Шенділер жерді бөліп алса, төрт түлікті қайда жаямыз?
Шенділер жерді бөліп алса, төрт түлікті қайда жаямыз?
164
оқылды

«Жер дауы – ел дауы» дейді. Шынында, бүгінде жерге қатысты күрмеуі қиын түйткіл көп. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп, шаруалар мал жаятын жайылым таппай зар жылауда. Күні кеше Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылының тұрғындары бас көтеріп, жайылымға қатысты жанайқайын жеткізді.

Мал жаятын жайылым жоқ

Жалпы, Тереңөзек ауылдық округі аумағындағы жайылымдық жер көлемі 42 233 гектарды құ­­рай­ды. Мал бағуға арналған осын­дай ау­қымды аумақ бола тұра жергілікті тұрғындар мал жаятын жайылым таппай отыр. – Ауылда жайылым мәселесі былтырдан бері көтеріліп келеді. Алайда әлі күнге шешімін таппады. Заң бойынша ауыл маңындағы 5 шақырым жерге дейін егістік бол­мауы тиіс. Бірақ бұл талап сақтал­­майды. Ауылда шабындық та қа­­­растырылмаған. Жайылымдық жер­­­­дің барлығы шаруа қожа­лық­тарға өтіп кеткен,– дейді ауыл тұр­­­­­­­ғыны Қаныш Тышқанов. Ал Алпыс Дүрменов есімді тұрғын ауылдықтарға үлестіріліп берілген жерді қайта қарау қажет екенін айтады. Себебі мұндағы жер иелерінің бірқатары қайтыс болса, арасында ауылдан көшіп кеткендер де аз емес екен. – Жер ауыл тұрғындарына дұ­рыс үлестіріліп берілмегендіктен, жайылым таппай отырмыз. Ал ауыл­ға берілуі керек жер сырттан келгендерге жалға беріліп кеткен. Олар мал айдап өтетін аумақ қал­дырмай, айналасын қоршап алған. Мұндай жағдайда үйдегі малды қайда жаямыз? – дейді ашын­ған тұрғын. Жалпы, тереңөзектіктердің жанайқайы осы аптада жергілікті билікке жетті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ халықпен кездесіп, бас көтерген бұқараны басқандай болды. Ал Т.Рысқұлов ау­­данының әкімі Ерболат Садыр­құлов туындаған түйткілді түсін­діруге тырысты. – Заң бойынша мал жайылымы әрбір ірі қараға 3 гектардан, ал әр ұсақ малға 1,5 гектардан белгіленуі тиіс. Алайда талап сақталмай отыр. Малды бірдейлендіру базасында 46 шаруа қожалықтың төрт түлігі тір­келмегені анықталды. Ауылдағы шаруа қожалықтарда 42 056 гектар жайылым болса, осы қожалық­тар­дың еншісінде 781 мүйізді ірі қара, 20 988 ұсақ мал және 635 жылқы бар. Яғни, мұндай көлемдегі мал­дың жайылуы үшін 29 437 гектар жайы­лым қажет. Ауыл маңындағы жерге сыймаған малды сырттағы 12 622 гектар жайылымға шығару қа­жет, – дейді аудан әкімі Е.Са­дырқұлов. Расында, Тереңөзектегі көп­теген отбасы қораларында он шақ­ты ірі қара, ұсақ мал мен жылқы ұстайды екен. Кейбіреулерінде тіпті жүз басқа дейін малы бар. Үш мың­нан астам адам тұратын ауыл­дық округте 85 шаруа қожалығы тір­келген. Бұл, әрине жан жады­ра­татын көрсеткіш. Себебі ала­қандай ауыл түгілі кейбір ау­дандар мұндай жетістікке жете алмай отыр­ғанда мал шаруа­шы­лығын дамытқан тереңөзек­тіктерді ба­­рынша қолдау керек. Қара халық әкімдіктен мал азығы немесе қора-жай сұрап жат­қан жоқ. Сайын да­ладан мал жая­тын жер бөліп бе­руін өтінуде. Бұған енді жергілікті билік қиналса, басқасын айтып қайтеміз...

«Қой терісін» жамылған қасқыр көп

Әрине, жергілікті билік жайы­лымдық жердің жоқтығына бай­ланысты түрлі себепті алға тартуы мүмкін. Малшы жалдап, төрт тү­лігін таулы аймақта жайсын дей­тіндер де табылар. Алайда кең-байтақ елі­мізде жайылымдық жер жетіспейді деу еріксіз езу тарт­қызады. Одан бөлек, ауыл маңын­дағы жердің дені өзгелердің иелі­гіне өтіп кетуінің де өзіндік себебі бар секілді. Олай дейтініміз – Сы­­­­­байлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл об­­­­лысы бойынша депар­таменті жуыр­да бірқатар қулық – сұмдық­тың бетін ашты. Тарқатып айтсақ, департаментпен Тараз қа­ласы мен аудан әкімдіктерінің жер қаты­настары бөлімдері және авто­мат­тандырылған ақпараттық жүйесі мемлекеттік жер кадастр деректер базасы мәліметтері негі­зінде «Аза­маттарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорация қыз­мет­кер­лері және олардың жақын туыс­тарының аттарында қандай жер учаскелерінің тір­келгенін анықтау мақсатында тексеріс жүргізілген. Зерделеу бары­сында корпорация қыз­мет­керлері мен олардың отбасы мү­шелері иелігінде үлкен көлемде жер учас­келері тіркелгені анық­талып отыр. Мәселен, «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік кор­по­рация­­сының Жер кадастры бас­қарма басшысының орын­басары Т.-ның атында Байзақ ауданында орна­ласқан 95,74 гектар ауыл шаруа­­­шылығы мақсатына арналған жер учаскесі тіркеліп тұр. Жер кадастры басқармасының бас са­рапшы-жерге орналастырушы Д.-ның иелігінде 1830,124 гектар ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскесі бар. Оның 1 744 гек­тары Т.Рысқұлов ауда­нында болса, Жамбыл ауда­нында 86,124 гектар жер орналасқан. Басқар­маның тағы бас сарапшы-жерге орналас­тыру­шысы Ж. есімді азамат ауыл шаруа­шылығы мақ­сатындағы 305 гектар жерді өз аты­на жаздырып алған. Оның 136 гек­тары Жуалы ау­да­нында болса, Т.Рысқұлов ау­данында 169 гектары тіркеліп тұр. Жер кадастры басқармасының жетекші сарапшы-жерге орна­ластырушысы Г.-ның Жамбыл ау­данында 178 гектар жер иелігінде екен. Тараз қалалық жер кадастры және тіркеу бөлімінің мамандары да жер алудан қымсынбаған. Қа­лалық бөлімнің жерге орна­­лас­тырушы-бас маманы А. есімді азамат отбасы мүшелерінің атына 62,2 сотық жерді жазған. Соның ішінде қарындасы мен әйеліне Тараз қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 24 мамырдағы №1110 және №1112 қаулыларымен 15,3 сотық жер учаскесі берілген. Бұдан бөлек, Тараз қалалық жер кадастры және тіркеу бөлімінің жерге орналастырушы-бас маманы Н.-ның отбасы мүшелеріне 1,284 гек­­­­­­тар жер учаскесі үлес­ті­рілген. Қалалық жер кадастры және тіркеу бөлімінің жерге ор­налас­­­тырушы тағы бір бас ма­маны М.-ның туысқандарына Тараз қала­сында 80,52 сотық және Байзақ ау­даны Қызыл жұлдыз ауылдық ок­­ругінде 20 сотық жер жазылған. Жалпы, тізе берсең, Байзақ, Талас, Шу және Жуалы сияқты аудан­дардағы жерге жауапты маман­дардың өзіне немесе туысының атына жаздырып қойған жерлер артып жығылады. Ал Жамбыл ауда­­­нындағы Жамбыл және Өрнек ауылдық округінде орналасқан 420 гектар ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерді жер комис­сия­сының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары өзінің Ш. есімді әйе­ліне алып берген. Одан бөлек, аудан әкімінің орынбасары анасы, әйелі және аға-інілеріне 1366,5 гектар ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жерлерді алуға қолдау көрсеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент мамандары өздері жа­­залаушы мекеме бол­­ма­ған­­дық­­­тан, шенділердің толық аты-жөн­дерін көр­сете алмайтынын ай­тады. Алай­­да басшылар жерді өзара бөліп ала­­тын болса, қара­пайым халыққа жайы­­­лымдық жер қайдан та­был­сын? P.S.

Жалпы, Жамбыл облысында жерге қатысты түйткіл былтырғы жылдан бері көтеріліп келеді. Өт­кен жылы Жерді пайдалану және қор­ғалуын бақылау бас­­қар­ма­­­­­сының басшысы Әбілқайыр Та­мабек иге­русіз жатқан ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлерді аудан әкім­дерінің өздері жасыра­тынын айтып, бірқатар былықтың бетін ашқан. Осыдан кейін әкімдер «жаздым, жаңылдымға» салып, ол­қылықтың орнын толтыратынын айтқан. Бәлкім енді жерге жауапты меке­мелердің өзін тексеруге кезек келген шығар. Әйтпесе, қорада «қой те­рісін» жамылып жүрген қас­қырлар да аз емес секілді...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы