Шекара – татулық межесі
Шекара – татулық межесі
298
оқылды

Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы күресіп өткен, ал бүгінгі бақытты ұрпағы қол жеткізген Тәуелсіздігіміздің баянды болмағы көп нәрсеге байланысты. Соның бірі де бірегейі – мемлекеттік шекара. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік шекараны шегендеп алудың маңызы бұрынғыдан да арта түскені белгілі. Өйткені дербестігін жариялаған бұрынғы әрбір одақтас мемлекет үшін бұл күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселелердің бірі еді. Солардың ішінде шекарасы ең ұзын және көршілері көп ел біздің мемлекет болатын. Осы қысылтаяң өлара шақта Қазақстанның шекара дауына да, ұлтараздық жанжалға да ұрынбай аман өткені – Елбасының сарабдал саясатының арқасы. Енді бүгінде көршілерімізбен шекара мәселесінде ешқандай дау-дамай жоқ. Солардың бірі – әлемдегі ең ұзын 7,5 мың шақырымдық Ресей Федерациясымен арадағы шекара.  Бейбітсүйгіш халқымыз үшін  бұл – теңдессіз жетістік.

Шек бар,  шәк жоқ

Тәуелсіз елдің ең басты атрибуты – заңды түрде мойындалған өз аумағының болуы. Ал ол аумақтың шегі болса да, оған ешкімнің шәгі болмауы тиіс. Тарих тәмсілі үйреткен ең бірінші талап осы болса керек. Ендеше тәуелсіздік таңында-ақ ежелден іргелес жатқан елдермен мемлекеттік шекараларымызды заңды түрде және халықаралық құжаттар негізінде бекітіп алғанымыз – ерекше жетістік екені ақиқат. Бұл – Қазақстан дипломатиясының аса үлкен жеңісі. Өйткені шекаралас елдердің арасында жер үшін қарулы қақтығыстар, қанды шайқастар болғаны тарихтан да, бүгінгі күннің сабағынан де белгілі. Осыны әуел бастан ескерген Елбасымыз 1992 жылы Қазақ­стан БҰҰ-ға мүше болғаннан кейін Бас Ассамблеяның 47-сессиясында сөйлеген сөзінде қалыптасқан шекараларды қайта қарауға шақырудың зардаптары зор болуы ықтималдығын айтқан еді. «Шекаралар жөніндегі мәселе – кез келген сәтте жарылуы мүмкін оқ-дәрі қоймасы сияқты екенін түсіну қиын емес. Ал оның жалыны әдетте отпен ойнаушыны ғана емес, оған мүлде қатысы жоқтарды да шарпиды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның халықаралық деңгейде мойындалған, көршілерінің көз алартпайтын шекараға ие болуы тәуелсіздік жылдарында қол жеткен басты жетістіктеріміздің бірі екені сөзсіз. Бұл ретте Қазақстан халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәмілегерлігіне, көрегендігіне, теңдессіз зор еңбегіне ерекше риза. Ресей мен Қытай сияқ­­ты алып державалардың ортасында орналасқан, әртүрлі ұлт мекендеген Қазақ­­­стан бүгінде әлемге өзінің ауызбіршілігі­­мен, тұрақтылығымен, ынтымағымен үлгі болып отыр. Сондықтан да төрткүл дүние­нің қақ ортасында Еуразияның жүрегіне айналған қазақ елінің шекарасын – татулық шекарасы деуге болады. Оны елімізге Әлем діндері съезіне жиналған белді мемлекеттердің өкілдері де «Тәуелсіздік алғанына аз-ақ уақыт болған Қазақстан тарихқа тәлімі мол мемлекетке айналып отыр» деп мойындап, жоғары баға беріп кеткен болатын. Барлық көршілерімiзбен мемлекеттік шекара мәселесін түпкілiкті шешкеніміз – Елбасы жүргізіп отырған  сын­­дарлы саясаттың жемісі. Соның ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы аумақ шектерінің халықаралық-құқықтық ресімделуі – заманалық маңызы бар тарихи оқиға.

Ең ұзын шекара

Қазақстан Республикасының шекарасының жалпы ұзындығы – 14 мың шақырымға жуық. Аумағы бес мемлекетпен шек­тесетін еліміздің Қытай (шекара ұзындығы шамамен – 1 783 шақырым), Қырғыз­стан (1 257 шақырым), Өзбекстан (2 351 шақырым), Түрікменстан (458,3 шақырым), Ресей (7 548 шақырым) мемлекеттерімен шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеуде байыпты саясат ұстанғаны, территориясын нақтылап алуға аса жоғары деңгейде стратегиялық маңыз бергені талас тудырмайды. Осылайша, егемендіктің бастапқы кезеңінен-ақ көпвекторлы сырт­қы саясатының нәтижесінде алыс-жақын шет мемлекеттермен тең әріптестік қарым-қатынас қалыптастыра алдық. Осы ретте ең ұзын шекара сызығы да шешімін тапты. Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау үдерісінің ұзаққа созылатыны және көп уақыт алатыны әу бастан-ақ белгілі болатын. Өйткені ол дүниежүзіндегі құрлықтағы ең ұзын шекара еді. Әрі шегендеу жұмыстары халықаралық-құқықтық тәжірибеде бұған дейін болмаған жағдай еді. Қос көрші шекара мәселесін айқындау­ды 1998 жылғы 12 қазанда бастады. Осы күні екі ел президенттері Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы хаттамаға қол қойды. Ал­­­матыда қабылданған аталған шешімге сәйкес, алдымен қажетті шараларды жүзеге асыру үшін Үкімет деңгейінде делегация­лар құрылуы тиіс болды. Бір жылға созылған жасақтау және дайындық жұмыстарынан соң аталған делегациялар 1999 жыл­­­­дың соңына қарай келіссөздерге кі­ріс­­ті. Алдын ала уағдаластыққа сәйкес Қазақстан–Ресей шекарасының өту сызығын айқындау және оны картаға түсіру батыстан – Волга өзенінің төменгі ағысынан басталып, 2005 жылғы қаңтарда шығыста – Алтай тауының Оңтүстік Алтай жотасында аяқталды. Шекараны делимитациялаудың бастапқы құқықтық негізі – бұрынғы одақ­­тас республикалар мен КСРО-ның заңна­­ма­лық актілері және тиісті картография­­­лық материалдар болды. Осы жылы 18 қаңтарда Мәскеуде мемлекет басшылары Қазақ­стан –Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы шартқа қол қойды. Осы оқиғаға байланыс­ты өткен баспасөз мәслихатында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бәріміз маңызды тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қа­­­зақстан–Ресей шекарасын делимитациялау туралы шартқа қол қойыл­ды. Тарихи болып саналатыны – біз бірінші рет шекараны шарттық тәртіппен белгіледік» деп ерекше қуанышпен атап өткен болатын. Осылайша, Алматыда басталған тари­хи оқиға Мәскеу қаласында саяси тиянағын тапты. Ал 2005 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан мен Ресей бір мезгілде Шарт­­­­­ты ратификациялау туралы заң қабылдады. 2006 жылғы 12 қаңтарда РФ Пре­­­зиденті Владимир Путиннің Қазақстан Республикасына сапары барысында ратификациялық грамоталармен алмасу рәсімі өтіп, осы тарихи құжат қолданысқа енгізілді.

Мөрленген межелер, шегенделген шақырымдар

Бүгінде тарихи естелікке айналған 5 жарым жылға созылған делимитация шараларының қаншама кездесу мен келіссөзден тұрғаны аян. Мұның барлығы айтуға жеңіл болғанымен, бұл жұмыстарды атқару оңай болған жоқ. Бәрінің сәтті жүзеге асуында Елбасымыздың сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Күрделі мәселелердің оңтайлы шешілуінде Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қоғамдастық алдындағы асқақ беделі мен еліміздің жүйе­лі түрде жүргізіп отырған көпвекторлы сыртқы саясатының ықпалы шешуші рөл атқарды. Келіссөздер Астанада, Мәскеу мен Ал­­маты қалаларында ғана емес, шекаралас аумақтарда да өтті. Қазақстанның шекарадағы жеті облысының орталықтарында, сондай-ақ Семей қаласында, Ресейдің шекаралық өңірлеріндегі тоғыз қаласында, сонымен қатар Санкт-Петерборда өткен жиындар жергілікті мәселені сол жерде қарастырып, саяси-экономикалық, заңдық, географиялық, тарихи-мәдени, ұлттық және басқа да қырынан нақты талдау жасауға жағдай жасады. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі үкіметтік комиссияның құрамына мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктердің өкілдерін кіргізе отырып, тиісті үкіметтік делегацияларды жасақтады. Сарапшы ретінде әртүрлі мекеменің мамандары тартылды. Геодезистер, картографтар, жерге орналастыру­­шылар мен гидрологтерден жұмыс топтары құрылды. Сондай-ақ Орталық мемлекеттік мұрағаттағы, министр­ліктер мен ведомстволардағы, арнайы мекемелердегі құ­қық­тық база мен онда бар материалдар түп­­кілікті зерттеліп, әрбір мемлекетпен келіссөздер жүргізудің қағидаттары мен әдістемесі жасалды. Делегацияның мү­шелері, сонымен қатар жұмыс топтарының өкілдері қажет кезде жергілікті тұрғындармен, қоғам өкілдерімен және басшылармен кездесіп отырды. Қажет болған жағ­дайда жергілікті жерлерге далалық сапарлар ұйым­­дастырылып, шекара белдеуін әуеден және ғарыштан суретке түсіру және басқа да іс-шаралар жүзеге асырылды.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ