Шымкент қаласына қарасты 4 ауданның әкімдері ел алдындағы есебін берді. Жылдағы жыр. Сол баяғы есеп, сол баяғы сөздер. Өзгеріс тек цифрларында...
Мәселен, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов ауданда әлеуметтік көмек алған 2 249 отбасының өз кәсібін ашқанын айтты. Оның 760-ы тігін цехын құрып, 550-і кондитерлік өнім шығаруда, ал 743 отбасы мал шаруашылығымен айналысуды қолға алған. 128-і сұлулық салонын, 68-і ағаш өңдейтін цех пен егін шаруашылығымен шұғылдануды бастапты.
Әкім аудандағы 14 елді мекеннің 218 865 тұрғыны үшін күнделікті қажетті инфрақұрылым мәселесі толық шешілгенін атап өтті. Алайда кездесуге келген тұрғындар аудан әкіміне қала ішіндегі көлік қозғалысы, ретсіз сауда, ойын алаңшаларының жоқтығы, автотұрақтардың талаптарға сай келмейтіні жайлы айтып шағымданды.
Ал кейіннен құрылған Қаратау ауданы әкімдігіне қаланың шеткі аймақтарындағы елді мекендер кіреді. Шаһарды миллионды қала жасамақ болып тұрғын санын қолдан көбейткен билік тұрғындарға түсер салмақты сараламаса керек. Бүгінде халқының саны 247 мыңды құрап отырған аймақтың шаруасы да шаш етектен. Құжаттандыру жұмыстарын, тұрғын үйлерін заңдастыруды айтпағанның өзінде тұрғындарының біразы ауызсудың өзін тасымалдап ішеді. Енді біразына су кестемен, сағатпен беріледі. Есепті жиын кезінде жиналғандарға мәселенің біртіндеп шешіліп келе жатқанын түсіндірмек болған Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловты тыңдағандар аз болды. Тұрғындар қордаланып қалған мәселені үсті-үстіне боратып, билік өкілін сұрақтың астына алды. Сайрам тұрғын алабы мен Шапырашты, Өтеміс елді мекендерінің тұрғындары шалғай елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауызсу және электр қуатымен қамту, көшелерді жарықтандыру мен ойын алаңдарын салып беру мәселелерін қозғады. Ал өтемістіктерді ең алдымен тазалық мәселесі мазалайды екен. «Қоқыс шығаратын компания тиісті жұмысын атқармай, жауапкершіліктен қашады, көшеде күл-қоқыс айлар бойы алынбайды», – дейді ауыл тұрғыны Бердалы Райымбеков. Ал Шапырашты тұрғын алабының тұрғыны Нұрмахан Бекбосыновты балалардың болашағы алаңдатады. Жас өскіндердің бос уақытын өткізетін жер жоқ.
Аудан әкімі аумақ тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамту үшін қазір қосалқы электр
стансасы салынып жатқанын, аудан аумағындағы орталық маңызы бар 79 көшені жарықтандыру шаралары жүріп жатқанын айтты.
Шымкент қаласындағы тағы бір аудан ұлы Абайдың есімімен аталады. Аймақтағы негізгі мәселе – заңсыз салынған үйлердің құжаттандырылуы. Жалпы, билік халықты 1 160 үйдің жер телімін өз бетінше иеленіп, тұрғын үй тұрғызып алған деп кінәлайды. Алайда қара халық әкімнің шешімінсіз қара жерге қазық қаға алмайтыны белгілі. Кезінде оңды-солды таратылған жерге берілген шешімнің зардабын енді тұрғындар тартуда. Сонымен қатар мұндағы халықтың біраз бөлігі әлі күнге дейін көмір жағады. Қалтасы көтергендер ғана табиғи газдың қызығын көруде. Аудан әкімі Ғалымжан Төлепов келешекте бұл мәселенің шешімін табатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар аудандағы 1 025 көшенің 596-ына ғана асфальт төселген. 103 көшенің топырағы шығып жатыр. Қыста батпақтың, жазда шаңның зардабын көретін көше тұрғындары әкімге қала статусына лайық емесін айтып ренішін білдірді.
Шымкент қаласының территориясына қосылған қала маңындағы 41 елді мекеннің 15-і осы Еңбекші ауданында орналасқан. Әрі халқы тығыз орналасқан бірден-бір аудан. 15 елді мекеннің әрқайсысында өзіндік проблема жетерлік. Сумен жабдықтау, кәріз және энергиямен қамтамасыз етуде күрделі проблема бар. Қалыпты жолдар жоқ, мектептер жеткіліксіз, арнайы жабдықталған қоқыс полигондары да көрінбейді. Мұның бәрі – шұғыл түрде шешіліп, халықтың өмір сүру жағдайын қалалық стандарттарға жақындатуды талап ететін мәселе.
Әсіресе, Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданынан қосылған Тоғыс елді мекені тұрғындарын мазалайтын мәселе көп. Оның бірі – ағынды судың Бадам өзеніне құйылып жатуы. Сондай-ақ үлкен жолдың бойындағы мектептің айналасы асфальтталуы керек. Есепті жиында ардагерлер аудан әкімі Ғалымжан Ильясовтан осыны сұрады. Сонымен бірге электр қуатымен қамтамасыз ету де ойдағыдай емес. Тұрғындардың 88 пайызы тұрақты электр энергиясын алады. Тағы 7 пайызы жеке желілерді пайдаланғандықтан, мұндай электр энергиясының құны қымбатқа түседі. Салдарынан желіде кернеудің жиі төмендеуі, желілердің күшеюі байқалады. Халықтың шамамен 5 пайызы электр жарығынсыз өмір сүруге мәжбүр.
Қала әкімінің тапсырмасымен биыл көпқабатты 64 үйдің ауласы абаттандырылып, балаларға ойын алаңшалары орнатылмақ. Жалпы, биыл абаттандырылған аулалар саны 90 пайызға жетпек. Жиында тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, абаттандыру, көпқабатты үйлердің ауласын жарықтандыру мен ойын алаңшаларын салу, қоғамдық көлік мәселелері көтерілді.
Тұрғындарды көшелерге атау беру мен тақтайша ілу мәселесі де мазалайды екен. Ал Жібек жолы көшесінің тұрғындары ауладағы бос жерге спорт алаңшасын салып беруді өтінді. Күншығыстардың қоғамдық көлік бағытына көңілі толмайды.
Міне, осыдан 1,5 жыл бұрын республикалық маңызға ие қала болған үшінші мегаполистің бүгінгі сиқы. Осынау мәселесі шаш етектен болып отырған тұрғындарды қазіргі биліктің жиі-жиі ауысуы да, «мәдени астана» жылына орай ұйымдастырылатын іс-шарасы да қызықтырмайды. Оларға газ, су, жарық, сапалы жол және дұрыс ұйымдастырылатын қоғамдық көлік болса болғаны...
PS.
Айта кетейік, биыл қаладағы әр ауданға 1 миллиард теңгеден бөлініп отыр. Енді бұл қаржы басқа жаққа бағытталып кетпей, жақында тағайындалған қала әкімі М.Әйтенов осы қаржының мақсатты жұмсалуын қадағаласа екен дейміз...