Қызылордада тілсіз жау тыйылмай тұр
Қызылордада тілсіз жау тыйылмай тұр
124
оқылды

Қызылорда облысында тілсіз жау тыйылмай тұр. Былтыр отар-отар қой-қозыны тірідей үйіткен қызыл жалын биыл адам өмірін де аяусыз жалмап жатыр. Бар-жоғы екі айдың ішінде 69 өрт тіркеліп, айтып келмейтін апаттан 5 адам қаза тапты. Зардап шеккен жандар тіпті көп. Себеп-салдарына үңілсек, мәселенің мәні салғырттық пен қауіпсіздікке келіп тіреледі. Түйінін тарқатып көрейік.

Жыл басынан бері 47 тұрғын үй өртеніп, қыстың бел ортасында қаншама отбасы баспанасыз қалды. Адам шығыны да, зардап шеккендері де былтырғы кезеңмен салыс­тырғанда біршама артқанын байқай­мыз. Мәселен, ақпанның 18-і күні Қызылорда қаласына қарасты әл-Фараби шағын­ауданындағы жер үйдің бірінде өрт болды. Аталған мекенжайға шұғыл жеткен өрт сөндіру бөлімінен 3 техника 16 қызметкер жұмылдырып, қызыл жалын толық өшірілді. Алайда өрт салдарынан 2020 жылы туылған Төреханқызы Ардақ есімді нәресте қайтыс болды. Анасы 1993 жылы туған Дамира Тоқбергенова І дәрежелі көмірқышқыл газына уланып, күйік шалып, қалалық ауру­ханаға жатқызылды. Бүгінде жағдайы қа­лыпты деңгейде. Зардап шек­кендер әкімдік тарапынан кәсіпкер­лердің қолдауымен азық-түлік, мектеп құрал-жаб­дықтарымен қамтамасыз етілді. Қорлардың демеуші­лігімен жиналған қаржыға Арай шағын­ауданынан 6 бөлмелі жаңа үйдің кілті табыс­талды. Сонымен бірге қыстың екі айында 14 автокөлік пен 6 объекті өртенді. Өрт салдарынан 5 адам қаза тауып, 9 адам зардап шеккен. Табиғи газдан уланып, 5 азамат ауруханаға түсті. Қызылорда облысы бо­йынша ТЖД бастығының міндетін ат­қарушы Руслан Қайрақбаевтың айтуын­ша, тілсіз жау жағдайы өткен жылмен са­лыстырғанда 34,8 пайызға көбейіп отыр. Былтыр дәл осы уақыт аралығында 43 өрт тіркеліп, 1 адам қайтыс болса, 2 адам зардап шеккен екен.

Тұрағы Түркістан, мекені Қызылорда еді

27 ақпан күні Түркістанды толқытқан оқыс оқиға бәрімізге ауыр тигені анық. Қазақ «Қайрат – қыран, қайғы – жылан» дейтін-ді, сумаңдаған сұм ажал 4 періштені жалмады, анасын да қоса әкетті. Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне «103» қызметі арқылы Түр­кістан қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 23 үйде 5 адамның жансыз жатқанын көршілері хабарлайды. Оқиға орнына жедел жеткен құқық қорғау органдары 1980 жылғы анасы Г.Болатова және 2004, 2006, 2014, 2016 жылы туған балаларына иіс тиіп, қай­тыс болғанын анықтады. Үйде табиғи газбен жылыту жаб­дығы орнатылған. Оқиға болған кезде ота­ғасы Шымкент қаласына емделуге кеткен екен. Қызылорда облысы Жаңақорған ауда­нының әкімі Руслан Рүстемовтің айтуынша, бұл отбасы осыдан 4 жыл бұрын кәсіп­керлікпен айналысуға Жаңақорғаннан Түркістанға көшкен. Тіршілік үшін тыр­банған отбасы мұндай жағдайға тап болады деп кім ойлады дейсіз?! 28 ақпан күні таңғы сағат 03.00 шамасында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов бастаған азаматтар марқұмдарды туған жеріне, яғни Жаңа­қорған ауданы Қыркеңсе ауылына әкелді. Ел қабырғасын қайыстырған қаралы хабарды естіген бойда Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қыркеңсе ауылына келіп, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ аймақ басшысы қайғы жұтқан қаралы үйге барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен бірге Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов пен Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемұлы Дүйсенбековтер отбасына қаржылай көмек көрсетіп, көңіл айтты. – Қайырсыз адам болса да, қайғысыз адам болмас, сірә. Бірақ ол қандай өлім?! Мәселе сол ғой. Бұлар періштелер ғой, жанды жегідей жеп, жүректі езгілеп жатқаны сондықтан. «Өмір – майдан, өлім – ойран» деген, шынында мына қайғылы оқиға бізді қатты есеңгіретті. Бұған дейінгі Жамбыл облысында болған жайсыз жағдай да әке ретінде, адами тұрғыда ауыр күрсініс әкелді, – дейді Р.Рүстемов.

Мазар мен базар, қой мен қора да өртенді

Өткен жылғы оқиғаларға зер салсақ. Тілсіз жау тірі адамнан бөлек, өлген адам­дардың мазарына да тыныштық бермеді. Былтыр Қызылорда қаласындағы «Орталық қазақ бейіті» маңынан шыққан жалын 2 гектарға жуық қураған шөпті жайпап өтті. Оған облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің 25 өрт сөндірушісі және 7 техникасы тартылды. Оқиға орнында Қызылорда қалалық Полиция басқармасы, облыстық Жұмыл­дыру дайындығы басқармасы, жедел жәрдем бригадасы, «Қызылорда тазалығы» ЖШС мамандары жұмыс істеп, жалын шарпыған аумақты қалпына келтіруге күш салды. Сондай-ақ шілденің ыстығында Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі «Орын-Ай» жеке базары аумағынан өрт шығып, мамандардың жедел қимылдауымен дер кезінде тілсіз жау ауыздықталды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Одан кейін алты үйдің мал қорасы өрте­ніп, 2 000 дана престелген шөп күлге ай­налды. Оқиға Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылында таңғы сағат 5.00 шамасында болды. Жалын бірнеше үйдің мал қорасына тиіп, ұшқыннан тұтанған өрт 900-ден астам шаршы метр аумаққа зиян келтірді. Сал­дарынан монша, тонналаған жемшөп және қора ішіндегі жылқы малы тірідей жанып кетті. Артынша Жаңақорған ауданында 700 бас асылтұқымды қой далада өрттің құр­сауынан шыға алмай қалды. Күріш егетін атыздар әр күзде тазаланып, қалдық қамыс­тар мен сабандарды өртеу науқаны бас­талатыны белгілі. Сол кезде «Түгіскен» шаруа қожалығы жиын-теріннен кейін күріш алқабын тазаламақ болып өрт қойған. Жалын сол жерде жайылып жүрген «Ын­тымақ» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің малдарына ұшқан. Шопан оттың лезде жайылғанынан қорқып, өзі бас сау­ғалап қашқан. Сол кезде «Ынтымақ» ЖШС құрылтайшысы: «Аналық бас кем дегенде 60 мың теңге тұрады, асылтұқымды қой ғой. Міне, осы мал, оның ішінде, 500 бас тоқты өртке оранып, тірідей жанып кетті. Бәрі семіз, күйекке түсуге дайын тұр­ған. 90 мыңнан қошқар әкеліп, қосқанбыз, олар да оттың құрбанына айналды. Күріш алқабының қожайындары, жиын-теріннен кейін жерді тазалау мақсатында от қойыпты. Олар отар қойдың жайылып жүргенін де көрген. Бірақ мұның соңы бұлай болады деп ойламадық» деп күйінген еді. Шын мәнінде, өрт материалдық шығыны жоғары тілсіз жау екенін ескерсек, оның салдарымен күрес­кеннен гөрі алдын алудың әлдеқайда тиімді екенін сезіне түсеміз. Осылайша, адам мен малды, үй мен қораны жайпап өткен өрт кен орнында 3 адамның өмірін қиды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан болған өрттен зардап шеккендер тіпті көп. Бұған қатысты мамандар: «Әр адам өз отбасының қауіпсіздігіне жауапты. Сондықтан тілсіз жаудың шаңырағыңызды шарпуына жол бермеңіз. Ол үшін қауіпсіздік шараларын естен шығармаған абзал. Өйткені сіздің салғырттығыңыздың соңы үлкен өкінішке әкеп соғуы мүмкін»  деген пікірде. Ең бастысы, апаттың алдын алып, қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтаған жөн. Әйтпесе, тілсіз жау айтып келмейтіні, салғырттықты көтермейтіні белгілі. Статистиканы сөйлетсек, былтыр рес­публика аумағында болған өрттің 47%-ы отты абайсыз пайдалану себебінен туын­даған. 2020 жылдың басынан бері осы себептен еліміздегі тұрғын үй секторында 2 349 өрт болыпты. Салдарынан 72 адам жарақаттанып, 74 адам көз жұмған. Бұл мәселеге қатысты Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин: «Ста­тистикаға қарағанда кейбір өңірлерде өрт саны, адамдардың жарақаттануы, қаза болуы көбейген. Әсіресе, Шымкент, Алматы қалаларында, Ақмола, СҚ, Қызылорда об­лыс­тарында жер үйлерде өрт саны көбей­геніне назарларыңызды аударғым келеді» деген еді. Бұл – былтырғы жағдай. Ал биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда өрт кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің саны едәуір артып отыр. Оған қатысты ТЖД өкілдерінің пікірі өрттің жиі шығуы тұрғындардың қауіпсіздік ереже талаптарын сақтамауынан, нем­құрайды қарауынан пайда болып отыр дегенге саяды.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы