1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тарих бетінде өзінің ақтаңдақ таңбасын қалдырғаны даусыз. Жастардың бейбіт шеруінің соңы қанды қақтығысқа ұласып, талай боздағымыз қыршыннан қиылды. Мұзды алаңда айтылған жастардың жалынды сөзін кеңес билігі күшпен басуға тырысқанымен, бұл көтеріліс Қызыл империяның құлауына әкеліп соқты. Желтоқсаншылардың Тәуелсіздікке қосқан үлесі зор. Олардың арасында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің да ерлігі ерекше. Ел үшін туған ер көзі тірі болғанда биыл 55 жасқа келер еді.
Жалпы, Қайрат Ноғайбайұлы 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1973-1981 жылдары Шу ауданы, Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта білім алған. Жастайынан күреспен шұғылданған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ шыншыл, сыншыл, бетке тура айтатын мінезімен ерекшеленген. Сондай-ақ кітапты көп оқып, сөзге де шешен болған. Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаева сауыншы болса, әкесі Ноғайбай бақташылықпен айналысқан. «Қайраттың бетке тіке айтатын мінезін жора-жолдас, ұстаздары мен бүкіл ауыл халқы білетін. Өзге бауырларынан ерекшелігі – ол ақжарқын да ақпейілді, ешкімнің көңілі қалмаса екен деп өскен ұл еді. Оның үстіне өз замандастарының арасында үлгілі де қадірлі болатын», – деп Дәметкен ана қаһарман ұлын еске алғаны есімізде. Қайрат мектеп-интернатта сегіз жыл оқып, үздік бітіреді. Осыдан кейін 1981-1983 жылы Бірлік ауылындағы орта мектепте білімін тереңдетіп, бір жыл Көктерек совхозында мал бағады. Ал 1984 жылы әскер қатарына шақырылып, екі жыл Амур өлкесіндегі Белогор қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. 1986 жылы мамырда әскерден оралғаннан кейін сол жылдың тамызында Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына оқуға түседі. Міне, осы білім ордасында оқып жүріп Қайрат көппен бірге алаңға келеді. 1986 жылдың 18 желтоқсанында сағат таңғы сегіз жарымдар шамасында Алматы қаласының орталық алаңына жиналған екі мыңға жуық жастардың арасында Қайрат Рысқұлбеков те бар еді. Бейбіт шеру қанды қақтығысқа ұласқан кезде Қайрат бір топ жігіттермен Байсейітова көшесінің бойымен Абай даңғылына түседі. Жастар қолдарына таяқ ұстайды, Қайрат та жерде жатқан бір бұтақты көтеріп алады. Қолына таяқ ұстаған Қайратты біреулер сол кезде суретке түсіріп алған екен. Тағы бір деректерге сүйенсек, қазақ қыздары полицейлер тарапынан соққыға жығылып жатқан кезде Қайрат бастаған жігіттер араша түсіп, қақтығысқа араласыпты. Алайда тәртіп сақшысы жеңіл жарақат алғанына қарамастан, Қайратты адам өлтірді деген жаламен ату жазасына кеседі. Бірақ Батыс қауымдастығының қысымынан соң Кеңес одағының басшысы Михаил Горбачев Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековке шығарылған ату жазасын 20 жыл түрмеде отыруға ауыстырады. Алайда Семей түрмесіне жеткізілген Қайрат небәрі 21 жасында камерасында өлі табылады. Бұл Желтоқсан оқиғасына байланысты ең үлкен құпиялардың бірі болып қалды. 13 наурыз күні Қайрат Рысқұлбековтің жерлестері батыр ұлдарын еске алып, рухына құран бағыштады. Ең әуелі Мойынқұм ауданының орталығы Мойынқұм ауылында Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, қаһарман ұлды еске алу шарасы өтті. 1 минуттық үнсіздіктен кейін аудан әкімі Мәден Мұсаев сөз алып, қазақтың қайсар перзентінің өмір жолына тоқталып, оның ерлігі мәңгілік ел есінде, ұрпақ жадында қалатынын жеткізді. Ал Желтоқсан оқиғасына қатысушы Нұржан Сәденов мұндай шаралардың маңызын тілге тиек етіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Желтоқсан оқиғасына айрықша бағасын берді. Президент: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», – деді. Расында біз желтоқсаншылардың ерлігін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, батыр ұл-қыздардың ерлігін жан-жақты насихаттауымыз қажет. Әсіресе, Қайрат Рысқұлбековтей батырдың болмысы кейінгі буынның үлгі тұтар тұлғасына айналуы қажет. Сондықтан бүгінгідей шаралардың тәрбиелік және патриоттық маңызы зор. Сол бір мұзды алаңдағы қанды оқиғаны егеменді елдің жастары енді көрмесін деп тілеймін. Қаһарман ұлдарын ұлықтап жатқан жергілікті билік өкілдеріне айтар алғысым шексіз, – деді Нұржан Сағадинұлы.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы