Жамбыл облысында азық-түлік бағасы байлауға көнбей, өсіп барады. Бір жетіде 12 түрлі тауардың бағасы бірден шарықтаған. Бұқараның қалтасына салмақ салған қымбатшылықтың себебін анықтауда атқамінерлер аянып жатқан жоқ. Алайда одан шығып жатқан нәтиже бар ма?
19 тауардың 12-і қымбаттаған
Ең әуелі әлеуметтік маңызы бар тауар құнын мемлекеттік қолдау арқылы төмендетеді делінген «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының «Өңірлік әлеуметтік тұрақтандыру қорының» жұмысы жүрісінен жаңылғандай. Олай дейтініміз – әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 12-інің бағасы шарықтап тұр. Облыстық Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, аталған тауарлардың ішінде қарақұмық жармасының бағасы – 6,9 пайызға, күнбағыс майы – 8,6, қырыққабат – 9, картоп – 8,2 және жұмыртқа 10,1 пайызға артқан. Жекелей айтсақ, Тараз қаласында 5 тауардың, Байзақта – 6, Жамбылда – 3, Жуалыда – 11, Меркіде – 3, Т.Рысқұловта – 3, Қордайда – 4, Шуда – 5, Мойынқұмда – 6, Таласта – 7 және Сарысу ауданында 2 тауардың бағасы өскен. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен жиында көтеріліп, бірқатар жайт бүкпесіз айтылды. Мәселен, облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтың айтуына қарағанда, өңірде былтыр пияздың көлемі қомақты болғанымен, жыл басынан бері пияз 62 пайызға қымбаттап кеткен.Сырттан келетін тауарға қашанғы тәуелді боламыз?
Шынында, былтыр пияз өнімін жинау бойынша рекордтық көрсеткішке жетіп, аталған өнімді өңірдің брендіне айналдырамыз деп жүргенде оның бағасы 62 пайызға қымбаттауы санаға сыймайды. Ал облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, бағаның бұлқынуы сырттан келетін тауарларға тікелей байланысты көрінеді. – Алматы қаласы мен басқа да өңірлердегі құс тұмауының салдары өндірістің төмендеуіне әсер етті. Облыс минималды сұраныстың 25 пайызын аталған өңірлер арқылы шешіп отырғандықтан, өнім өндірушілер бағаны жем және дәрі бағасымен байланыстырып өсірді. Әйтсе де, алдағы мамыр айында жағдай реттеледі деген болжам бар. Өсімдік майының қымбаттауына өткен жылдың тамызынан бастап шикізаттың бағасы 110 теңгеден 235 теңгеге көтерілуі сеп болған. Бұл Алматы және Шығыс Қазақстан облысынан келетін өнімнің бағасына әсер етті. «Шедевр», «Маслозавод» өнімдері орташа есеппен 620 теңгеден жеткізіліп жатса, бөлшек сауда орындарында бұл 650 теңгеден саудалануда. Күнбағыс майының бағасын өсірмеу шаралары әлеуметтік дүкендер мен негізгі 6 сауда желілері арқылы жүргізіліп, баға айырмасына байланысты қордағы 420 теңгенің майына тұрғындар тарапынан сұраныс артқан. Жыл басынан бері өсімдік майының 42 тоннасы өткеріліп, қазір қорда екі аптаға ғана жететін 9 тонна өсімдік майы қалып отыр. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру жоспарына ұсыныстар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына 12 ақпанда жолданғанымен, жауап әлі күнге келмеді. Корпорация қоры жеткілікті картоп, қант, сәбіз, пияз, нан жеткізу көлемін арттыру, ал қоры жеткіліксіз жұмыртқа, күнбағыс майын, қарақұмықты және тағы басқа тауарларды қосымша сатып алу жөнінде берілген тапсырмаға сай жұмыс істемей отыр, – дейді Қайрат Тілеубайұлы.Қазынадан қаралған қаржының қайтарымы қайда?
Бұдан бөлек, аудандарға қажетті тауарды айналым жүйесі бойынша босатылатын өнім есебінен тікелей өткеру жөнінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына» тапсырма берілгенімен, бұған қатысты да жүйелі жұмыс жүргізілмеген. Тіпті, корпорация нақты мәлімет беруге де құлық танытпаған. Осыған орай, басқарма басшысы корпорацияның орындаушылық тәртібін қатаң бақылау қажетін ұсынды. Бұған негіз де жоқ емес. Олай дейтініміз бүгінге дейін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына» басқарма тарапынан 11 хат жолданғанымен, бірде-біреуіне жауап берілмеген. Ал ағымдағы жылы тұрақтандыру қорындағы 632 миллион теңге 14 субъектіге берілгенімен, кәсіпкерлер белгілеген сауда орындарындағы бағаны тұрақтандыру, өткеру көлемін қамту шараларын жүйесіз ұйымдастырған. Тіпті, картопты сату жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Мәселен, «Көкжиек» ЖШС қаңтар-ақпан аралығына белгіленген 25 миллион теңге өнімінің тек 5,6 миллион теңгелік өнімін ғана өткерген. Дәл сондай «БМК» ЖШС берілген 26 миллион теңгенің тек 7,6 миллион теңгесінің қайтарымы болған. Картоп өндірушілерге берілген 127 миллион теңге несиенің есебі болса мүлде жасалмаған.Жауаптылар қызметінде қалғып отырса, баға қалай байлауға көнеді?
Иә, мәселенің себебімен емес, салдарымен күресуге бүгінде етіміз үйренді. Бағаны басынан бақылауға алмай, әбден шарықтаған кезде кінәліні іздеп, алаөкпе боламыз. Ал бағаның қымбаттауының басты себебі – сырттан келетін тауарларға байланысты болып тұрғанын әркімнің іші біліп тұр. Былтыр мол көлемде пияз өндірген едік, оны да сыртқа жіберіп, енді көктемде қайта қымбатқа сатып алып жатырмыз. Сонда «пияз шаруашылығы бойынша республика көлемінде көш бастадық» деп «бөркімізді аспанға атып» қуанғанымыздан не пайда? Негізі, жамбылдық шаруалар дала жұмыстарын дер кезінде бастап, қолдан келгенше өнім өндіруде. Алайда оны сақтайтын облыста қойма болмай тұрған секілді. Олай дейтініміз – өз өнімімізді сыртқа саудалап, көктемде өзге өңірлерден қымбатқа тауар сатып алып жатқанымызды қалай түсіндіруге болады. Оған қоса, бағаны бақылауда ұстайды деген «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» қоры да сенімді ақтамауда. Ал аталған мекеменің басшысы Олжас Қаржауов жуырда Жуалы ауданына әкім болып тағайындалғанын ел жақсы біледі. Демек, оның орнына келген адамға корпорациядағы келеңсіздіктерді қалпына келтіріп, алдыңғы басшының жаза басқан тұстарын жуып-шаюға тура келеді деген сөз. Ал мұндай тірлік ешкімге абырой әкелмейтіні белгілі. Ең бастысы, әлемдік пандемия кезінде азық-түлік бағасы бұқараның қалтасына салмақ салмай, жауапты мамандар қызметінде қалқымаса игі.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы