Газдың арзандығы желіге сор...
Оңтүстік өңірдегі ұзындығы 2 500 шақырым газ құбырын игеріп отырған мамандармен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме саланың жай-күйі туралы өрбіп, өте ауқымды инфрақұрылымның кей нысандарын да аралап көрдік.
Қысқаша айтқанда, кеңестік дәуірден қалған газ тасымалы инфрақұрылымын жамап-жасқап жүрген мамандар саланың жағдайы ауыр екенін айтып отыр.
Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағына табиғи газды магистральдік тасымалдау жұмыстарын «Шымкент» магистральді газ құбырлары басқармасы жүзеге асырады. «Бұқара газды ауданы – Бішкек–Ташкент–Алматы», «Газли–Шымкент», «Қазақстан–Қытай», «Бейнеу–Бозой–Шымкент» және ұзындығы 97 км шақырым ГТС-тегі газ құбырлары газ мамандарының қарауында. Оған 21 газ айдау агрегаттарының паркі бар компрессорлық стансалары мен Шымкент қаласында 4, Түркістан облысы бойынша 25 газ тарату стансасы кіреді.
Алайда стансалардағы құрылғылар өткен ғасырдың 60-жылдарында салынғанын біреу білсе, біреу белмейді. Үлкен қысыммен жұмыс істейтін газ тарату құбырларының, газды бөлетін желілердің және жерасты газ сақтау қоймасындағы агрегаттардың тоз-тозы шығып бара жатқанын көзбен көрдік. Мамандардың өз ісіне жаны күйгендіктен дабыл қаға бастағанына көз жетті. Яғни, газға қатысты ескі желілер күн өткен сайын техногендік апатқа қарай бет алды десек, артық айтқандық емес.
Газ саласы ардагерлер кеңесінің облыстық филиал директоры Полат Құнанбаев өткенді еске ала отырып әңгіме сабақтады. «Казтрансгаз» компаниясы 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына кірген кезде газ желілері мен ондағы жабдықтар тозып, кейбіреулері жұмыс істемей тұрған. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде Мақтаарал өңіріндегі барлық ауылға табиғи газ жеткізіліп тұратын. Алайда 2000 жылға қарай орталығы жетісайлықтар ғана көгілдір отынға қол жеткізіп, ал газ желілерінің нашарлауына байланысты аудан ауылдарында газ ажыратылды. Оның үстіне жыл сайын тұтынушылар саны артып, жүйеге түскен жүктеме де көбейген. Өндірістен әлдеқашан шығарылған қосалқы бөлшектер, газ құбырындағы ескірген жабдықтарды қалыпты жұмыс режиміне қосу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатыр. Бірақ ендігі жерде толығымен қайтадан жаңартпасақ хал мүшкіл», – дейді сала ардагері.
Маманның сөзінше, жабдықтар тек ескіріп қойған жоқ, жарамсыз десе де болады. «Магистральдік және тарату желілерінің тозуы, сондай-ақ табиғи газды тұтынушылардың артуы форс-мажорлық жағдайға әкелуі мүмкін. Жалпы, аймақтағы газ саласын түбегейлі жаңғырту үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет», – дейді Полат Бегайдарұлы.
Тағы бір мысал. Сарыағаш ауданы аумағында орналасқан «Полторацкое» жерасты газ сақтау қоймасының компрессорлық стансасы посткеңестік кеңістіктегі ең көне газ тасымалдау жүйелерінің бірі. Пайдалану мерзімі талап бойынша 30 жыл болса, дәл қазір 20 жыл артығымен жұмыс істеп тұр екен. Ыңыранып тұрған даусына қарап-ақ түңілгендей болдық.
Стратегиялық нысан өзінің екінші ресурсын орындап жатса, магистральдық газ құбырлары нысандарының басым бөлігіндегі жағдай да осы шамалас екен.
«Облыс даму үстінде. Оның газға деген өсіп жатқан сұранысын өтеуге әзірге бізде мүмкіндік те қаражат та жоқ. Біздің нысандар арқылы көршілес Жамбыл, Алматы облыстары, сондай-ақ Өзбекстанның шекаралас өнеркәсіптік аудандары да газбен жабдықталып отыр. Газ тасымалдау жүйесі объектілерінің ағымдағы техникалық жай-күйі, олардың қатты тозуы істен шығу қаупін тудырып, төтенше жағдайға апаруы мүмкін. Әсіресе, жылыту маусымы кезеңінде газ тасымалдау көлемі артып, құбырлары мол жүктемемен жұмыс істеген кезде адам шығыны, ғимараттардың қирауы және стратегиялық энергетикалық объектілердің толық тоқтап қалуының салдары ауқымды болады. Мәселен, ұңғымалары 50 жылдан аса пайдаланылып келе жатқан «Полторацкое» газ қоймасындағы объектілері елді мекендерге тікелей жақын орналасқан. Батыс күмбезінің ГТП-1 Жібек жолы кентінің жанында орналасқан және Өзбекстанмен мемлекеттік шекараға жапсарлас тұр. Коммуникациялардағы қысым 90 кгс/см2-ден асатынын ескерсек, бұл халыққа үлкен қауіп төндіреді», – дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» ӨМГ директорының бірінші орынбасары Абай Байқұлов.
Магистральді газ құбырының 530 шақырым учаскесі «Жібек Жолы» (Қазығұрт) кеден бекетінің астында жатыр. Талап бойынша нысандар учаскеден 300 шақырым қашықтықта орналасуы тиіс. Алайда мұндағы дүкендер мен айырбастау пункттері 1 метр қашықтықта ғана орналасқан. Ал кеден бекетіне жиналған адамдар мен автокөліктердің көптігінде шек жоқ. Аса қауіп төндіретін қысымы жоғары магистральді газ құбыры үшін басқарма тарапынан жоба жасалыныпты.
Абай Мұхтарұлы осынша нысанды толығымен бұзуға жібере алмайтынын, сондықтан газ құбырларын кеден бекетін айналып өтетіндей салуды жоспарлап қойғанын, дегенмен оған да қыруар қаржы керек екенін айтады.
Абай Мұхтарұлының айтуынша, бір ғана Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағының газ құбырларын толығымен жаңарту үшін кететін шығын миллиардтаған сома болды. Дәл қазіргі Ұлттық оператор тарапынан бөлініп жатқан қаржы осынау қондырғыларды саланың қазіргі деңгейін ұстап тұруға ғана жетеді.
Шымкент қаласындағы 5 аумаққа газ жіберетін ГРС-4 1970 жылдары салыныпты. Мұнда да үлкен проблема бар. Құбырларда мұз қатып қалған, егер бұдан да қатты суық болып, құбыр ішіне мұз қатса бүкіл қала табиғи газсыз қалмақ. Басқарма басшылығы әр 5 жыл сайын құбырішілік диагностика жасалуы тиіс екенін, ол да үлкен қаржыны қажет ететінін айтады. Алдағы үшжылдық, ары кеткенде бесжылдықта осынау проблемалы инфрақұрылым түгел жаңартылуы тиіс.
Байқағанымыздай, газ саласының түйткілі тым ауқымды. Стратегиялық маңызды саланың болашағына алаңдасақ шапшаң қимыл керек.
Сөз соңында түйгеніміз, осы газ бағасын әлем бойынша ең арзан, ең төмен деңгейде ұстап тұрамыз деп жүріп, қолдағы бардың күйін нашарлатып алған жоқпыз ба осы?
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы