Олар ишара тіліне мұқтаж
Олар ишара тіліне мұқтаж
177
оқылды

Ымдау тілін түсінетін адам­ға қызыға қарайтынымыз бар. Иә, бөлек әлем сияқты кө­рі­не­ді. Расымен, сурдоаудар­ма­шы­­­­лардың жұмысы қиындық пен қызыққа толы. Қоғамда жиі мәселе көтерілмегеннен бе, бұл жұмыстың қыр-сырына мән бермейміз. Есту қабілеті тө­мен жаннан «телеарнадағы кон­тентке көңілің тола ма?» деп ымдап көрдіңіз бе? Мүм­кін ол ойындағысын жеткізе ал­май жүрген болар.

Кино мен видеоны ымдау тіліне аудармайды

Қоғамда сурдоаудармашыға сұ­ра­ныс бар. Тіпті, керек кезінде бай­­ланыса алмай жатамыз. Мә­се­лен, жақында есту қабілеті төмен кә­сіпкер қызбен сұхбаттасудың жолын таба алмадық. Сөйтіп, оның жұ­мыстан соң үйіне, анасының жа­нына баруын күттік. Нәтижесінде, сұх­батты кейінге қалдырдық. Біраз уақыт өткен соң анасы қоңырау ша­лып, сурдоаудармашы жалдау қо­сымша қаражатты талап ететінін ай­тып қалды. Байқап қарасақ, саңы­рау адамдарға қоғаммен етене жа­қын болуы үшін сурдоаударма ауа­дай қажет. Тығырықтан шығар жол ретінде WhatsApp, YouTube барын айтарсыз. Бірақ аталғандар тіршілікпен біте қай­насуға жеткіліксіз екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Сонда олар қо­ғам­ды телеарна арқылы жақыннан та­нитыны еске түседі. Ал мүгедектер телеарнадан не тамашалап жүр? «Көбіне, Qazaqstan арнасынан жаңалықтар, КТК-дан «Астарлы ақи­қат» бағдарламасын көремін. Өйт­кені жаңалықтарда сур­доау­дарма, бағдарламада субтитр бар. Түрлі сайттан түрік сериалдарын суб­­титрмен көремін. Иә, телеар­на­лар­­дағы телехикаяларда субтитр бар. Бірақ арасында оқып үлгерме­сең, жарнама көп. Бізде кино мен ви­деоларды ымдау тіліне аудармай­ды. Облыс пен аудандардан әндерді аударатындарды тани­мын. YouТube-тен ымдау тілінде ән­дерді жиі тыңдаймын. Әсіресе, Ре­сейде осы істің мамандары мені тән­ті етеді», – дейді ІІІ топтағы мү­ге­дек Меруерт Әбілғазина. Иә, «Астарлы ақиқатты» қарай­мын дегенде сіз де ойланып қал­дыңыз, білем. Демек, есту қабілеті тө­мен адамдар телеарнадан жақсы кон­тент таба алмай отыр. Керегін әлеу­меттік желі мен интернеттен із­дейді. Алайда бәрінде мұндай мүм­кіндік бар ма? Айналып келген­де, жаңалық көріп, субтитрі бар бол­са, телехикая тамашалайды. Яғ­ни, мемлекеттік арналарда мүге­дек­тердің білімін жетілдіріп, көк­жие­гін кеңейтуге арналған бағдар­ла­ма жоқ. Бұлай дейтініміз, маман­дар­дың есту қабілеті төмен жандар­дың арасында сауаты төмен адам­дар­дың көп екенін айтқаны бар. «Кинотуындыларға сурдоау­дар­ма жасау үлкен еңбекті талап етеді. Бірге жылап, бірге күлуіңіз керек. Мұн­да ым-ишара тілін білу жеткі­лік­сіз. Елімізде телешоуларға сур­доау­дарма жасау жолға қойылма­ған­ы тағы бар. Өз басым Ақтөбедегі Н.Жантөрин атындағы театрда тен­дер бойынша 8 спектакльге сур­доаударма жасадым. 1 қойылым орыс тілінде, 7 қойылым қазақ ті­лін­де жүрді. Жаңалықтарды оқы­ған­да естігеніңді ым-ишара тілімен жеткізесің. Ал мұнда актерлік ше­берлік пен ниет қажет. Сонда мүге­дек­терге арналған қойылым ақылы болды. Оларға көрініс тамашалаған ұнады. Бірақ күндегісіне күнде ақ­ша төлеп келуге қиналды. Сон­дық­тан демеушілер тауып, мүгедек жан­­дарды қуантуға тырыстық», – дей­ді сурдоаудармашы Ардақ Жақ­сылықова.

Өңірлерде маман тапшы

Айтолқын Ниетәлінің әлеу­мет­тік желідегі видеоларын есту қа­бі­леті төмен жандар жылы қабылдай­ды. Өйткені оның әндерін ымдау ті­ліне аударып, іс-қимылмен көр­сет­кеніне қарапайым оқырман да тәнті болған-ды. Кейіпкеріміз сур­допедагогиканы арнайы меңгер­ген. Сондықтан саңыраулар әлемін жақсы біледі. Реті келсе, барынша кө­мектесуді қалайды. Оны мазалай­тын сұрақ та осы. Айтолқын Бөлек­бай­қызының айтуынша, қазір адам­дар ым-ишара тілін курстан үй­реніп, сертификат алуға құмар. Бі­рақ есту қабілеті төмен адамның жағ­дайын түсініп, тереңіне бойлай ал­майды. Ал мүгедек жанға өзін түсі­нетін жанның көмек қолын соз­ғаны демеу емес пе? Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында сурдоау­дар­ма­шылар көп болғанымен, өңір­лер­де маман тапшы екен. «Есту қабілеті төмен жандардың әле­міне үңілген ұнайды. Негізінен, ма­ман тапшы. Ым-ишара тілін «мү­гедек жандардың тілін түсінейін, қо­ғамда қалыптасуына көмекте­сейін» деп үйренетіндер аз. Осы жағынан мәселе бар. Сурдоау­дар­ма­шының курсын аяқтағанымен, сур­допедагогикадан хабары жоқ. Курс жайына келсек те, білімін же­тіл­діргісі келетіндерге өңірлерде бі­лім беретіндер санаулы. Мысалы, Қы­зылорда қаласында осы саланы жақ­сы білетін бір ғана адам бар. На­зар аударсаңыз, есту қабілеті тө­мен адамдар республика бойынша же­терлік. Бірақ оларға ақпарат жет­кізудің өзін жолға қоя алмай отыр­мыз. Одан бөлек, аталған сала бойын­­ша терең білім беретін са­наулы университет бар», – дейді ым­­дау тілінің маманы Айтолқын Бөлекбайқызы.

Сауаты төмен адамдар бар

Әлеуметтік ортада жұмыс іс­тей­тін ымдау тілінің маманы Алина Мұ­­ха­метбек болса, бізді сур­доау­дар­мамен жақын таныстырды. Түрлі оқиғаларды баяндап, бірлес­тік­тегі жұмысынан да хабардар етті. Сур­доаудармашының білімді бол­ғаны мүгедек жанға таптырмас кө­­мек екенін де қосты. Ымдау тілі маманы оларға кез келген уақытта қажет. Өйткені оған дүкенге барып, нан сатып алу да қиындық тудыра­ды. Өзіне қара нан керегін түсіндіре алмайтындар бар. Мұндай жағдай ем­ханада, әлеуметтік ортада, үкі­мет­­тік емес ұйымда да болуы мүм­кін­. Ойларын тек ымдау тілінде жет­­­­кі­зе алады. Себебі көбіне есту қа­­­­білеті төмен жандардың сауаты тө­­мен. Бәрінде бірдей мектепте оқу­­ға мүмкіндік жоқ. Оның ай­туын­­ша, олар интернет немесе га­зет арқылы жұмыс туралы ха­бар­ла­ма тауып, ымдау тілі маманының кө­мегіне жүгінеді. Мысалы, маман те­лефон арқылы жұмыс берушімен сөй­лесіп, мән-жайды түсіндіреді. Жұ­мыс іздеп жүрген адамға түйін­де­ме жасап, құжаттарын рәсімдеуге кө­мектеседі. Кейіннен ымдау тілі ма­маны мен есту қабілеті төмен адам бірге жұмысқа барады. Ар­тын­ша сурдоаудармашы оған міндетін, жұ­мыс уақытын тәптіштеп түсін­ді­ріп береді. Егер жұмыс барысында қан­дай да бір қиындық туса, ма­ман­дар видеоқоңыраумен болса да бай­ланысқа шығады. «Кейде түнде жол-көлік оқи­ғасы болады. Полиция бөлімшесіне бар­ған есту қабілеті төмен жанға кө­мектесу үшін түнде біз де бірге бара­мыз. Осы орайда, бір оқиға есі­ме түсіп отыр. Бірде баласы ауыр­ған мүгедек ата-ана түнгі 3-4 ша­масында видеобайланысқа шық­ты. Олар жедел жәрдем шақыра ал­ма­ған. Ауруханаға хабарласып, же­дел жәрдемнің келгенін қадаға­ла­дым. Бірлестіктегі әр сурдоау­дар­машы осылай істейді. Болмаса, бір­ге ауруханаға барып, дәрігерлер­мен тілдесіп, таңға дейін мүгедек­тер­­дің жанында жүреді. Біреуге ым­дау тілі оңай көрінуі мүмкін. Мүлдем олай емес. Сурдоау­дарма­шы­лар қиын жағдаймен бетпе-бет ке­летін жандар», – дейді Алматы об­лы­сындағы есту қабілеті төмен жан­дар қоғамының төрайымы Рау­шан Құдайбергенқызы. Әр кейіпкермен сөйлескенде мә­селенің түйіні тереңде жатқанын түсіндік. Әлі де өңірлерде инклю­зив­ті білім беру, маман дайындау ісі жол­ға қойылмаған. Жұмыспен қам­тудың өзі жеке тақырып. Аудиокітап пен білімін жетілдіруге арналған бағ­дарламалар жайы тағы бар. Олар қо­ғаммен етене араласқысы келеді. Бірақ біз оларға ыңғайлы жағдай жа­сай алмай жатырмыз. Елімізді көр­кейтеміз деп аспанға қол соз­ған­да, мүгедектерге баспалдақ ұсынуды ұмытып кетпесек бол­ға­ны...

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ