Нұр-Сұлтаннан шығатын жолдың бәрі ақылы болады
Нұр-Сұлтаннан шығатын жолдың бәрі ақылы болады
181
оқылды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақмола облысында өткен қоғамдық тыңдауда өңірдегі автожолдар ақылы болатынын хабарлады.

Ақмола облысы арқылы республикалық маңызы бар 4 автомобиль жолы өтеді. Оның екеуі – Нұр-Сұлтан –Щучинск және Нұр-Сұлтан – Қарағанды жолы бұрыннан ақылы. Биыл облыстағы қалған 2 жол – Нұр-Сұлтан – Павлодар және Нұр-Сұлтан – Қостанай жолы да ақылы болады. Нұр-Сұлтаннан шығысқа қарай жүретін жол төрт жолақты болса, М-36 жолының Қостанайға дейінгі жалғасы көлік легіне байланысты екі жолақты болып қала береді. Мемлекеттік стандарт бойынша көпжолақты тасжол тәулігіне 7 мыңнан астам автокөліктен асқан кезде ғана салынады. Қостанайға апаратын күре жолдағы көлік легі әзірше 5 мыңнан аз. Нұр-Сұлтан – Павлодар тасжолының ұзындығы – 396 км. Ақылы автожол учаскесі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Ерейментау ауданы арқылы өтеді. Мұнда 7 бақылау аркасы орнатылған. Жол 1 техникалық санатқа жататындықтан, ондағы рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығы – сағатына 140 км. Нұр-Сұлтан – Қостанай жолының ұзындығы – 650 км. Жолда 9 арка орнатылып, олар осы көктемде тестілік режимде жұмыс істей бастайды. Сондықтан уақытша бұл жолда жеңіл автокөлік иелері жол жүру ақысын төлемейді. Себебі, учаске 2 және 3 санаттағы жолдар.

Қоғамдық тыңдауда тұрғындар «Балама жолдар қарастырылған ба?» деген мәселені қозғады. «ҚазАвтоЖол»: «Кейбір өңірлерде ақылы бағыттармен қатар тегін маршруттар бар, алайда Қазақстанда жаңа балама жолдар салынбайды. Себебі «Автомобиль жолдары туралы» заңда мұндай міндеттемелер қарастырылмаған»,– деп жауап берді.

Бұған дейін ақылы жолдардың проблемасын бірнеше рет жазған болатынбыз.