Мұз жаруға 10 млн. теңге жұмсалмақ
Мұз жаруға 10 млн. теңге жұмсалмақ
109
оқылды
Ауа райының енді жылынуына байланысты оңтүстікте мұздың көбесі сөгіліп, сең қозғала бастады. Сырдария өзенінің төменгі ағысында мұз әлі сіресіп тұр. Дарияда мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мекемемен 10 млн. теңгеге келісімшарт жасалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бөлімінің басшысы Ағайша Сматова мәлімдеді.
– Бүгінде Қызылорда облысы бойынша Сырдария өзенінің бойында 56 қауіпті учаске бар. Ол жерлерге құрамында 402 бірлік арнайы техника, 1178 адам қамтылған 130 мекеме бекітілді. Осылайша күн сайын қала мен аудан бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Сондай-ақ, су тасқынының алдын алуға қажетті заттар қоры дайын, – деді Ағайша Сматова.
Қазіргі таңда Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне түсіп жатқан су көлемі азайып, небәрі 100 текше метрді құрап отыр. Ал өзендегі мұз қалыңдығы – орташа 5-15 см. солтүстік аудандарда – 20-55 см.
 «Сырдария өзенінің арнасында мұз қалыңдығы әртүрлі. Бүгінде мұз Сырдария ауданы Керкелмес учаскесінен төмен 10 шақырым жерде тұр. Яғни, Қызылорда су торабынан жоғары қарай 45 шақырым қашықтықта. Қазір ауа температурасы төмен болғандықтан мұздың жылжуы тежеліп тұр. Қала төңірегіне наурыз айының 20-25 аралығында келеді деп болжап отырмыз», – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Сала мамандары, мұз облыс төңірегінен өтіп кетпейінше босаңсуға болмайтынын айтып отыр. Осы мақсатта күн сайын өзен бойында бақылау жүргізілуде.
 «Біз дария бойындағы қауіпті учаскелерді тікұшақпен және автокөліктермен бақылау жүргізіп отырмыз. Сондай-ақ, барлық учаскеде бекітілген мамандар жұмыс істеуде. Сақтық шаралары мақсатында 361 бірлік техника, 75 бірлік мотопомпа бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары дайын тұр. Бұдан бөлек, өзен бойында орналасқан шаруа қожалықтары мен тұрғындарға қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеміз», – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев.
Облыс аумағындағы азаматтық қорғаудың барлық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, бұл жұмыстар су тасқыны кезеңі аяқталғанға дейін жалғаспақ. Ал, қазіргі таңда облыстың су шаруашылығы жағдайы бірқалыпты, бақылауға алынған.  

Н.ҚАЗБЕКОВ,

Қызылорда облысы