Жыл соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты органдарға БҰҰ-ның өлім жазасын алып тастау жөніндегі халықаралық құжатына қосылуды тапсырған еді. Құжаттың 1-бабында «Осы хаттамаға қатысушы мемлекеттің юрисдикциясындағы бірде-бір тұлға өлім жазасына кесілмейді» делінген. Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы» қаулыға қол қойған. Бұл Жарлық өлім жазасын орындауды доғарса да, соттарға сондай үкім шығаруға тыйым салмайды. Алматыда теракт ұйымдастырғаны үшін атуға бұйырылған Руслан Күлекбаев әлі абақтыда. Amnesty International ұйымының дерегінше, қазір әлемде Күлекбаев секілді 19 мыңнан астам қылмыскер ажал камерасында үкімнің орындалуын тосып отыр екен. Енді Президенттің тапсырмасы орындалса, «алматылық атқыш» тірі қалуы әбден мүмкін. Бұл жаңалықты әркім әртүрлі қабылдапты. Мәселеге тереңірек үңілу мақсатында қоғам қайраткері Ирак Елекеевке қоңырау шалдық. Өмір бойы заң саласында қызмет атқарған оның айтуынша, қылмыс атаулыны жазамен жеңуге болмайтынын тарих дәлелдеген. – 2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дамыған, мәдениетті елдерде өлім жазасы жоқ. Болашақта біз OSCE-ні басқарғалы жатырмыз. Осыны зерттеп көріңдерші. Өлім жазасын тоқтатуға мүмкіндік бар ма, жоқ па, халықтың пікірі қандай екен?» деп тапсырма берген. Ол кезде мен Әділет министрінің орынбасары едім. Тікелей осы мәселемен шұғылдандым. 2001 жылдың басында елде сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға қатысқан халықтың 4 пайызы ғана өлім жазасынан бас тартуды жақтады. Қалған 96 пайызы «Қылмыстық кодексте өлім жазасы болуы тиіс» деген пікір білдірді. Одан кейін де көп жұмыс істедік. Жыл соңында «Хабар» арнасымен бірлесіп, Парламенттің ескі ғимаратында 300 адамның басын қосып, үлкен дөңгелек үстел өткіздік. Мамандардың уәжін тыңдадық. Тікелей эфирде 38-39 мың адамнан қоңырау қабылдадық. Олардың 28 пайызы өлім жазасын тоқтатуды қолдады. Яғни, бір жылда бұл көрсеткішті 4 пайыздан 28 пайызға көтердік, – деді Ирак Елекеев. Жұмыс тобы осы отырыстың қорытындысын Елбасының қолына ұстатыпты. Ал Елбасы 2003 жылы өлім жазасына мораторий жариялайды. Ирак Елекеевтің ойынша, содан бері қылмыс азайған: тоқсаныншы жылдардың ортасында жылына 200 мың қылмыс жасалса, бүгінгі санайғақ 100 мыңның төңірегінде, яғни қаралы статистика екі есе төмендеген. – Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір істі ауыр қылмыстар санатына қосты. Негізі, бұл – Президенттің ғана емес, бүкіл халықтың пікірі. Өлім жазасын алып тастауға мүмкіндік бар. Егер біз зайырлы мемлекет болғымыз келсе, жазаның бұл түрін түбегейлі жойғанымыз жөн. Мораторий авторларының бірі ретінде бұл шешімді қолдаймын. Біреулер менен: «Өзіңіздің жалғыз балаңызды өлтіріп кетсе, не істер едіңіз?» деп сұрайды. Қоғам ондайды ойламауы керек, қоғам ондайды болдырмауды, халықты жұмыспен қамтамасыз етуді ойлауы керек. Ауыр қылмысқа баратындардың жартысынан көбі – жұмыссыздар. Әлеуметтік мәселенің рөлі зор, – деді қоғам қайраткері. Осы арада бір күдіктің құлағы қылтияды. Шынтуайтында, дамыған әлемде өлім жазасын қолданатын мемлекеттер жоқ емес, бар. Мысалы, кейінгі кезде Сингапур мен Жапонияда бұл көрсеткіш біршама өскен. Былтыр Беларусь билігі үш адамды қатыгездікпен өлтірген қылмыскерді атып тастады. Бірбеткей Батька БҰҰ мен Еуроодақтың айыптауларына да пысқырмады. Оны қойшы, демократияның бесігі саналатын, адам құқығын құрметтеуді бәрімізге үйрететін АҚШ-тың кейбір штаттары өлім жазасын әлі күнге дейін пайдаланады. Ирак Елекеевтің бұған қатысты пікірі екіұштылау екен. – Қателеспесем, АҚШ-тың 28 штатында ғана өлім жазасы бар. Басқасында жоқ. Оның әртүрлі себебі бар. Америкада миграция мәселесі өршіп тұр. Қылмыстың көбін қара нәсілділер жасайды. Қазақстанда ондай миграция жоқ. Бізге қатал заң керек. Жол полициясы жұртқа қауіпсіздік белдігін тағуды бір-ақ күнде үйретті ғой. Келісесің бе, жоқ па? – деп Ирак Қасымұлы өзіме сауал қойды. – Келісемін. – Міне, тәртіп болуы керек. Жолполдар белдік тақпаған министрдің өзін ұстап, айыппұл салды. Содан кейін бәрі ойланды, – деп түсініксіздеу тұжырды ағамыз. Халық арасында «ауыр қылмыс жасаған адамды өмір бойы салық төлеушілердің есебінен асырап, бюджеттің ақшасын желге шашқанша, бірден өлім жазасына кескен дұрыс» дейтіндер де кездеседі. Кездеседі дейміз-ау, олардың қарасы қалың, дауысы зор. Ирак Елекеевке осы уәжді келтіріп едік, ағамыз шамданып, шалқасынан түсті. – Айналайын, атың кім сенің? – деп айқай салды. – Еркебұлан... – Еркебұлан, айтшы, қазынадан ұрланған ақша қайда кетіп жатыр? – Қайда кетіп жатыр? – Жекелеген адамдардың қалтасына кетіп жатыр. Мемлекет болған соң ондай шығындар болмай тұрмайды. Көбік сөзді көпіртпей, одан да миллиардтап ұрланып жатқан ақшаны айтайық, – деп әрең басылды. Ары қарай әңгімеміз басқа арнаға ауысып, екеуміз жылы қоштастық.
– Өлім жазасын алып тастау – үлкен қателік. Көптеген ел жазаның бұл түрін сақтап, керісінше көбейтіп жатыр. Одан бас тартудың қажеті жоқ. Бас тартудың соңы адам баласын жаппай қырып-жоюға, ауыр қылмыстарға әкеп соғады. Сондықтан өлім жазасын алып тастауға болмайды әлі. – Әлі дейсіз бе? – Ешқашан алып тастауға болмайды. Өлім жазасының аты – өлім жазасы. Қылмыскер қалай адам өлтірді, солай бірден тозаққа кетуі керек! – деп шорт кесіп, шолақ қайырды академик. Әрине, екі жақтың да дәлелдері көңілге қонымды, талаптары орынды. Жалпы, өлім жазасын қолдану немесе қолданбау туралы талас-тартыс сонау 18 ғасырда басталып, осы тақырыпқа жүздеген ғалым мыңдаған еңбек жазған деседі. Біздің бүгінгі сөз – сол телегей теңізге тамған бір тамшы ғана.Иә, өлім жазасын алып тастауды ұсынатын мамандардың уәжі мұнымен бітпейді. Біреулер «сот қателесіп, жазықсыз адамның өмірін қиюы ықтимал» десе, енді біреулер «пендесінің жанын Алла Тағала ғана алады» дейді. Заң ғылымдарының докторы Арықбай Ағыбаевтың пікірінше, бұл дәйектердің ешқайсысы іс жүзінде оң шешімін таппаған. Өйткені өлім жазасының мақсаты – қылмыстан сақтандыру. Қанды кектен қорыққандар аяғын аңдап басады. Ал жазадан қорықпай, ауыр қылмысқа барғандар – адам кейпін жоғалтқандар. Сондықтан өлім жазасы керек. Жас балаларды зорлау, бір отбасын тұтас қырып кету, теракт жасау секілді жауыздықтарды ештеңемен ақтай алмайсың.