«Жер дауы – ел дауы» дейді. Шынында, бүгінде жерге қатысты күрмеуі қиын түйткіл көп. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп, шаруалар мал жаятын жайылым таппай зар жылауда. Күні кеше Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылының тұрғындары бас көтеріп, жайылымға қатысты жанайқайын жеткізді.
Мал жаятын жайылым жоқ
Жалпы, Тереңөзек ауылдық округі аумағындағы жайылымдық жер көлемі 42 233 гектарды құрайды. Мал бағуға арналған осындай ауқымды аумақ бола тұра жергілікті тұрғындар мал жаятын жайылым таппай отыр. – Ауылда жайылым мәселесі былтырдан бері көтеріліп келеді. Алайда әлі күнге шешімін таппады. Заң бойынша ауыл маңындағы 5 шақырым жерге дейін егістік болмауы тиіс. Бірақ бұл талап сақталмайды. Ауылда шабындық та қарастырылмаған. Жайылымдық жердің барлығы шаруа қожалықтарға өтіп кеткен,– дейді ауыл тұрғыны Қаныш Тышқанов. Ал Алпыс Дүрменов есімді тұрғын ауылдықтарға үлестіріліп берілген жерді қайта қарау қажет екенін айтады. Себебі мұндағы жер иелерінің бірқатары қайтыс болса, арасында ауылдан көшіп кеткендер де аз емес екен. – Жер ауыл тұрғындарына дұрыс үлестіріліп берілмегендіктен, жайылым таппай отырмыз. Ал ауылға берілуі керек жер сырттан келгендерге жалға беріліп кеткен. Олар мал айдап өтетін аумақ қалдырмай, айналасын қоршап алған. Мұндай жағдайда үйдегі малды қайда жаямыз? – дейді ашынған тұрғын. Жалпы, тереңөзектіктердің жанайқайы осы аптада жергілікті билікке жетті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ халықпен кездесіп, бас көтерген бұқараны басқандай болды. Ал Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов туындаған түйткілді түсіндіруге тырысты. – Заң бойынша мал жайылымы әрбір ірі қараға 3 гектардан, ал әр ұсақ малға 1,5 гектардан белгіленуі тиіс. Алайда талап сақталмай отыр. Малды бірдейлендіру базасында 46 шаруа қожалықтың төрт түлігі тіркелмегені анықталды. Ауылдағы шаруа қожалықтарда 42 056 гектар жайылым болса, осы қожалықтардың еншісінде 781 мүйізді ірі қара, 20 988 ұсақ мал және 635 жылқы бар. Яғни, мұндай көлемдегі малдың жайылуы үшін 29 437 гектар жайылым қажет. Ауыл маңындағы жерге сыймаған малды сырттағы 12 622 гектар жайылымға шығару қажет, – дейді аудан әкімі Е.Садырқұлов. Расында, Тереңөзектегі көптеген отбасы қораларында он шақты ірі қара, ұсақ мал мен жылқы ұстайды екен. Кейбіреулерінде тіпті жүз басқа дейін малы бар. Үш мыңнан астам адам тұратын ауылдық округте 85 шаруа қожалығы тіркелген. Бұл, әрине жан жадырататын көрсеткіш. Себебі алақандай ауыл түгілі кейбір аудандар мұндай жетістікке жете алмай отырғанда мал шаруашылығын дамытқан тереңөзектіктерді барынша қолдау керек. Қара халық әкімдіктен мал азығы немесе қора-жай сұрап жатқан жоқ. Сайын даладан мал жаятын жер бөліп беруін өтінуде. Бұған енді жергілікті билік қиналса, басқасын айтып қайтеміз...«Қой терісін» жамылған қасқыр көп
Әрине, жергілікті билік жайылымдық жердің жоқтығына байланысты түрлі себепті алға тартуы мүмкін. Малшы жалдап, төрт түлігін таулы аймақта жайсын дейтіндер де табылар. Алайда кең-байтақ елімізде жайылымдық жер жетіспейді деу еріксіз езу тартқызады. Одан бөлек, ауыл маңындағы жердің дені өзгелердің иелігіне өтіп кетуінің де өзіндік себебі бар секілді. Олай дейтініміз – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жуырда бірқатар қулық – сұмдықтың бетін ашты. Тарқатып айтсақ, департаментпен Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жер қатынастары бөлімдері және автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мемлекеттік жер кадастр деректер базасы мәліметтері негізінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация қызметкерлері және олардың жақын туыстарының аттарында қандай жер учаскелерінің тіркелгенін анықтау мақсатында тексеріс жүргізілген. Зерделеу барысында корпорация қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері иелігінде үлкен көлемде жер учаскелері тіркелгені анықталып отыр. Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жер кадастры басқарма басшысының орынбасары Т.-ның атында Байзақ ауданында орналасқан 95,74 гектар ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскесі тіркеліп тұр. Жер кадастры басқармасының бас сарапшы-жерге орналастырушы Д.-ның иелігінде 1830,124 гектар ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскесі бар. Оның 1 744 гектары Т.Рысқұлов ауданында болса, Жамбыл ауданында 86,124 гектар жер орналасқан. Басқарманың тағы бас сарапшы-жерге орналастырушысы Ж. есімді азамат ауыл шаруашылығы мақсатындағы 305 гектар жерді өз атына жаздырып алған. Оның 136 гектары Жуалы ауданында болса, Т.Рысқұлов ауданында 169 гектары тіркеліп тұр. Жер кадастры басқармасының жетекші сарапшы-жерге орналастырушысы Г.-ның Жамбыл ауданында 178 гектар жер иелігінде екен. Тараз қалалық жер кадастры және тіркеу бөлімінің мамандары да жер алудан қымсынбаған. Қалалық бөлімнің жерге орналастырушы-бас маманы А. есімді азамат отбасы мүшелерінің атына 62,2 сотық жерді жазған. Соның ішінде қарындасы мен әйеліне Тараз қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 24 мамырдағы №1110 және №1112 қаулыларымен 15,3 сотық жер учаскесі берілген. Бұдан бөлек, Тараз қалалық жер кадастры және тіркеу бөлімінің жерге орналастырушы-бас маманы Н.-ның отбасы мүшелеріне 1,284 гектар жер учаскесі үлестірілген. Қалалық жер кадастры және тіркеу бөлімінің жерге орналастырушы тағы бір бас маманы М.-ның туысқандарына Тараз қаласында 80,52 сотық және Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылдық округінде 20 сотық жер жазылған. Жалпы, тізе берсең, Байзақ, Талас, Шу және Жуалы сияқты аудандардағы жерге жауапты мамандардың өзіне немесе туысының атына жаздырып қойған жерлер артып жығылады. Ал Жамбыл ауданындағы Жамбыл және Өрнек ауылдық округінде орналасқан 420 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жер комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары өзінің Ш. есімді әйеліне алып берген. Одан бөлек, аудан әкімінің орынбасары анасы, әйелі және аға-інілеріне 1366,5 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алуға қолдау көрсеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент мамандары өздері жазалаушы мекеме болмағандықтан, шенділердің толық аты-жөндерін көрсете алмайтынын айтады. Алайда басшылар жерді өзара бөліп алатын болса, қарапайым халыққа жайылымдық жер қайдан табылсын? P.S.Жалпы, Жамбыл облысында жерге қатысты түйткіл былтырғы жылдан бері көтеріліп келеді. Өткен жылы Жерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілқайыр Тамабек игерусіз жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аудан әкімдерінің өздері жасыратынын айтып, бірқатар былықтың бетін ашқан. Осыдан кейін әкімдер «жаздым, жаңылдымға» салып, олқылықтың орнын толтыратынын айтқан. Бәлкім енді жерге жауапты мекемелердің өзін тексеруге кезек келген шығар. Әйтпесе, қорада «қой терісін» жамылып жүрген қасқырлар да аз емес секілді...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы