Жуырда ЕАЭО елдерінің Үкімет басшылары қатысуымен Digital Almaty халықаралық форумы өткен болатын. Цифрландыру мәселесіне арналған шараға алыс-жақын шетелдерден 400-ге жуық адам қатысты. Форумда сөз сөйлеген Премьер-Министр А.Мамин Үкіметтің жұмысын цифрландыруға баса назар аударды. 2022 жылы мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру 80 пайыздық көрсеткішке жету керегін еске салды. – «Мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру не үшін керек?» деген сауалға, біріншіден, бұл азаматтардың да, мемлекеттік органдардың да уақытын үнемдейді. Екіншіден, жемқорлықтың алдын алуды қамтамасыз етеді. Үшіншіден, бюджет қаражатын үнемдеуге септігін тигізеді, – дейді сарапшылар. Түптеп келгенде, бұл – заман талабы екені анық. 2017 жылдың 12 желтоқсанында сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қаулысымен 2018-2022 жалдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 108 683 142 теңге қарастырылды. Мақсаты: «Ортамерзімді перспективада республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлы технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақмерзімді перспективада Қазақстанның экономикасын болашақтың цифрлы экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағдай жасау» делінген бағдарлама паспортында. Бізді қызықтырып отырғаны – мемлекеттік органдар жұмысы, яғни мемлекеттік қызмет көрсетудің цифрлануы. Себебі бүгінгі таңда ел азаматтарын қажытатын мәселенің бірі – қағазбастылық екені ешкімге жасырын емес. Аталған бағдарлама жоспары бойынша 2022 жылға қарай электронды түрде алынатын мемлекеттік қызметтердің үлесін 80%-ға жеткізу көзделген. Былайша айтқанда, бір мемлекеттік мекемеден екінші біреуіне қағаз тасып сандалу азаймақ. Бір ғана мысал, 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамасы алынып тасталды. Сол себепті азаматтардан бұл құжат талап етілмейді. «БҰҰ аясында есептелетін Ақпараттық технологиялық коммуникациялар (АКТ) дамуының негізгі әлемдік рейтингі – ICT Development Index-те Қазақстан 2016 жылы 175 мемлекеттің ішінен 52-орын алды. Бағдарламаны және өзге де стратегиялық бағыттарды іске асыру нәтижесінде еліміз рейтингте 2022 жылға қарай – 30-орынға, 2025 жылға қарай – 25-орынға, 2050 жылға қарай 15-орынға дейін көтеріледі» делінген бағдарламада. Бүгінгі таңда цифрландыру процесі әлемдегі барлық елде қарқынды жүріп жатыр. Әлбетте, әрбір ел цифрлы дамудың басымдықтарын өзі айқындайды. «Сингапур, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия, Қытай және Дания сынды мемлекеттер цифрландыру бойынша алдыңғы қатардан көрініп отыр» дейді сарапшылар. Қытай «Интернет плюс» атты бағдарлама арқылы цифрлы индустрияны қолға алса, Канада елдің ең ірі қаласы Торонтода Ақпараттық технологиялық коммуникациялар (АТК) хабын жасады. Ал Сингапур драйвері АТК болатын «ақылды экономиканы» қалыптастырады, Оңтүстік Корея «креативті экономика» бағдарламасында адами капиталды, кәсіпкерлікті дамытуға және АТК саласындағы жетістіктерді таратуға машықтанып жатса, Дания мемлекеттік секторды цифрландыруға баса назар аударуда. Соңғы енгізілген жаңалықтың бірі – телефонның SIM-картасына жазылған электронды цифрлы қолтаңба. Оның көмегімен ұялы телефон иесі, соның ішінде ескі үлгідегі телефон арқылы да мемлекеттік қызметті ала алады. Ол үшін қысқа нөмірге SMS-хабарлама жіберіп, оны SIM-картаға жазылған өз мобильді қолтаңбасы арқылы растайды. Қорыта келгенде, қоғамның қай саласын болса да цифрландыру – XXI ғасырда заман көшінен қалмауға ниетті мемлекеттерге артылып отырған миссия тәрізді. Қазақстан Үкіметі осындай заманауи миссияны дұрыс атқарып, ел азаматтарының «қағазсыз» Қазақстанда өмір сүруіне жағдай жасайды деп сенейік. Жолдас ӘДІЛХАНОВ