«Өңірдегі әкімдіктермен 43 елдімекендерде жалпы ұзындығы 47,1 шақырымға жететін су бұру каналдарын орналастыру, 5,2 шақырымдық бөгендерді нығайту, құм салынған жасанды дамбаларды көтеру, өзеннің арналарын тазарту, 50-ден астам су өткізу құрылғыларын жөндеу сияқты жұмыстар өткізілді. Жақын күндері 10 ауданда өзендер мен көлдерде мұздарды жару бойынша жарылыс жұмыстары басталады. Қазіргі таңда біздің жоба бойынша 125 елдімекенге су басу қаупі төніп тұр, - деп атап өтті ведомство бастығының орынбасары Қанат Доспаев.Ауылдарды аралау кезінде тасқын су басу қатері аса жоғары тоғыз бірдей елдімекен орналасқан Аршалы ауданында су тасқынына қарсы арнайы шаралар ұйымдастырылғаны атап өтілді. Жібек жолы және Түрген ауылдарындағы инженерлік қорғау шаралары жоспарына сәйкес аула аумақтарының бөгендерін нығайту, Есіл өзенінің сағасын бойлай орналасқан бөгендерді көтеру, өзен арнасындағы су өткізу құбырларын жабайы өсімдіктерден және басқа да қоқыстардан тазарту жұмыстары қолға алыныпты. Ауданда су тасқынының алдын алуға эвакуациялық волонтерлер де белсене араласуда. Халыққа тақырыптық жаднамалар таратып, болуы мүмкін эвакуациялық шаралар өткізу үшін азаматтар тұрғылықты жерлері мен қолда бар малдың санын анықтауда. Целиноград және Астрахан аудандарында да көктемгі су тасқынына әзірлік қызу жүріп жатқаны байқалды. Мұнда су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында жағалауға бөгендер тұрғызылып, өзен жағасындағы талдар мен бұталарды кесу бойынша іргелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, облыс аумағында көктемгі елдімекендерден 443,3 мың текшеметр қар шығарылып, 11,6 мың тонна инертті материалдар мен 87,2 мың қапқа құм толтырылыпты. Мұнымен қоса, 1 мыңнан астам арнайы техникалар сақадай-сай әзірленіп қойылыпты.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы