АТФБанк Jusan Bank-ке қосылады
АТФБанк Jusan Bank-ке қосылады
5,157
оқылды
Jusan Bank пен АТФБанктің акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуы туралы шешім қабылданды, -деп хабарлады jysanbank.kz.   Қосылу нәтижесінде Jusan Bank активтер мен капитал көлемі бойынша Қазақстанның ең ірі банктерінің үштігіне кіретін болады. Осылайша, бірігу аяқталғаннан кейін Jusan Bank  активтерінің көлемі шамамен 3 трлн теңгені құрайды.
«Біз қаржылық позициялары берік және цифрлық сервистері аса ыңғайлы сенімді әрі заманауи банк құрып жатырмыз, – деп атап өтті Jusan Bank Директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу. – Клиенттік базаларды біріктірудің және алдыңғы қатарлы заманауи технологияларды енгізудің арқасында біз біріккеннен кейін 10%-дан жоғары нарықтағы өз үлесіміздің одан әрі қарқынды өсетініне сенімдіміз».
Jusan Bank бүкіл еліміз бойынша 1,1 мың бірліктен асатын ең ірі банкоматтар желісін және 180-нен астам бөлімшені қамтитын болады. АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Біз жеке тұлға клиенттер, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін банктік өнімдерді дамытамыз. Барлық клиенттерге кредит беру, тауарларды бөліп төлеумен сатып алу, сондай-ақ қаражат жинау және өз жинақ қаражатын инвестициялау бойынша бірегей өнімдер ұсынылатын болады. Біздің сервисіміздің ерекшелігі – барлық өнімдерді мобильді және интернет арналары арқылы онлайн алу, – деп бөлісті  Jusan Bank  басқарма төрағасы Айбек Қайып. – Біз АТФБанктің барлық клиенттеріне «қош келдіңіздер» дегіміз келеді және олар Jusan цифрлық экожүйесінің барлық артықшылықтарына өзінің жоғары бағасын береді деген сенімдеміз».  
АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуына рұқсат алу туралы барлық тиісті құжаттар заңнамада белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігіне жіберілетін болады.
«Біз алдағы бірігу процесстерінің әрбір клиентіміз үшін барынша жайлы өтуі үшін бар күшімізді саламыз. Екі банктің бірігуі барысында АТФБанктің барлық бөлімшелері мен сервистері Jusan Bank-ке қызмет көрсетуге толық көшкенге дейін қалыпты режимде жұмысын жалғастыратын болады», – деп атап өтті АТФБанк басқарма төрағасы Галия Маханова.