ұя қалса иесіз, Айдын үшін сол қайғы, Қаңғып келген шүрегей, Елге пана болмайды» деген әй­гілі ән. Біздің тым сезімтал жұрт еке­німіздің айғағы ма, әлде сөзіне онша-мұнша мән бермедік пе, біраз жыл бұрын ел осы әнге жер­дің шаңын шығарып тұрып би­лейтін. Әннің ырғақты болуына қарап, тойдың әні деп ойлап қал­дық-ау шамасы. Есенғали Рау­ша­новтың сөзіне жазылған Ілесбек Амановтың әні желтоқсан оқиға­сынан кейін тұп-тура бір жылдан соң дүниеге келді. Бұл орайда Мархаба Сәбидің «Жүйе» деген әні еске түседі. Сөзі – Сәкен Мұсағалиевтікі. Еш астар­сыз, бұқпасыз шырқалған. Ән қайырмасы былай айтылады: – Өзгеру керек, өзгерту керек Ашылып аспан сейілсін түнек Қорықпау керек, қаймықпау керек Өмір біреу – ақ, шарықтау керек! Ән YouTube-те 2019 жылдың 5 маусымында жарияланғалы бері 112 мыңнан астам рет көрілген. 5,4 мың лайк, 61 дизлайк басылып, 800-ге жуық пікір жазылыпты. Пі­кір жазу­шы­лардың түгелге дерлігі Мархабаның батыл­ды­ғына, заман бейнесіне дер сәтінде үн қосқанына ризашылық танытқан. Әншінің өзі Arasha.kz сайтына берген сұхба­тын­да: «Бұл әнде мен үшін ең бас­ты мәселе өз көзқарасымды өнер арқылы білдіру болды. Жастар тарапынан ояну туралы серпіліс болып жатқанда бейжай қала алмадым. Халықтың реакциясы қа­лай болса да, өзімнің ғана көзқа­расымды білдірдім. Қалғаны маған беймәлім», – дейді. Ән әлеуметтік желілерде де кеңінен тарап, оны көптеген адам бөліскен. Жалпы, бізде саяси көңіл күйді бере алатын ән көп. Осыдан тура бес жыл бұрын Стамбұл шаһарына жол түсті. Түс әлетінде ашық тұр­ған қонақүй терезесінен таныс әуен естілді. Елеңдеп басымызды шығардық. Төменде тұрған жүк көлігінің кабинасынан өзіміздің «Көкжөтел» әні айғайлап тұр. Біз оны Ғалымжан Жолдасбайдың орындауында естіген едік. Ал мына ән «түрікше жөтеледі» екен. Сол кезде өз әнімізді бөтен жұрттың тілінде естіп, өзімізше мәртебеміз өсіп еді. Әттең, тіл білмейміз. Әйт­песе, әлгі әннің мазмұнына да қа­нық болушы едік деп ойлаған­быз. Кейін интернетті ақтарсақ, «Көкжөтелді» елдегі Ұлтшыл қоз­ғалыс пар­тиясы өз гимні ретінде пайдаланыпты. Біздің де Ататүрік еліне барған сәтіміз – 2015 жылдың сәуірі еді. Ал сол уақытта Түркияда парламент сайлауына дайындық қызып жатқан. Бұл сәйкестікті, әлбетте кейін аңғардық. Қазақ­стан­да да саяси жүйе сәт санап қы­зып келе жатыр ғой. Бәлкім, бірнеше жылдан соң бізде де пар­тиялар саяси әндер шығара бас­тайтын шығар, кім біледі? Ән де – көркем туынды. Тура прозалық, поэ­зиялық шығарма секілді. Дәп бір кино һәм спек­такль сияқты. Ал ары қарай бізде саяси ән­дер пайда болуы мүмкін бе? Ол үшін үлкен бір оқиға болуы қажет пе? Тәрізі, ондай жағ­даяттың бо­луы біз үшін керек пе? Қажет бол­са, біздің эс­трада өнерпаздары ке­сек шығарма жаза ала ма? Қа­бі­леті жете ме? Instagram-да лоторея ой­на­тудан алдына жан салмайтын әншілерден он­дай сапалы өнер өнімін күту орынды ма? Сауал көп. Жауапты уақыт берер...   Абай АЙМАҒАМБЕТ