Ғазиз Байтасовтың құрметіне еңселі ескерткіш бой көтеруде
Ғазиз Байтасовтың құрметіне еңселі ескерткіш бой көтеруде
451
оқылды

Көзі тірі болғанда биылғы жылдың 3 сәуірінде «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасов 50 жасқа толар еді. Өзгенің өмірі үшін өз басын құрбан еткен батыр ұлын жамбылдықтар ешқашан ұмытпайды.

Бүгінде оның есімімен өзі оқығын мектеп пен облыс орталығындағы көше аталса, сондай-ақ, Полиция департаментінің алдына бюсті қойылған. Енді міне, «Жеңіс» саябағына қаһарман ұлдың еңселі ескерткішін орнату жұмыстары қолға алынып, алғашқы іргетасы қаланды. Ғазиз Байтасов Ескерткіш Полиция департаментінің бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асуда. – Ғазиз Байтасов – «Халық қаһарманы» атағын алған бірінші және жалғыз полицей. Оның ерлігі мен есімі ешқашан ұмытылмайды. Біздің бастамамызға қолдау білдіргені үшін облыс және Тараз қаласы әкімдігіне шын жүректен алғысымды айтамын, – дейді Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов. Байтасовтың құрметіне қойылып жатқан ескерткіш бейбіт күннің батырларының ерлігі мен өрлігінің нағыз символына айналатындығы хақ. – Өзімнің және балаларымның атынан Ғазизді еске алушылардың барлығына, ең алдымен оның әріптестері мен жергілікті билікке алғысымды жеткізгім келеді. Бізді әрқашан ұмытпай, елеп, ескеріп, көптеген іс-шараларға құрметті қонақ ретінде шақырып жатырсыздар. Ал «Жеңіс» саябағынан ескерткіштің ашылуы оның жанқиярлық ерлігінің лайықты бағасының және көрсетілген құрметтің тағы бір көрінісі деп білемін», – дейді батырдың жесірі Гүлжамал Тәжиева.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы