Қарызын қайтарғысы келмеген ер адам танысын қылқындырып өлтіріп, көміп тастаған
Қарызын қайтарғысы келмеген ер адам танысын қылқындырып өлтіріп, көміп тастаған
102
оқылды

Түркістан облысында із-түзсіз жоғалған ер адам кісі қолынан қаза тапқаны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция басқармасына 14 наурыз түнгі сағат 23:00 шамасында әйел күйеуінің із-түзсіз жоғалғаны туралы айтып, арызданды. Сайрамдық сақшылар арызды бірден тіркеп, жоғалған азаматты іздестіруге кіріскен. Жан-жаққа іздеу салынып, аудандық полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Аудандағы такси жүргізушілерінен және көруі мүмкін деген тұрғындардан сұрақ-жауап алынды. Атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде аудан полицейлері күдіктінің ізіне түсті. Оның түр-тұлғасын анықтап, жоғалған ер-азаматтың танысы екенін біледі. Күдікті Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылының тұрғыны болып шықты. Ол өз кінәсін мойындамай, жауаптан жалтаруға тырысқан.  Алайда полицейлер дәлелдер мен айғақты заттарды жинақтап, жоғалған азамат өзінің “BMW” көлігін тастап, тек осы күдіктімен жолыққанын және күдіктінің көлігіне отырып кеткенін толығымен дәлелдеп шықты. Осыдан соң күдікті өз кінәсін толық мойындады.

Тексеру барысында белгілі болғандай, жоғалған ер адам танысынан ірі көлемдегі ақшасын алу үшін жолыққан. Күдіктінің көлігіне отырып, жолда кетіп бара жатып екеуі жанжалдасқан. Қарызды қайтарғысы келмеген күдікті ер адамды қылқындырып өлтірген. Ал мәйітті өзінің бұрынғы жұмыс істейтін орны – карьердің маңына ауыр қылмысын жасыру үшін көміп тастаған.

Күдікті қамауға алынды. Ол бұрын сотты болмаған. Бүгінгі таңда оған қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Істің толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.