Ымдау тілін түсінетін адамға қызыға қарайтынымыз бар. Иә, бөлек әлем сияқты көрінеді. Расымен, сурдоаудармашылардың жұмысы қиындық пен қызыққа толы. Қоғамда жиі мәселе көтерілмегеннен бе, бұл жұмыстың қыр-сырына мән бермейміз. Есту қабілеті төмен жаннан «телеарнадағы контентке көңілің тола ма?» деп ымдап көрдіңіз бе? Мүмкін ол ойындағысын жеткізе алмай жүрген болар.
Кино мен видеоны ымдау тіліне аудармайды
Қоғамда сурдоаудармашыға сұраныс бар. Тіпті, керек кезінде байланыса алмай жатамыз. Мәселен, жақында есту қабілеті төмен кәсіпкер қызбен сұхбаттасудың жолын таба алмадық. Сөйтіп, оның жұмыстан соң үйіне, анасының жанына баруын күттік. Нәтижесінде, сұхбатты кейінге қалдырдық. Біраз уақыт өткен соң анасы қоңырау шалып, сурдоаудармашы жалдау қосымша қаражатты талап ететінін айтып қалды. Байқап қарасақ, саңырау адамдарға қоғаммен етене жақын болуы үшін сурдоаударма ауадай қажет. Тығырықтан шығар жол ретінде WhatsApp, YouTube барын айтарсыз. Бірақ аталғандар тіршілікпен біте қайнасуға жеткіліксіз екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Сонда олар қоғамды телеарна арқылы жақыннан танитыны еске түседі. Ал мүгедектер телеарнадан не тамашалап жүр? «Көбіне, Qazaqstan арнасынан жаңалықтар, КТК-дан «Астарлы ақиқат» бағдарламасын көремін. Өйткені жаңалықтарда сурдоаударма, бағдарламада субтитр бар. Түрлі сайттан түрік сериалдарын субтитрмен көремін. Иә, телеарналардағы телехикаяларда субтитр бар. Бірақ арасында оқып үлгермесең, жарнама көп. Бізде кино мен видеоларды ымдау тіліне аудармайды. Облыс пен аудандардан әндерді аударатындарды танимын. YouТube-тен ымдау тілінде әндерді жиі тыңдаймын. Әсіресе, Ресейде осы істің мамандары мені тәнті етеді», – дейді ІІІ топтағы мүгедек Меруерт Әбілғазина. Иә, «Астарлы ақиқатты» қараймын дегенде сіз де ойланып қалдыңыз, білем. Демек, есту қабілеті төмен адамдар телеарнадан жақсы контент таба алмай отыр. Керегін әлеуметтік желі мен интернеттен іздейді. Алайда бәрінде мұндай мүмкіндік бар ма? Айналып келгенде, жаңалық көріп, субтитрі бар болса, телехикая тамашалайды. Яғни, мемлекеттік арналарда мүгедектердің білімін жетілдіріп, көкжиегін кеңейтуге арналған бағдарлама жоқ. Бұлай дейтініміз, мамандардың есту қабілеті төмен жандардың арасында сауаты төмен адамдардың көп екенін айтқаны бар. «Кинотуындыларға сурдоаударма жасау үлкен еңбекті талап етеді. Бірге жылап, бірге күлуіңіз керек. Мұнда ым-ишара тілін білу жеткіліксіз. Елімізде телешоуларға сурдоаударма жасау жолға қойылмағаны тағы бар. Өз басым Ақтөбедегі Н.Жантөрин атындағы театрда тендер бойынша 8 спектакльге сурдоаударма жасадым. 1 қойылым орыс тілінде, 7 қойылым қазақ тілінде жүрді. Жаңалықтарды оқығанда естігеніңді ым-ишара тілімен жеткізесің. Ал мұнда актерлік шеберлік пен ниет қажет. Сонда мүгедектерге арналған қойылым ақылы болды. Оларға көрініс тамашалаған ұнады. Бірақ күндегісіне күнде ақша төлеп келуге қиналды. Сондықтан демеушілер тауып, мүгедек жандарды қуантуға тырыстық», – дейді сурдоаудармашы Ардақ Жақсылықова.Өңірлерде маман тапшы
Айтолқын Ниетәлінің әлеуметтік желідегі видеоларын есту қабілеті төмен жандар жылы қабылдайды. Өйткені оның әндерін ымдау тіліне аударып, іс-қимылмен көрсеткеніне қарапайым оқырман да тәнті болған-ды. Кейіпкеріміз сурдопедагогиканы арнайы меңгерген. Сондықтан саңыраулар әлемін жақсы біледі. Реті келсе, барынша көмектесуді қалайды. Оны мазалайтын сұрақ та осы. Айтолқын Бөлекбайқызының айтуынша, қазір адамдар ым-ишара тілін курстан үйреніп, сертификат алуға құмар. Бірақ есту қабілеті төмен адамның жағдайын түсініп, тереңіне бойлай алмайды. Ал мүгедек жанға өзін түсінетін жанның көмек қолын созғаны демеу емес пе? Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында сурдоаудармашылар көп болғанымен, өңірлерде маман тапшы екен. «Есту қабілеті төмен жандардың әлеміне үңілген ұнайды. Негізінен, маман тапшы. Ым-ишара тілін «мүгедек жандардың тілін түсінейін, қоғамда қалыптасуына көмектесейін» деп үйренетіндер аз. Осы жағынан мәселе бар. Сурдоаудармашының курсын аяқтағанымен, сурдопедагогикадан хабары жоқ. Курс жайына келсек те, білімін жетілдіргісі келетіндерге өңірлерде білім беретіндер санаулы. Мысалы, Қызылорда қаласында осы саланы жақсы білетін бір ғана адам бар. Назар аударсаңыз, есту қабілеті төмен адамдар республика бойынша жетерлік. Бірақ оларға ақпарат жеткізудің өзін жолға қоя алмай отырмыз. Одан бөлек, аталған сала бойынша терең білім беретін санаулы университет бар», – дейді ымдау тілінің маманы Айтолқын Бөлекбайқызы.Сауаты төмен адамдар бар
Әлеуметтік ортада жұмыс істейтін ымдау тілінің маманы Алина Мұхаметбек болса, бізді сурдоаудармамен жақын таныстырды. Түрлі оқиғаларды баяндап, бірлестіктегі жұмысынан да хабардар етті. Сурдоаудармашының білімді болғаны мүгедек жанға таптырмас көмек екенін де қосты. Ымдау тілі маманы оларға кез келген уақытта қажет. Өйткені оған дүкенге барып, нан сатып алу да қиындық тудырады. Өзіне қара нан керегін түсіндіре алмайтындар бар. Мұндай жағдай емханада, әлеуметтік ортада, үкіметтік емес ұйымда да болуы мүмкін. Ойларын тек ымдау тілінде жеткізе алады. Себебі көбіне есту қабілеті төмен жандардың сауаты төмен. Бәрінде бірдей мектепте оқуға мүмкіндік жоқ. Оның айтуынша, олар интернет немесе газет арқылы жұмыс туралы хабарлама тауып, ымдау тілі маманының көмегіне жүгінеді. Мысалы, маман телефон арқылы жұмыс берушімен сөйлесіп, мән-жайды түсіндіреді. Жұмыс іздеп жүрген адамға түйіндеме жасап, құжаттарын рәсімдеуге көмектеседі. Кейіннен ымдау тілі маманы мен есту қабілеті төмен адам бірге жұмысқа барады. Артынша сурдоаудармашы оған міндетін, жұмыс уақытын тәптіштеп түсіндіріп береді. Егер жұмыс барысында қандай да бір қиындық туса, мамандар видеоқоңыраумен болса да байланысқа шығады. «Кейде түнде жол-көлік оқиғасы болады. Полиция бөлімшесіне барған есту қабілеті төмен жанға көмектесу үшін түнде біз де бірге барамыз. Осы орайда, бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде баласы ауырған мүгедек ата-ана түнгі 3-4 шамасында видеобайланысқа шықты. Олар жедел жәрдем шақыра алмаған. Ауруханаға хабарласып, жедел жәрдемнің келгенін қадағаладым. Бірлестіктегі әр сурдоаудармашы осылай істейді. Болмаса, бірге ауруханаға барып, дәрігерлермен тілдесіп, таңға дейін мүгедектердің жанында жүреді. Біреуге ымдау тілі оңай көрінуі мүмкін. Мүлдем олай емес. Сурдоаудармашылар қиын жағдаймен бетпе-бет келетін жандар», – дейді Алматы облысындағы есту қабілеті төмен жандар қоғамының төрайымы Раушан Құдайбергенқызы. Әр кейіпкермен сөйлескенде мәселенің түйіні тереңде жатқанын түсіндік. Әлі де өңірлерде инклюзивті білім беру, маман дайындау ісі жолға қойылмаған. Жұмыспен қамтудың өзі жеке тақырып. Аудиокітап пен білімін жетілдіруге арналған бағдарламалар жайы тағы бар. Олар қоғаммен етене араласқысы келеді. Бірақ біз оларға ыңғайлы жағдай жасай алмай жатырмыз. Елімізді көркейтеміз деп аспанға қол созғанда, мүгедектерге баспалдақ ұсынуды ұмытып кетпесек болғаны...Айзат АЙДАРҚЫЗЫ