Қызылорда облысында тілсіз жау тыйылмай тұр. Былтыр отар-отар қой-қозыны тірідей үйіткен қызыл жалын биыл адам өмірін де аяусыз жалмап жатыр. Бар-жоғы екі айдың ішінде 69 өрт тіркеліп, айтып келмейтін апаттан 5 адам қаза тапты. Зардап шеккен жандар тіпті көп. Себеп-салдарына үңілсек, мәселенің мәні салғырттық пен қауіпсіздікке келіп тіреледі. Түйінін тарқатып көрейік.
Жыл басынан бері 47 тұрғын үй өртеніп, қыстың бел ортасында қаншама отбасы баспанасыз қалды. Адам шығыны да, зардап шеккендері де былтырғы кезеңмен салыстырғанда біршама артқанын байқаймыз. Мәселен, ақпанның 18-і күні Қызылорда қаласына қарасты әл-Фараби шағынауданындағы жер үйдің бірінде өрт болды. Аталған мекенжайға шұғыл жеткен өрт сөндіру бөлімінен 3 техника 16 қызметкер жұмылдырып, қызыл жалын толық өшірілді. Алайда өрт салдарынан 2020 жылы туылған Төреханқызы Ардақ есімді нәресте қайтыс болды. Анасы 1993 жылы туған Дамира Тоқбергенова І дәрежелі көмірқышқыл газына уланып, күйік шалып, қалалық ауруханаға жатқызылды. Бүгінде жағдайы қалыпты деңгейде. Зардап шеккендер әкімдік тарапынан кәсіпкерлердің қолдауымен азық-түлік, мектеп құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Қорлардың демеушілігімен жиналған қаржыға Арай шағынауданынан 6 бөлмелі жаңа үйдің кілті табысталды. Сонымен бірге қыстың екі айында 14 автокөлік пен 6 объекті өртенді. Өрт салдарынан 5 адам қаза тауып, 9 адам зардап шеккен. Табиғи газдан уланып, 5 азамат ауруханаға түсті. Қызылорда облысы бойынша ТЖД бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаевтың айтуынша, тілсіз жау жағдайы өткен жылмен салыстырғанда 34,8 пайызға көбейіп отыр. Былтыр дәл осы уақыт аралығында 43 өрт тіркеліп, 1 адам қайтыс болса, 2 адам зардап шеккен екен.Тұрағы Түркістан, мекені Қызылорда еді
27 ақпан күні Түркістанды толқытқан оқыс оқиға бәрімізге ауыр тигені анық. Қазақ «Қайрат – қыран, қайғы – жылан» дейтін-ді, сумаңдаған сұм ажал 4 періштені жалмады, анасын да қоса әкетті. Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне «103» қызметі арқылы Түркістан қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 23 үйде 5 адамның жансыз жатқанын көршілері хабарлайды. Оқиға орнына жедел жеткен құқық қорғау органдары 1980 жылғы анасы Г.Болатова және 2004, 2006, 2014, 2016 жылы туған балаларына иіс тиіп, қайтыс болғанын анықтады. Үйде табиғи газбен жылыту жабдығы орнатылған. Оқиға болған кезде отағасы Шымкент қаласына емделуге кеткен екен. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемовтің айтуынша, бұл отбасы осыдан 4 жыл бұрын кәсіпкерлікпен айналысуға Жаңақорғаннан Түркістанға көшкен. Тіршілік үшін тырбанған отбасы мұндай жағдайға тап болады деп кім ойлады дейсіз?! 28 ақпан күні таңғы сағат 03.00 шамасында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов бастаған азаматтар марқұмдарды туған жеріне, яғни Жаңақорған ауданы Қыркеңсе ауылына әкелді. Ел қабырғасын қайыстырған қаралы хабарды естіген бойда Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қыркеңсе ауылына келіп, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ аймақ басшысы қайғы жұтқан қаралы үйге барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен бірге Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов пен Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемұлы Дүйсенбековтер отбасына қаржылай көмек көрсетіп, көңіл айтты. – Қайырсыз адам болса да, қайғысыз адам болмас, сірә. Бірақ ол қандай өлім?! Мәселе сол ғой. Бұлар періштелер ғой, жанды жегідей жеп, жүректі езгілеп жатқаны сондықтан. «Өмір – майдан, өлім – ойран» деген, шынында мына қайғылы оқиға бізді қатты есеңгіретті. Бұған дейінгі Жамбыл облысында болған жайсыз жағдай да әке ретінде, адами тұрғыда ауыр күрсініс әкелді, – дейді Р.Рүстемов.Мазар мен базар, қой мен қора да өртенді
Өткен жылғы оқиғаларға зер салсақ. Тілсіз жау тірі адамнан бөлек, өлген адамдардың мазарына да тыныштық бермеді. Былтыр Қызылорда қаласындағы «Орталық қазақ бейіті» маңынан шыққан жалын 2 гектарға жуық қураған шөпті жайпап өтті. Оған облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің 25 өрт сөндірушісі және 7 техникасы тартылды. Оқиға орнында Қызылорда қалалық Полиция басқармасы, облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасы, жедел жәрдем бригадасы, «Қызылорда тазалығы» ЖШС мамандары жұмыс істеп, жалын шарпыған аумақты қалпына келтіруге күш салды. Сондай-ақ шілденің ыстығында Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі «Орын-Ай» жеке базары аумағынан өрт шығып, мамандардың жедел қимылдауымен дер кезінде тілсіз жау ауыздықталды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Одан кейін алты үйдің мал қорасы өртеніп, 2 000 дана престелген шөп күлге айналды. Оқиға Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылында таңғы сағат 5.00 шамасында болды. Жалын бірнеше үйдің мал қорасына тиіп, ұшқыннан тұтанған өрт 900-ден астам шаршы метр аумаққа зиян келтірді. Салдарынан монша, тонналаған жемшөп және қора ішіндегі жылқы малы тірідей жанып кетті. Артынша Жаңақорған ауданында 700 бас асылтұқымды қой далада өрттің құрсауынан шыға алмай қалды. Күріш егетін атыздар әр күзде тазаланып, қалдық қамыстар мен сабандарды өртеу науқаны басталатыны белгілі. Сол кезде «Түгіскен» шаруа қожалығы жиын-теріннен кейін күріш алқабын тазаламақ болып өрт қойған. Жалын сол жерде жайылып жүрген «Ынтымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің малдарына ұшқан. Шопан оттың лезде жайылғанынан қорқып, өзі бас сауғалап қашқан. Сол кезде «Ынтымақ» ЖШС құрылтайшысы: «Аналық бас кем дегенде 60 мың теңге тұрады, асылтұқымды қой ғой. Міне, осы мал, оның ішінде, 500 бас тоқты өртке оранып, тірідей жанып кетті. Бәрі семіз, күйекке түсуге дайын тұрған. 90 мыңнан қошқар әкеліп, қосқанбыз, олар да оттың құрбанына айналды. Күріш алқабының қожайындары, жиын-теріннен кейін жерді тазалау мақсатында от қойыпты. Олар отар қойдың жайылып жүргенін де көрген. Бірақ мұның соңы бұлай болады деп ойламадық» деп күйінген еді. Шын мәнінде, өрт материалдық шығыны жоғары тілсіз жау екенін ескерсек, оның салдарымен күрескеннен гөрі алдын алудың әлдеқайда тиімді екенін сезіне түсеміз. Осылайша, адам мен малды, үй мен қораны жайпап өткен өрт кен орнында 3 адамның өмірін қиды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан болған өрттен зардап шеккендер тіпті көп. Бұған қатысты мамандар: «Әр адам өз отбасының қауіпсіздігіне жауапты. Сондықтан тілсіз жаудың шаңырағыңызды шарпуына жол бермеңіз. Ол үшін қауіпсіздік шараларын естен шығармаған абзал. Өйткені сіздің салғырттығыңыздың соңы үлкен өкінішке әкеп соғуы мүмкін» деген пікірде. Ең бастысы, апаттың алдын алып, қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтаған жөн. Әйтпесе, тілсіз жау айтып келмейтіні, салғырттықты көтермейтіні белгілі. Статистиканы сөйлетсек, былтыр республика аумағында болған өрттің 47%-ы отты абайсыз пайдалану себебінен туындаған. 2020 жылдың басынан бері осы себептен еліміздегі тұрғын үй секторында 2 349 өрт болыпты. Салдарынан 72 адам жарақаттанып, 74 адам көз жұмған. Бұл мәселеге қатысты Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин: «Статистикаға қарағанда кейбір өңірлерде өрт саны, адамдардың жарақаттануы, қаза болуы көбейген. Әсіресе, Шымкент, Алматы қалаларында, Ақмола, СҚ, Қызылорда облыстарында жер үйлерде өрт саны көбейгеніне назарларыңызды аударғым келеді» деген еді. Бұл – былтырғы жағдай. Ал биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің саны едәуір артып отыр. Оған қатысты ТЖД өкілдерінің пікірі өрттің жиі шығуы тұрғындардың қауіпсіздік ереже талаптарын сақтамауынан, немқұрайды қарауынан пайда болып отыр дегенге саяды.Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы