Көкшетаудың жартысы газсыз отыр

Көкшетаудың жартысы газсыз отыр

Газ... Кәдімгі көгілдір отын. Бір қарағанда бүгінгі заманда әркімнің үйінде болуы тиіс қарапайым тұрмыстық қа­жеттіліктің бірі ғана. Дегенмен көкшетаулықтардың көп­ші­лігі бұл ырыздыққа күні бүгінге дейін қол жеткізе алмай ке­­леді. Тоғызыншы қабатқа дейін белі бүкірейген қарт аналар мен  қариялардың, тіпті мүмкіндігі шек­теулі жандардың газ баллонын тырмыса көтеріп бара жат­қанын талай көресің. Көресің де, іштей кіжініп, пәтеріне дейін көтеріп, жеткізіп бергеннен басқа амалың қалмайды. Басқаға мүмкіндігің де, шараң да жоқ...

Көкшетау – 1999 жылдан бері бейресми «астаналық облыс» деген мәртебесі бар Ақмола облысының әкімшілік орталығы. Дегенмен бұл «астаналық» облыс орталығы – Көкшетауда орталықтандырылған газ тарату мәселесі әлі күнге шешілмей келеді. Өйткені дәл қазір жер үйлерді қоспағанның өзінде көпқабатты «жайлы үйлердің» де жартысынан астамы газ баллонын қолданады. Яғни, олардың газ тарататын қондыр­ғылар арқылы берілетін көгілдір отынды қолдану мүмкіндігі жоқ. Ал көпқабатты үйлерде газ баллон пайдалану ең алдымен аса қауіпті екенін ескерсек, мұның арты жақсылыққа апармайтыны айтпаса да түсінікті. Өйткені осы уақытқа дейін еліміздің әр түкпірінде оқтын-оқтын газдан уланып, жарақаттанып, тіпті көз жұмып жатқандар бар­шылық. Күні кеше ғана... Былтырғы 20 желтоқсанда Көкше­таудың өзінде Васильков шағын­ауданында тұрғын үйде газ жарылып, екі бірдей отбасының сегіз бірдей мүшесі, оның ішінде алты бала ауыр жараланып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Үй иесі даладан жаңа кіргізген 5 литрлік газ бал­лонын дұрыс қолданбаудың салдарынан жарылған. Көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатынан шыққан жарылыс қатты болған. Салдарынан 7, 14 және 16 жастағы үш бірдей бала аса ауыр жағдайда термиялық күйікпен жансақтау бөліміне түскен. «Біршама уақыт өмір үшін күрес­кенімен, балалардың екеуі жансақтау бөлімінде көз жұмды. Түрлі деңгейде жарақат алған қалған төрт бала жа­қында ғана ауруханадан шықты. Әлі де болса, дәрігерлердің берген нұсқау­ларына сәйкес емделіп жатыр», – дейді Ақмола облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жанар Әубәкірова. Иә, мұның бәрі де айналып келгенде облыс орталығының өзінде газ таратудың жүйеге қойылмағанының айқын көрінісі. Өмірге енді ғана қадам басқан бейкүнә балалар өмірдің ащы-тұщысының дәмін татпастан-ақ о дүниеге аттанып кете барды. Қабыр­ғаңды қайыстырып кетеді. Бірақ тағдырға амал бар ма?!

Газ қондырғыларының жартысы жұмыс істемейді

Енді нақты деректерді сөйле­тейік... Ойлап көріңіздер! Көкшетау­да қазір қолда бар 240 газ тарату қон­дырғысының тек 113-і ғана жұмыс істеп тұр. Қалғандарының тозығы жеткен. Қирап, бұзылған, ұрланған... Ал соңғы жылдары қалада тұрғын үй құрылысының қатты қарқын алғанын ескерсек, жұмыс істеп тұрған газ тарату қондырғыларының оларды қамтуға мүмкіндігі жетпей қалады. Іс жүзінде қаладағы тұрғын үй қорының тек 74,5 пайызы ғана орталықтандырылған газбен қамтылған. Дегенмен оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Бірақ жоғарыда 74,5 пайыз болды десек те, Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­­лық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ресми мәліметтеріне сенсек, осы жылғы қаң­­­тар айының ортасында орталық­­тандырылған газ Көкшетау қаласындағы 870 көпқабатты үйдің тек 246-на ғана берілген. Олардың ішінде 201 қос қабатты үй ресми түрде газ баллонымен жабдықталған. Иә, газ бал­ло­нымен... Ал газ баллонынан туындаған қайғылы оқиғаны жоғарыда мысалға келтірдік. Баллонға құйыл­ған қысымы жоғары сұйытыл­ған газ қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды қажет етеді. Шынтуайтында, әрбір пәтерде тұрған газ баллоны сол отбасын ғана емес, қасындағы көрші­лерінің де өміріне қауіп төндіреді.

Қондырғылар иесі сан рет ауысты

Көкшетаудағы орталықтандырылған газбен қамту мәселесі сонау 90-жылдардан басталған. 1992 жылға дейін облыс орталығында көгілдір отынды жеткізу, газгольдерлер мен желілерге қызмет көрсету, тіпті пәтерлердегі газ плиталарын тазарту, тексеру және газ-тарату қондырғысы қосылмаған 1-2 қабатты үйге газ баллонын жеткізуді қамтамасыз етіп отырған «Көкшетау облгаз» компаниясы жұмыс істеді. Тоқырау жылдарындағы елдегі сансыз экономикалық реформалар, жекешелендірулер және мемлекет меншігінен алу бірегей кәсіпорындарды ыдырата бастады. Қолда бар күш-қуатынан айырылып, ұсақталып кетті. «Көкшетау облгаздың» мұрагері «Алаугаз» ЖШС болып, одан «Газ Синегорья» компаниясына айналды. Бұдан ке­йін нарықта «Көкшетау Транс Газ» компаниясы пайда болды. Тек осы уақыт аралығында Көкшетауда 230 газ тарату қондырғысы болған. Иесіз қалған ГТҚ-ды қалпына келтіру мақ­сатында бюджет қаржысы тартылып, қалалық коммуналдық шаруашылықтың қарауына берілген. Одан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, одан «Жәрдем» ЖШС, бұдан кейін «Тазалық» коммуналдық кәсіпорнына қараған. Өкінішке қарай, бұл уақытта коммуналдық мүліктерді тапсыру тиісті түрде рәсімделмепті. Дегенмен қала әкімшілігінің, әкімдіктің қаулыларында «құқық беруші құжаттар рәсімделсін» деген жазу тайға таңба басқандай көрсетілген. Іс жүзінде сонау 1996 жылдан бері газды ана мекемеден мына мекемеге берген кезде құжаттар рәсімделмеген. Осы орайда, газгольдерлері бірінен екіншісіне «допша тебілген» үйлердің жағдайы қалай болды? Енді соған келейік. 2000 жылдың басынан-ақ Көкшетаудың көпқабатты үйлері жаппай газсыз қалып, іс жүзінде газды шешу мәселесімен жеке бастары қалды. Әрбір үй өздерінің жетекшілерін тағайындап, газ тарату қондырғысын толтыру үшін әр пәтерден жылу жинай бастады. Газбен қамтитын ұйым­дарға барып, сатып алынған көгілдір отын көлемінің ол үшін төлеміне сәйкес келгенін қадағалап отырды.

Біреу төледі, енді беру көк тиын да шығарған жоқ

Әрине, мұндай тұста қызмет үшін ақша жинаған уақытта түрлі оқиға қылаң берді. Бір пәтерлер төлесе, екіншілері қалтасынан соқыр тиын да шығармады. Үшіншілері пәтерді жалдап тұрады. Төртіншілері есептегіштегі санды өзгертіп, азайтып төлейді. Иә... Сөйтіп, газ қажетті талапқа сай болмай жатты. Қыстың қытымыр аязында қатып, мүлдем тоқтап қалатын газ үшін адамдар уақыты жетіп тозған жер астындағы газ құятын алып бактарды жөндеу үшін ақы төлеуден бас тартып жатты. Сол уақытта қауіпті болғанымен жұрт баллондағы газдың орталықтандырылған газдан әлдеқайда арзанға түсетінін ұқты. Ал нарықтың қысымынан қатты қысылған халық әр тиынын санауды үйреніп қалған. Сөйтіп, газ тарату қондырғыларынан жұрт үдере шыға бастады. Сол кездері алғаш пайда болып, бірінен бірі іліп алған «Еурожөндеулер» пәтерлерде қажетсіз болып қалған газ құбырларын түп орнымен кесіп алып тастауға әкелді. Жоғарыдағы себептермен орталықтандырылған газға қолже­тім­ділігі бар 35 475 тұтынушының тек 14 693-і газды қолданып отыр. Бұл – Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі­нің мәліметі. Енді қайтпек керек? ХХІ ғасырда өркениет заманы келгенде орталықтандырылған газды Көк­шетаудың көпқабатты үйлеріне қалай қамтуға болады? Осылай деп Көкшетау қалалық әкімдігінен сұрап көрдік. Қала әкімінің кеңесшісі, осыған дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасын басқарған Александр Мартыненконың айтуынша, орталықтандырылған газбен қаланы қамту жергілікті атқарушы би­ліктің бақылауына алынған. Дегенмен кеңесшінің пікірінше қаладағы газбен қамту нағыз шеңберде тұйық­талып қалған. «Қазір қолда бар 240 ГТҚ үш бөлікке бөлінген. 99 қондырғы коммуналдық меншікте орналасқан. 108 және 31 ГТҚ қондырғылары сәйкесінше «Көкшетау Транс Газ» ЖШС мен «Темірханова М.М.» жеке кәсіпкердің жекеменшігінде. Орталықтандырылған газ тарату мәселесі қалада аса күрделі жағдайда тұйықталып тұр», – дейді Александр Мартыненко. Әкімдік маманының айтуынша, жоғарыда аталған техникалық құжаттамалар жөндеп рәсімделмегендіктен, атап айтқанда резервуарға техникалық төлқұжаттардың, газбен қамту, ішкі үйдегі желілер сызбаларының болмауы мәселені тұйық­­қа тіреген. Мұнымен қоса, құ­қық беретін жер актілері, ГТҚ техникалық төлқұжаты және мүлікті тіркелгенін растау құжаты жоқ. 2013 жылы орталық газбен қамтуды жақсарту мақсатында сол кездегі облыс әкімімен тапсырма беріліп, коммуналдық ГТҚ-ды қалпына келтіру материалдық ресурс­тармен бе­­­кітілген. Осы бағдарлама бойынша екі жыл бойы бюджеттің есебінен 28 газ тарату қондырғысы қалпына келтірілген. Тағы 23 қондырғыны жеке кәсіпкер «Джуркин» жөндеген. Бүгінде облыс орталығындағы коммуналдық меншіктегі 99 газ тарату қондырғысының 53-і жұмыс істейді. Бұл  Көкшетауды газбен қамту мәселесі жақсарып кетті деген сөз емес. Тіпті, жаңадан бой көтерген «Сарыарқа» шағынауданында бюджеттен бөлінген қаржы есебінен іске қосылған 10 газ тарату қондырғысының тек 5-і ғана қолданылатын болып шықты. Яғни, жақында салынған 34 көпқабатты үйдің тек 21-і газға қосылыпты. Тұрғын үйлердің салынуына салдыр-салақ қараған мердігер компаниялар газбен қамту желілерін ақау­лы етіп жасаған. Ол бүгінге дейін түзетілмеген. Бұл –мемлекеттік құ­зі­ретті органдардың араласуын қажет ететін маңызды мәселе. Бұл жайлы кейіннен кеңірек тоқталармыз.

Лифттерді реттеген тәсіл газға да керек

Қала әкімі кеңесшісі айтқандай, басқаруында және теңгерімінде газ тарату қондырғысы бар кәсіпорындардың барлығында бірдей өз қаржысы есебінен жұмыс істейтін қондыр­ғылардың санын ұлғайтуға тұрақты қаржылық жағдайы жоқ. Коммуналдық газ қондырғылары үшін құқық беруші құжаттардың болмауына байланысты бүгінге дейін заң айналасында түрлі даулы жағдай туындайды. Бұл жұмыс 2019 жылдан бастап жүргізілген. Техникалық төлқұжаттар, жер және жер жобаларының актілері, мүлікті мемлекеттік тіркеуді әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлінеді. 2020 жылғы қарашада әкімдік одан әрі сатып алу құқығымен сенімді басқаруға 65 бірдей газ тарату қондырғыларын тапсыруға ашық конкурс жариялады. Осындай құқық алған жекеменшіктегілер шығынды толтырып, табыс табу үшін жұмыс істемейтін газгольдерлерді қалпына келтіруші еді. Тіпті, дереу іске кірісіп, жылдам аяқтайтыны да күмәнсіз. Бірақ іс орта жолда тоқтады. Көкшетау қалалық прокуратурасы жүргізген тексеріс барысында құқық беруші құжаттарды рәсімдеу кезінде заңнаманы бұзу фактілері анықталған. Сөйтіп, конкурс тоқтатылды. Қазір орын алған заңбұзушылықтарды жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазақстан заңнамасына сәйкес жер актілері рәсімделіп жатыр. Ал ақпанның үшінші онкүндігінде тағы бір конкурстық рәсім басталған. Қала әкіміне өткен жылдың соңынан орталықтандырылған газбен қамтуды бақылауды жүзеге асыру өкілеттілігі берілген. Сондықтан жақында газотехникалық инспектор бірлігі штатқа қосылмақ. Ол тұтынушылар көптен бері шағымданып келе жатқан жеткізілетін газдың сапасын қадағалайды. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде де газбен қамту жөніндегі маманды енгізген жөн сияқты. Бірақ мұндай лауазым әзірге қарастырылмаған. Газ тарату  қондырғыларына     қызмет көрсету кәсіпкерлер үшін біршама тиімді іс екенін айту қажет. Мәселен, егер 1 тонна сұйылтылған тұрмыстық газ шамамен 70 мың теңге (әлеуметтік газ құны – 48 мың теңге, коммерциялық баға – 90 мың теңге) тұрады деп алсақ, газды текше метрге айналдыра отырып, кәсіпкер оны орташа есеппен тоннасына 153 мың теңгеден сатады. Яғни, бір текше метр құны 400 теңгеден алғанда екі есе артық. Қазір көкшетаулықтар есептегішпен дәл осындай бағада төлейді. Әрине, тасымалдау, жалақы, салық және басқа да бірталай шығын бар. Бірақ бұл өнімге тұрақты сұраныстың бар екенін ескерсек, істі сауатты жүргізсе бизнестен жоғары дивидендтер табуға әбден мүмкін болмақ. Қысқасы, Көкшетау қаласындағы орталықтандырылған газбен қамтудың қазіргі жағдайын сараптай келе мәселені жақсартуға барынша ықпал ету үшін тек қалалық, облыстық және республикалық деңгейде бюджет арқылы мемлекеттен көмек алу қажет шығар. Бәлкім, арнайы бағдарлама жасаған жөн бе? Өйткені мұндай мысал Көкшетауда осыған дейін лифт саласында болған. Бірақ соның арқасында мәселе шешімін тауып, талай уақыт жұмыс істемеген лифтілер іске қосылған. Ал егер мә­­селеге республикалық қаражат пен жергілікті жердегі жауапты инс­ти­туттарды қосса, жүзеге асыру мер­зімі де тезірек аяқталып қалар ма еді... P.S.

Жақында елордаға елдің оңтүстігінен табиғи газ келді. Қазірдің өзінде Ақмола облысының қандай елді мекендері алдымен газ құбырына қосылатыны жария етілген. Жоспарда Көкшетауды да газбен қамту мәселесі тұр. Бірақ оған әлі бірнеше жыл қажет. Ал орталықтандырылған сұйылтылған газ көкшетаулықтарға бүгін және қазір керек. Орталықтандырылған газбен қамтуды іске қосудың тағы да басқа шұғыл себебі бар. Егер көпқабатты тұрғын үй газгольдерлермен  желілерге қосылған болса, онда ол үйлерге табиғи газ қосу да үлкен қиындық тудырмайды. Газдандырудың Елбасының стратегиялық жобасы және «Сарыарқа» газ құбырының Тұңғыш Президенттің бес әлеуметтік бастамасы негізінде тартылғанын ескерсек, ел өңірлерінде газ желілерін қалпына келтіру және тұтынушылар санын ұлғайту қойылған міндеттің тезірек жүзеге асырылуына ықпалын тигізбек....

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы