Сырдария сарқылса, фермерлер қайтпек?
Сырдария сарқылса, фермерлер қайтпек?
248
оқылды

Негізі, Сыр өлкесінде су тапшылығының байқалғанына 3-4 жылдың көлемі болды. Нақ егін науқаны басталар шақта Сырдарияның суы әп-сәтте сарқылып қалатыны жасырын емес. Жылда диқандардың ауызбіршілігі арқасында негізгі күріш алқабын кезектесіп суару әдісі қолданылып келеді. Бірақ суды қанып ішпеген дәнді дақылдан диқандар мардымды өнім алу қиын екенін айтады. Су тапшылығы биыл былтырғыдан да қатты сезіледі деген қауіп бар.

Қызылорда өңірі егін, мал ша­руа­­шылығымен айналысатын ай­мақ болғандықтан, суармалы жер­лерге сұраныс жоғары, аяқсу­ды көп қажет ететініміз белгілі. Оның үстіне, экологиялық қа­жет­тіліктер бар. Қыста арнасы­нан тасып жұрт­ты әбігерге сала­тын Сырдариядағы мол суды нақ керек маусымда, яғни егінге қа­жет кезде жеткізе алмай­мыз. Мә­селен, былтыр су тапшы­лығын сезінген диқандар биыл да күріш егістігінің көлемін тағы 5,1 мың гектарға азайтпақ. Себебі да­рияға құйылып жатқан су мөлшері аз. – Өткен жылы оңтүстік өңір­лер­де су тапшылығы  болды. 2020 жылы Шардара су қоймасына жо­ғарыдан 13,4 млрд текше метр су тү­сіп, төмен қарай ондағы 2 млрд текше метр су вегетация кезінде 13,4 есе су тасталған. Бұл келген су да, төменге тасталған су да – соңғы 10 жылдағы ең тө­менгі көрсеткіш. Жалпы, мемле­кетаралық су шаруа­шылығын үйлестіру комиссия­сының оты­рысында 2020 жылдың басында вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына 6,4 млрд текше метр су беріледі деп бол­жанған. Алайда осы кезеңде 3,1 млрд тек­ше метрі немесе 49 пайызы ғана түскен. Ең үлкен су қоймасы сана­латын Тоқтоғұл су қойма­сында 9,9 млрд текше метр су бар. Өткен жылдың осы кезеңінде 12,8 млрд текше метр болған. Биыл 2,9 млрд текше метрге аз. Қазір Шардарада –  4,26, Көксарайда 1,158 млрд тек­ше метр су бар. Жауын-шашын мөл­шерінің аз түсуіне байланысты биылғы вегетация кезеңінде Сыр­дария өзенінің сулылығы өткен жылмен салыстырғанда да төмен болатынын анық аңғару қиын емес. Сондықтан қажетті су мөл­шерін жинай алмай қаламыз ба деген күмән бар, – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспек­циясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

СУ АЗАЙМАСА, КӨБЕЙІП ЖАТҚАН ЖОҚ

Экология, геология және та­биғи ресурстар вице-министрі Серік Салауатұлы мен Су ресурс­тары комитетінің төрағасы Нұрлан Жанұзақұлы көктемгі дала жұмыс­тарына дайындықты пысықтау мақсатында Қызылор­да облысына іссапармен келді. Басты мақсат – ауыл шаруа­шылығы жұмыстарына су жеткізу жолдарын қарастырып, су арна­ларын өз көзімен көру. Өйткені Қызылорда аймағы ин­дустриал­ды-инновациялық ба­ғытқа бет бұрғанмен, негізгі кә­сібін, яғни ауыл шаруашылығы саласын ысырып қойған жоқ. Жомарт жер­дің несібесін береріне сенген шаруа қожалықтары күннің көзі жылт еткеннен дала жұмыс­тары­на кіріседі. Басты дақыл – кү­ріш. – Қызылорда  облысына бір маман бекітіледі. Дала жұмыс­тары басталған сәттен бастап айына екі рет келіп, бақылап, мәселелерді реттеуге атсалысады. Су көп болса да, аз болса да, қа­дірін білетін аймақ – осы Қызыл­орда. Жылда­ғыдан су мөлшері азаймаса, кө­бейіп жатқан жоқ. Көріп отырсыз­дар. Оның бірне­ше себебі бар, табиғи құбылыс, халық санының өсуі, экономика­ның алға жылжуы, шекаралық мәселелер, тағысын тағы. Мұ­най­дың баламасын табар­мыз, су­дың баламасын таба алмай­мыз. Істің бәрі қағаз бетінде қалып қоймасын! – деді Экология, гео­логия және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожания­зов. Су тапшылығына байланыс­ты былтыр облыс бойынша 7 100 гек­тар егіс алқабы қысқаруы тиіс еді. Алайда бұл талап шаруа­шылық­тар тарапынан жөнді орындалмады. Жер-ананың бер­ген несібесі болса керек, күйген егіс көлемі аса көп емес, егін бітік шықты. Бірақ жаз бойғы су тап­шылығы сала маман­дарын да, егін шаруашылығымен айналы­са­тын кәсіпкерлерді де әуреге сал­ғаны рас. Сырдария Бүгінде Шардара су қойма­сына жоғарыдан секундына 690 млн текше метр су түсуде. Қой­мадағы су көлемі 3,9 млрд текше метрді құрайды. Оның 250 текше метрі Көксарай су реттегішіне жиналуда. Бүгінде екі қоймада 4,8 млрд текше метр су жиналып тұр. Ал аудандарға тоқталсақ, Жаңақорғанда канал­дар­ды тазалау, Сырдарияда «Әйтек» су арнасын жөндеу, Қармақшы мен Қазалыда су тапшылығының се­зілуі, Аралда егістік болмағанмен, Қамбаш көлінің тартылуы сияқ­ты проблемалар бар. Айтпақшы, қазіргі қолданыстағы Су кодексі 2003 жылы қабылданған. Сон­дық­тан ахуалға байланысты ағым­дағы жылы осы заңның жаңа жобасы қаралып, келер жылы қабыл­данады. Вице-министр аудандар бо­йынша бірқатар проблемаға назар аударды. Жаңақорған ау­данында «Келінтөбе» каналына су көтеру үшін тоспа жасау қажет. Сырдария ауданында «Әйтектегі» жөндеуге байланысты суды ескі арнамен жіберуге мәжбүр. Ондағы дамбыны бекіту керек. Қармақ­шыдағы Алдашбай ахун елді меке­ніндегі 250 гектар күріш алқабына су жеткізу қиындығы тағы бар. Қазалы ауданында теміржол сала­сын­да жұмыс істеп келген адам­дардың басым бөлігі қысқартуға іліккендіктен, олар­дың бау-бақша, көкөніс егумен айналысуы үшін де дария суы қажет. Сондай-ақ осы ауданда ескірген қашыртқыларды жөндеу күн тәртібінде тұр. Ал Арал ауда­ны үшін Қамбашқа су жеткізу проблемасы өзектілігін жойған жоқ. Балық шаруашылығын дамыту басымдық алған тұста мұның бәрі өте маңызды сана­лады. «Проблема көп, бірлесіп шешу керек. Басқа өңірлерде де осындай жайттар бар» деген вице-министр күн тәртібінде тұрған су мәселесіне қатысты оңтайлы шешім табуына жұмыс істейтінін жеткізді.

СЫРДАРИЯНЫҢ САҒАСЫНДА КІМДЕР ОТЫР?

Сырдария – мемлекетаралық, трансшекаралық өзен. Оның тө­менгі ағысы Тәжікстандағы Қай­раққұм су қоймасында 3,8 млрд тек­ше метр су жиналып, қыс мезгілінде 708 млн текше метр, жаз айларында 250-300 млн тек­ше метр су жіберіледі. Өзбекстан­ның келесі ірі су қоймасы – Әндіжан, оның сыйымдылығы – 1,75 млрд текше метр, қыста 7-10 млн, ал жазда 100-130 млн тек­ше метр су жіберіледі. Сон­дай-ақ Шарбақ су қоймасынан қыста 150 млн, жаз айларында 100-120 млн су босатылады. Қазақстан­дағы екі облысты қамтамасыз ететін ірі Шардара су қоймасының сыйымдылығы – 5,7 млрд текше метр. Көксарай су реттегіші 1,5-1,7 млрд текше метр көлемде су жи­науда. Көксарайдың атқаратын қыз­меті жаз айларында Қызылор­даның егінін қосымша сумен қамтама­сыз ету еді. Бірақ Көксарай екі облыс аралығында орналасуына байланысты, Түркістан облысы да осы суды көкөніс-бақша шаруа­­шылығын дамыту, суарма­лы егін көлемін арттыру мақса­ты­нда пай­даланып отыр. Сон­дық­тан егін науқанында дария суы шамадан тыс тартылып, өзен табаны көрініп қалады. Соңғы мәліметтерге сүйен­сек, биыл Қытаймен су мәселе­сіне қатысты бірлескен комис­сияның жоспарланған отырысы өтпек. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның вице-ми­нистрі Серік Қожаниязов мәлім­деген еді. «Ғалымдардың болжамы бо­йынша, Қазақстанда 2040 жыл­дар­ға қарай су тапшылығы 50 пайызға жетуі мүмкін. Еліміздегі су ресурс­тарының жартысына жуы­ғы өзге мемлекеттердің аума­ғында қалып­тасатынын ескере отырып, көр­шілес мемлекет­термен әріптестікке ерекше көңіл бөлу қажет. Өткен жылы Қытайдан басқа көршілес елдер арасында су мәселесіне қатысты бірлескен комиссия­лары­ның жоспарланған отырыстары түгел өтті. Пандемияға байланысты Қытай тарапы комиссия отырысын 2021 жылы бірінші тоқсанда өткі­зуді сұрады», – деді С.Қожаниязов. Оның айтуынша, вегетация­лық маусымда судың тапшы­лығын шешу мақсатында қырғыз тара­пымен электр энергиясын алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жет­кізілді. Нәтижесінде, Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн текше метр суармалы суды қо­сымша өткізу қамтамасыз етілді. Осы тәртіп бойынша Тәжікстан аумағынан жіберілетін су да қалыпты деңгейге жеткен.

ҒАЛЫМДАР ҰСЫНЫСЫН АГРАРЛАР ҚҰПТАЙ МА?

Былтыр дария суының азды­ғы­нан кей шаруа қожалықтары сусор­ғы құрылғыларды іске қосса, енді бірі қашыртқы суды қайтадан егіске пайдаланды. Диқандар жоқтан бар жасап, егінді күнге күйдіріп алмауға тырысып бақты. Осы жазда су тапшылығы тағы байқалатыны айтылды. Сол себепті егіс көлемін азайту секілді бірқатар шектеу талабы енгізіліп, Сыр салысын егуді біршама гектарға азайту ұсынылды. Сондықтан күріш алқабында су ресурстарын рационалды пайдалануды қамта­масыз ету үшін атыздарға су беру, қашыртқылау және үнемі есепке алуды құрал-жабдықтармен қамта­масыз ету жұмыстары қолға алы­нып келеді. Ы.Жақаев атындағы Қазақ кү­ріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары су ресурстарын үнемдеу мақса­тында, суды аз талап ететін, веге­тациялық қысқа кезеңдегі күріш сорттарын шығарып, өндіріске енгізумен қатар, ауыспалы егіс жүйесінде күріштің үлесін азай­тып, әртарап­тандыру дақыл­дарын орналастыру жөнінде ұсы­ныс жасауда. Институт ға­лым­дары күрішті суару кезеңінде қажетті су реттегіш құрылғы­ларын жасап, оны Сырдария ауданының «Шаған-Жер» және Жалағаш ауданының «Ер-Әлі» шаруа­шылықтарының күріш атыздарына орнатып, сынақтан өткізді. Бұл автоматтандырылған құрылғылар күріш атыздарына су беруді, есепке алуды және қа­шыртқылауды тәулік бойы қам­тамасыз етеді. Осылайша, су тағдырына және оның ықпалы­нан болатын егін шаруашылы­ғына қатысты ғылым мен аграр­лар арасындағы үйлесім ерекше мәнге ие болып отыр. Өйткені судың, яғни Сырдария өзенінің тағдыры – Сыр елінің тағдыры.

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы