Абай Тасболатов: Қарулы Күштерді жасақтауға даярлық ерте басталды
Абай Тасболатов: Қарулы Күштерді жасақтауға даярлық ерте басталды
141
оқылды

Тәуелсіздік шежіресі жайлы сөз еткенде Қарулы Күштердің құрылуына қатысты мәліметтерді жиі айтамыз. 30 жылға жуық уақытта қуаты артып, кәсіби тұрғыда шыңдала түскен армияның өткеніне үңіліп, түрлі естелік жазған тұлғалар да аз емес. Қарулы Күштер құрылған кезде түрлі қызмет атқарған офицерлер бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүр. Солардың бірі – генерал-лейтенант Абай Тасболатов. Біз генералмен сұхбаттасып, өткен ғасырдың 90-жылдарындағы оқиғаларға шолу жасадық.

– Абай Бөлекбайұлы, 1992 жылы Қазақстан Қарулы Күштері құрылған кезде Сіз қандай қыз­метте, қандай шені бар офицер едіңіз? – Егер қысқаша айтсам, 1992 жылғы мамырда мен Алматы жо­ғары жалпы әс­кери учили­­ще­сінің бастығы қызметін ат­қарып жүр­дім. Полковник едім. Де­ген­мен ол кездегі жағдайды кеңі­нен тар­қатып айтқан дұрыс-ау. Сол жыл­дары елдегі сая­­­си-эко­но­­ми­ка­лық, әлеуметтік жағдай өте күр­делі еді. Алып одақ ыдырай бас­таған кезде елдің қауіпсіздігі, қорғанысы сияқ­ты өзекті мәсе­лелер бар еді. КСРО-дан қалған, бақылау тетік­тері жойыла бас­таған әскери бөлімдерде ұрлық-қар­лық, ко­ман­дирлердің өз қа­лауымен әре­кет етуі белең ала бастаған-ды. Қа­­­­­зақстан да тәуел­сіздікті жари­я­ламастан бұрын мемлекеттік қор­ғаныс мәселесіне назар ау­дарған еді. 1991 жылғы 25 қазанда Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лы­ғымен Мем­лекеттік қорғаныс комитеті құ­рылып, оның бастығы болып генерал Сағадат Нұр­ма­ғамбетов та­ғайындалды. Ко­­ми­тет құрыл­ғанға дейін Алматы жоға­ры жал­пы әскери училищесінде ба­тальон командирі едім. Ал коми­тет құрылған соң Мемлекеттік қорғаныс комитеті жанын­дағы жоғары оқу орындары және әс­кери емес штаб дайындығы бас­қармасының бастығы қызметіне кірістім. Әу баста, бұл қызметке барғым келген жоқ. Оны ге­нерал Сағадат Нұрмағамбетов ағамызға айттым. Штаб жұмысына ұқсас қыз­меттерді құп көрмейтінімді, біраз уақыт батальон басқар­ғанымды алға тарттым. Бірақ генерал маған нақты тапсырмалар жүктеп, кәдімгідей қаттырақ, жа­ныма бататындай сөз айтты. Жо­ғары оқу орын­дарындағы әскери кафедралар жұмысын тәртіпке келтіріп, дайындығын түзетуді тапсырды. Содан соң ыңғайы кел­се, ко­мандир етіп жеке құрам бас­қаруға жі­беретінін айтты. Мен бұл уәжге келістім. Сол кезде елге Ба­қытжан Ертаев келді. Оның Германияда болған полкі тара­тылыпты. Ол менің досым еді. Екеуміз 1969 жылы Ташкенттегі жалпы әскери командалық учи­лищеге бірге түскенбіз. Кейін Ал­матыдағы училище ашылғанда бізді ротамызбен осында жі­берген. Содан бері бірге келе жатқан едік. Сөйткен Ба­қытжан Ертаев 1992 жылдың басында жұмыссыз жүр­ді. Оны өзім басқарып отырған бөлімге ша­қырдым. Ол да әскери бөлім­дердің біріне командир болғысы келетінін айтты. «Қой, кейін командир бола жатармыз, әзірге осы қызметті бірге атқа­райық» дедім. Осылайша, біз Қа­зақстан Қарулы Күштері жасақ­талғанға дейін дайындық жұмыс­тарына 1991 жылдан бастап ара­ласып кеттік. Ал 1992 жылғы нау­рызда мені Алматы жоғары жалпы әскери командалық учи­лищенің бастығы етіп та­ғайын­дады. Бірақ ол үшін де біраз тер төгуге тура келді. Өйткені учи­лище бастығын тағайындауға Мәс­кеудегі ТМД Біріккен Қарулы Күштерінің Бас қолбасшы­лығы­ның келісімі керек еді. Сол 1992 жылы КСРО-дан қалған әскер­лердің біразы ТМД Біріккен Қарулы Күштері деп аталатын. Се­бебі 1991 жылғы 21 желтоқсан­дағы келісім бойынша КСРО-дан қалған әскери бөлімдерге рефор­ма жасалғанға дейін оларды бас­қару Евгений Шапошниковқа тап­сырылды. Ол бұрын КСРО Қор­ғаныс министрі қыз­метін ат­қарған болатын. Сондықтан учи­лище басшылығын ауыстыруға мар­шалдың келісімі керек еді. Бұл мәселені С.Нұрмағамбетов Елба­сыға айтып, ал Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Мәскеуге телефон со­ғыпты. Сөйтіп, маршал Ша­пошников ме­нің Алматы жоғары жалпы әс­кери коман­далық учи­лищесінің бастығы бо­луым үшін ұсыным берген. Оның өзінде Мәскеуден арнайы өкілдер келді. 1992 жылғы 16 наурыздан бастап осы оқу ор­нын басқаруға кірістім. Қысқасы, Қарулы Күш­тер құ­рылған күні училище бастығы едім. – Сол кезде қазақ офицерлері өте аз болған деседі. Рас па? – Ол рас әңгіме. Мәселен, мен бас­қарғанға дейін училищеде не­бәрі 6 офи­цер ғана қазақ ұлты­нан еді. Мен батальон командирі, тағы бір-екі жігіт взвод коман­дирі, екі-үш жігіт оқытушы еді. Учи­лищеде оқып жүрген жас­тардың арасында қазақтар аз болды. Оны былай қойыңыз, Қарулы Күш­терге қажет офи­церлердің 50 пайы­зы бізде бар еді. Армия офицерсіз қалудың аз-ақ алдында тұрған-ды. Өйткені 1991-1992 жыл­дары Қазақстаннан көптеген офицерлер, әсіресе орыс, ук­раин, белорус сияқты өзге ұлт өкіл­де­рінен шыққан әскерилер өз Отан­дарына кете бастады. Деген­мен Елбасы елде қалғысы келетін офи­церлерге ешкім қысым жаса­майтынын, қызмет етуге жағдай жаса­латынын айтты. 1992 жылғы 8 желтоқсанда өткен кеңесте Ел­басы әскердегі тәртіп, Пре­зи­дент Жарлығының орындалу ба­рысы, коман­дир­лердің жауап­кершілігі сияқты көптеген мә­селені кө­терген еді. Сонымен бір­ге офи­церлердің елден ке­туінің бір себебі туған-туыстары мен туып-өскен жеріне оралу екенін айтса, екін­шіден, армияда тәр­тіптің нашар болуы да офицерлерді үркіткенін атап өткен. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы офи­церлердің қайтадан ант етпейтінін, Отан ал­дында бір рет берілген ант жа­рай беретінін айтқан-ды. ТМД-ның кейбір мем­лекеттерінде офи­­церлер қайтадан ант берген еді. Ал мұн­дай жағдай офи­цер­лердің көңі­ліне келетін дүние. – Сонда да кеткендер аз бол­мапты ғой. Ренжіп кетпеді ме, әйтеуір? – Бір қызық айтайын. Елбасы білікті офицерлердің елден кет­­пеуі­не мүдделі бол­ғанымен, бә­рібір атажұртына тартып оты­руды көздегендердің Қазақстанға өк­пе­лемеуі үшін жағдай жасауды тап­сырған еді. Маған да телефон со­ғып, өз еліне кеткісі келетін офи­цер болса, жақ­сылап шығарып салуды, жалақысын, іссапар шы­ғындарын төлеп беруді, дұрыс киіндіріп жіберуді тапсырған. Курсанттарға қатысты да осылай тапсырды. Біздің училищеде өзге мемлекеттерден келіп оқып жат­қан курсанттар болды. Олар оқуға түскенде бір елдің азаматы еді, соңғы курсқа келгенде біз оларға бөтен мемлекетке айналдық. Сон­дықтан курсанттардың біразы шетел­дік азамат болып шыға келді. Бірақ Қа­зақстан олардың оқуын аяқтауына мүм­кіндік берді. Елбасының тапсырмасы да сон­дай еді. Бізден кеткен курсанттар кә­дімгі офицер болып аттанатын. Ал ТМД-ның өзге елдерінде оқып жүріп, біздегі оқу орындарына ауыс­қысы келген қазақ курсант­тарының жағдайы нашар. Өйткені ол жақтағы оқу орындары «өз еліңе кеткің келсе, жүре бер» деп кур­санттарды жібере берген. Жо­лақысын да, іссапар шығын­дарын да төлемеген. Киім де бермеген. Біз­дің училищенің бақылау-өткізу пунк­тіне спорттық киіммен, жұп-жұқа шал­бармен келген курсант­тарды да көргенмін. – Сол курсанттарды оқуға қа­былда­дыңыз ба? – Бәрін оқуға қабылдай алған жоқпыз. Өйткені біздің училище тек жаяу әскер командирлерін, ішінара танкистер даяр­лайтын. Ал Ресей, Украина, Беларусь се­кілді елдердің училищелерінен келген жастар арасында ұшқыш, артил­лерист, байланыс офицері сияқты мамандыққа оқып жүргендер бол­ды. Дәл 1992 жылы олардың бәрін оқуға қайта қабылдауға мүмкін­дігіміз болған жоқ. Кейін біздің училище оқытатын маман­дықтар саны артып, көптеген маман даярлай бас­тады. Біз 1993 жылдан кейін бірте-бірте артиллеристерді, тыл, байланыс офицер­лерін, ин­женерлерді, тәрбие жөніндегі ма­мандарды даярлай бастадық. Сөйтіп, училищеде 11 профиль бойынша кадр даярладық. 1997 жылы училище Алматы Жоғарғы Әскери академиясы болып құ­рылды. Осылайша, жоғары шенді офи­церлерді өзіміз оқытатын бол­дық. Бұрын Мәскеуге жібе­ретін едік. Айтпақшы, де­сантшы­­ларды оқыту үшін де Ресейдің Рязань қаласына жіберіп тұрдық. Қазір бәрін өзіміз оқытамыз. Тәрбие демекші армияны енді құрып жатқан кезде «әскерге тәр­бие жөніндегі офицердің қажеті жоқ» дейтін көзқарасы бар саясат­­керлер де кездесті. Жастардың алғашқы әскери дайындығын да көп көргендер болған. – Иә, айтпақшы қателеспесем елімізде алғашқы әскери дайындық деген пән 1997 жылға дейін мектеп бағдарламасында бол­мады. Сол пәнді бағдарламадан кімнің бас­та­масымен шығарып тастаған? Шы­нымен, қажетсіз пән бе? – Ол пәнді 1992 жылы алып тастады. Елбасы – Неге? – Оны сол кездегі Жоғарғы Кеңес мү­шелері мектеп бағдар­ламасынан ал­ғызып тастаған. Де­путаттар әскери дайын­­дық пәнін өткізетін офицерлердің сапасы тө­мен әрі заман талабына сай келмейтін пән деген тәрізді сансыз уәж келтірді. Кейін мұндай пәннің қажет екеніне көзіміз жетіп, 1996-1997 жылдары қайтадан ен­­гізуге күш салдық. Сөйтіп, Керейхан Аманжол баста­ған бір топ авторлар то­бымен бір­ге оқулық жаз­ғанбыз. Осы­лай­ша, әлгі пән қайтадан бағ­дар­ламаға енді. Бірақ қазір ол пәннің сағаты аз. 43 сағат шамасында. Бұрын 146 сағат оқы­татынбыз. Жал­пы, алғашқы әскери дайын­дық деген жастарға пат­риоттық тәрбие беруде тап­тырмайтын дү­ние. Алайда бес-алты жыл бұ­рын бұл пәнді бағдарламадан алып тас­тау туралы әңгіме тағы да шыққан. Ол кез­де мен Парламент Мәжілісінің депутаты едім. Премьер-Министрдің атына де­пу­таттық сауал жолдап, арнайы комиссия құрып, пәннің қажет екеніне тиісті маман­дардың көзін жеткізгенбіз. – Армияның құрылуы мен дамуы тура­лы сөз еткенде мерзімді әскери қызмет уақытының қыс­қарғанын атап өтпеуге болмас. Қазір жас сарбаз бір жыл ғана армияда болады. Неге екіжылдық мерзімнен бас тарттық? – Кейде азаматтар әскери борышын екі жыл өтесін деген уәж айтатындар кездеседі. Олар өз уәждерін жөн санайды. Яғни, екі жылда азамат әскери қызметтің ерекше­­ліктерін жақсы меңгереді екен дейді. Не­гізі, олай емес. Екі жыл міндетті әскери борыш өтеуге шақыратын болсақ, жыл сайын армия қатарына алынатын жастар саны аздау болады. Өйткені екі жыл үшін әскери міндетті барлық аза­матты шақырсақ жеке құрам саны 200 мыңға дейін жетуі мүм­кін. Біз 200 мыңдық армия ұста­маймыз ғой. Кеңес кезінде Қазақ­станда сондай мөлшерде әскер болған. Қазір Қарулы Күш­­тердің жеке құрамы 80 мың­дай, оған Респуб­ликалық ұлан, ҰҚК Ше­кара қыз­метінің жауын­герлерін қосыңыз, соның өзі бей­біт күнде бізге жетіп жатыр. Оның үстіне біржылдық әскери борыштың өз ерек­шелігі бар. Айталық, бұрын 18 жастағы жігітке танк жүргіз­­­­діретінбіз. Алайда танк дегеніңіз трактор емес қой. Олардың тәжі­рибесі жоқ. Техника сынса сар­базға айып таға алмайсың. Қазір танктерді, арнайы техниканы ке­­­­­лісімшартпен қызмет ат­қаратын әскерилер басқарады. Олар сол тех­никаны меңгерген. Соған ма­манданған азаматтар. Ал жас сарбаздар армия өмі­рінің әліп­песі­мен танысады, мылтық атып үйренеді, сөйтіп резервке кетеді. Қаласа келісімшартпен әскери қызметін әрі қарай жалғастыра алады. Осылайша, біз, Құдай бе­тін әрі қылсын, қысылтаяң шақ туса Отан қорғауға дайын тұратын резервистер санын көбейтеміз. Әскери борышты бір жылда өтеу­дің осындай да қыры бар. – Келісімшарт әскері демекші, оны бізде кәсіби армия ретінде бағалайтыны бар. Келісімшартпен әскери қызмет өтеу жүйесін енгізуге не себеп болды? – Негізі, келісімшартпен әс­кери қыз­мет өтеудің пайдалы тұс­тары өте көп. Сөз басында айт­тым, мерзімді әскери қызмет өтеушілерге қымбат техникаларды сеніп тапсыру қиын екенін. Мер­зімді әскери борышын өтеуге кел­гендерді атқыш ре­тінде даяр­лауға болады. Бірақ танкист, ар­тиллерист, БТР жүргізушісі неме­се басқа да күрделі мамандық иесі ету қиын. Ал келісімшарт әскер­­­лері бұл техникаларды толық мең­гереді және әскери қызметті кәсіп етеді. Біреулер келісімшартпен әс­­кери қызмет атқару жүйесін қымбат са­­найды. Алайда олай емес. Кәсіби әскер техниканы меңгеріп қана қоймай, оларды жақсы күтіп-баптайды. Екін­шіден, бұл жүйе қазір әлеуметтік саты қызметін ат­қарып тұр. Келі­сімшартпен әскери қызмет істеген кезде жалақыдан бөлек пә­­тер жалдауға да қаржы қарас­тырыл­ған. «Әс­кери баспана» тәрізді арнайы бағдар­­ламалар арқылы тұрғын үй мәселесін шешеді. Бұ­рын әскерилерді пәтермен қам­тамасыз ету қиын еді. Әкімдіктер кезек бойынша ұзақ жыл әскери салада қызмет еткен адамдарға пәтер беретін. Бірақ оның саны шектеулі. Мен Қорғаныс ми­­нистрінің орынбасары қызметін атқарған кездерімде бұл пробле­мамен талай бетпе-бет кез­дестім. Әкімдіктен пәтер сұрасақ 5-6 пә­тер ұсынады, ал біздің кезекте 1 000-нан астам адам тұр. Офи­церлердің жағдайын жасай алмай қатты қиналған кездеріміз болды. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша. Рас, алғашқы кезде бұл келісім­шартпен әскери қызмет істеу жүйесінде де түрлі қиын­шылық болды. Бірақ қазір бәрі реттелді. – Армияның қуаты жайлы сөз еткенде әскери ғылымды айтпай кетпеуге болмас. Елдің қорғаныс қабілетін арттыруға еңбек етіп жатқан ғалымдарымыз бар ма? – Бұрын Қазақстанда әскери ғылым деген атымен жоқ еді. Қа­зақстан тәуелсіздік алған кезде елімізде Кеңес Одағының мар­шалы С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі мен Ф.Дзержинский атындағы жоғары шекара­лық ко­мандалық училищесі ғана бол­ды. Сол кезде әскери тақырыпта ғы­лыми-зерттеу жасап жүрген бір-екі ғалым бар еді. Кейін 1997 жы­лы Елбасының алдында баян­дама жасағанымда әскери ғы­лымның кенже қалғанын айттық. Сөйтіп, академия қабырғасынан адьюнктура, диссерта­циялық кеңес, ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Диссертациялық кеңес такти­калық-оперативтік өнер, стратегия және әскери техника, әскери тарих бағыттарында ғы­лыми еңбектерді қорғауды қа­райтын. Бірақ ол кездерде өз ға­лым­дарымыз бол­мағандықтан Ресейден, Беларусьтен әс­­кери ғалымдар келетін. Қазір әскери са­ланы зерттеп жүрген адамдар саны 100-ге жуықтайды. Ұлттық қорғаныс уни­вер­ситеті мен өзге әскери оқу орын­дарында ғалым­дарымыз баршылық. Олар түрлі жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Әскери стратегия, такти­кадан бөлек техникаға назар ау­дарған ғалымдарымыз да бар. Пи­лотсыз ұшатын аппараттар, радиостансалар өз ғалым­дары­мыздың күшімен жетілдіріліп жатыр. Қазір елімізде әскери өнім шы­ғаратын 30-дай зауыт бар. Қорғаныс өнеркәсібі тиісті ми­нистрліктердің құ­рамдас бө­лігіне айналды. Бүгінде әске­рилер тың­ғылықты жаттығу жасап, армия­ның ұрысқа қабілетін жетілдіріп отырады. Ал армияға қажет қару-жарақты сатып алу, жөндеу, өңдеу тәрізді жұмыстармен айна­­­лы­сатын өзге құрылымдар бар. Қыс­қасы, Қарулы Күштер елмен бірге жетіліп, мемлекетпен бірге дамып келеді. – Қарулы Күштердің қуаты артқанмен, заманауи сын-қатерлер де құбылып тұрған сияқты. Тәуел­сіздік жылдарында қабыл­данған әскери доктриналардың соңғысы­ның мазмұны бөлек болды. Бұл туралы не дейсіз? – Қазақстан өз тарихында 5 рет әскери доктрина қабылдады. Ал бұл құжаттың жетіліп, түрлі сын-қатерге қар­сы қо­л­да­­нылатын амал-айланы қамтып отырса, ол тек әскери ғылымның, Қарулы Күш­тердің жетілуіне ғана қатысты құбылыс емес. Ол тұтас мем­­лекеттің дамуымен бірге жетіліп келе жатқан құжат. Айталық, соңғы док­тринада атап көрсетіл­ген кейбір мәсе­лелерге тек ар­мия ғана емес, ҰҚК де, ішкі саясатқа жауапты мекемелер де назар аударады. Қазір Қарулы Күш­терде, ҰҚК кибер­­қауіпсіздікке жауапты, гибридтік күрес тә­сіл­деріне қарсы жұмысты ұйым­дас­тыратын түрлі құрылымдар бар. Соң­ғы әскери доктринаға гибридті күрес, кибер және ақ­параттық қауіпсіздікке қатысты ұғымдардың енгізілуінің өзі за­манауи сын-қатерге мемле­кеттің дер кезінде жауап беруінің көрі­нісі. Жалпы, әскери док­трина­ларымыздағы ең басты ерек­ше­лік – құжаттың тек қорғаныс мақ­сатын көздейтіні. – Меніңше, Қарулы Күштер әу бастан-ақ Елбасының ерекше қамқорлығына бөленген сала се­кілді. Әдетте, Тұңғыш Пре­зи­­денттің  армияны құрудағы саяси ше­­шімдері мен рөлі туралы айта­мыз. Жоғарғы Бас қолбасшы ре­тінде Нұрсұлтан Назарбаев Сізді таңғалдырған кезі болды ма? – Рас, армия Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі қолдауын кө­ріп келді. Әрине, тәуел­сіздікті сақтау үшін армияны қолдап, да­мыту кез келген басшысының міндеті саналары анық. Дегенмен армияны түрлі қақтығыстарға ұрындырмай жетілдіру де жақсы дүние. 30 жылға таяу уақыт ішінде біздің әскер халықаралық бітім­герлік миссияларына қатысты. Сарбаздар ТМД-ның сыртқы ше­карасын қорғап, ерлік көрсет­кен кездері болды. Тәжік-Ауған шека­расындағы оқиғаларды ай­­­та­мын. Ал Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қа­рулы Күш­тердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде бірнеше рет бізді таңғалдырған кездері болған. Қорғаныс министрі қызметін С.Нұрмағамбетов, М.Алтынбаев, С.Тоқ­пақбаев және өзге де аза­маттар атқарып тұр­­ғанда, қазір де ұдайы оқу-жаттығу өтіп тұрады. 1997 жылы әскери училищенің бір жат­тығуына Елбасын шақырдық. Артил­ле­риядан атыс жаттығуы бола­­тын. Сонда ол менен «Танк­терің қай­да?» деп сұраған. Сөйтіп, бокстан танкті шығарып, поли­гонға жет­кізгенбіз. Сол жолы ол танк жүр­гізді. Тағы жаттығуда танктен штаттық снарядпен оқ атты. Са­рыөзектегі жаттығу еді. Әдетте, жауынгерлер штаттық не­месе кә­­дімгі ұрыс снарядымен оқ ату үшін жарты жыл дайын­далатын. Елбасы әскери жаттығу кезінде техникаларды өзі жүргі­­­зіп, өзі оқ ататын. Жауынгерлермен кез­десіп, әңгімелесетіні бар. Қыс­қасы, ол ар­мияның ішкі ерекше­ліктерін жақсы білетін тұлға. – Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ