Танымал әнші Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойында домбыра аукционға қойылып, 15 миллион теңгеге сатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Саудаға белгілі өнер адамдары қатысып, ұлттық аспап үшін қомақты қаржы ұсынды.
Мейрамханада өткен мерейтойлық кеш барысында ұйымдастырылған аукцион қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған. Домбыраны сатып алуға ниет білдіргендердің арасында әнші Тоқтар Серіков, ақын Ақберен Елгезек және Заттыбек Көпбосынұлы болған.
Аукцион кезінде Ақберен Елгезек домбыраға 3 миллион теңге ұсынған. Ал Тоқтар Серіков бағаны 10 миллион теңгеге дейін көтерген. Дегенмен сауда мұнымен аяқталмаған. Әнші Заттыбек Көпбосынұлы 15 миллион теңге ұсынып, аукцион жеңімпазы атанды.
Осылайша Мейрамбек Беспаевтың мерейтойында саудаға қойылған домбыра 15 миллион теңгеге бағаланды. Кешті жүргізген асабаның сөзінше, домбырада қонаққа келген белгілі тұлғалардың қолы қойылған және сол үшін де оның бағасы қымбат. Ұлттық аспапты сатып алу үшін өнер адамдарының өзара бәсекеге түсуі тойдың есте қаларлық сәттерінің біріне айналды.
