Төтенше жағдай саласы – еліміздегі әскери қызметке деген беріктік пен азаматтық борышқа деген адалдықтың жарқын үлгісі болып отырған салалардың бірі. Өйткені олардың қандай оқиға кезінде де жедел сол жерден табылып, өз міндетін мүлтіксіз атқарып жататыны бұлжымас заңға айналған. Сондықтан да «төтеншеліктердің» ел арасында беделі жоғары. Олар туралы «өз ісінің шебер мамандары» деген ұғым қалыптасқан. Ендеше тәуелсіздігіміздің іргесін нығайта түсуге хал-қадірінше үлес қосып келе жатқан бұл саланың ел өміріндегі орны мен тарихына қысқаша тоқталып өтсек.
Мемлекеттік комиссиядан орталық органға дейін
Еліміздің тәуелсіздік тарихында төтенше жағдай саласы ведомство ретіндегі бастауын 1990 жылдан алады. Осы жылдары мемлекеттік комиссия ретінде жұмысын жүргізген олар көп ұзамай Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетке айналған болатын. Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1995 жылғы 19 қазанда осы мақсатпен төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласында орталық уәкілетті атқарушы орган құру туралы Жарлыққа қол қойды. Одан соң 2000-жылдары агенттікке, ал 2004 жылы министрлікке айналған ведомство соңғы алты жылда ІІМ-нің бір комитеті ретінде қызмет атқарған болатын. Былтыр қыркүйек айының 11-і күні Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды. Осы жылдардың барлығында да төтенше жағдай саласы үздіксіз дамыды. Енді бүгінде ол табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы салааралық үйлестіру, өрттердің алдын алу және сөндіруді ұйымдастыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын орталық атқарушы органға айналып отыр. 1995-2020 жылдар аралығында елімізде ТЖМ тарапынан төтенше жағдайлар мен өртті жоюға 1 млн 353 мыңнан астам қаржы жұмсалған екен. Соның аясында биылға дейін 374 мыңнан астам адам құтқарылған болса, 334 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Зардап шеккен 55 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетілген. Соның ішінде 2020 жылы құтқару бөлімшелері өртке және апаттық-құтқару жұмыстарына 71,4 мың рет шығуды жүзеге асырып, 14 мыңға тарта адамды құтқарып, ТЖ аймағынан 19 мың адам эвакуацияланған. 4 мың зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Ал биылғы екі айда 8,7 мың шығу жүзеге асырылып, 2,4 мыңға тарта адам құтқарылған. 3,8 мың адам эвакуацияланған болса, 500 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жалпы, елімізде жылына орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай болып тұрады. Оның ішінде 15 мыңы – өрт оқиғалары. Құтқарушылар жыл сайын ТЖ аймағынан 8 мың адамды құтқарып, 20 мыңнан астам адамды эвакуациялап, зардап шеккен 4,5 мың адамға медициналық көмек көрсетеді. Қазір ел аумағында 416 өрт сөндіру бөлімшесі мен 56 жедел-құтқару стансасы қызмет етеді. Олар түрлі функционалды мақсаттағы 3 мыңнан астам өрт-құтқару техникасымен қамтылған. Соңғы 25 жылда төтенше жағдай саласына 1,5 мыңнан астам түрлі техника мен 20 мыңнан астам жабдық-жарақтары сатылып алынған болса, 30-дан астам өрт сөндіру депосы мен құтқару стансалары салыныпты.Алдын алу мен алғы шептегі күрес
Елімізде тәуелсіздік алған жылдары орасан зор шығын мен қайғылы қырғынға ұшыратқан төтенше оқиғалар аз болған жоқ. Оған дәлел – Қызылағаш, Семей орманы, Көкпекті, Арыс, Сардоба сынды тағы да басқа оқиғалар. Солардың қай-қайсысында да төтеншеліктер халықтың арасынан табылып, құтқару жұмыстарын асқан қажырлықпен жүзеге асыра білді. Құтқарушылардың дер кезінде ден қойып, жұмысты сауатты ұйымдастыра білгенінің арқасында, көп оқиғаларда шығынды барынша азайтуға қол жеткізілгенін де атай кеткен абзал. Ал мүлдем жол бермеудің бірден-бір жолы алдын алу екені белгілі. Сондай мысалдың бірі – Нұр-Сұлтан қаласын тасқын судан қорғап тұрған, астананың оңтүстік-шығыс бетінде орналасқан Есіл өзенінің суына қойылған контррегулятор. Сонымен бірге Сырдария өзеніне салынған Көксарай су реттегіші де қанша жылдан бері қайталанып келе жатқан табиғи апаттың алдын алуға мүмкіндік берген ірі гидронысан болды. Мұндай бірегей құрылыстар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынған болатын. Мұндай ірі көлемдегі алдын алу жұмыстары қазір де жалғасуда. Алматы облысында сел тасқынынан қорғауды қамтамасыз ету үшін Қорғас өзенінде шартты түрде Қорғас-1 және Қорғас-2 деп аталатын екі жоба іске асырылуда. Селден қорғау кешенінің негізгі элементі сел ұстайтын Шүкірбұлақ (Алмалы) бөгеті, оның бір бөлігі Қытай Халық Республикасының аумағында орналасады. Сондай-ақ Алматы қаласында «Ақсай» шатқалында және Ақсай өзенінің «Аюсай» бассейнінде сел ұстайтын бөгеттер салу жөніндегі жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.Ден қоюдан жоюға дейін
Мемлекеттік саясатты салааралық үйлестіруді қамтамасыз ететін стратегиялық міндетке ие ТЖМ бүгінде төтенше жағдайлардың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жүйелерге әсерін азайту бағытындағы жұмыстарға бет бұрды. Осы ретте әкімшілік кедергілерді жою бойынша ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар кешені қабылдануда. Құрылысы жүріп жатқан және іске қосылатын мемлекеттің өнеркәсіптік инфрақұрылымдардың стратегиялық маңызды объектілерінің апатқа қарсы тұрақтылығын арттыру жөнінде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары республиканың өрт-құтқару бөлімшелерін инновациялық-техникалық қайта жарақтандыру бойынша белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Заманауи талаптарға жауап беретін түбегейлі жаңа және тиімді өрт сөндіру технологиялары енгізілді. Қазір министрліктің пысықталған басым бағыттары мен міндеттері Қазақстанның мемлекеттік жоспарлау жүйесінің барлық үш деңгейіндегі құжаттарымен интеграцияланған. Ведомство азаматтық қорғауды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын, 2025 жылға дейінгі Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, министрліктің стратегиялық жоспарын пысықтауда. Онда қызметтің негізгі бағыттары бойынша басымдықтарды қамтитын бірінші кезектегі міндеттер белгіленген. Салалар бойынша жеке мемлекеттік бағдарламалар мен өңірлер бойынша облыстарды дамыту жоспарлары әзірленді. Бүгінде министрлік мамандары Ресей, Беларусь сияқты көршілес мемлекеттердің төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы тәжірибесін зерделеуде. Апат қаупін азайту жөніндегі Сендай бағдарламасы шеңберінде Қазақстанда қауіп-қатерлерді басқару жөніндегі жұмысты жалғастыру жоспарланып отыр. Биылдан бастап қолға алынған кешенді шаралар ден қоюдан жоюға дейінгі біртұтас алгоритмді қамтитын болады.Нұрлан ОРАЗҒАЛИ