Соңғы кездері елімізде газ баллондарының жарылуы жиілеп кетті. Жыл басталғаннан-ақ мұндай оқиғаның талайын естіп-біліп жатырмыз. Оның салдарынан адам зардап шегіп, басқа да шығындар еселенді. Ал себебі неде? Мамандар бұған тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамай, салғырттық танытқаны әсер еткенін айтады. Дегенмен көгілдір отынмен қамтылмаған аймақтарда газ баллонына деген сұраныс азаймайтыны тағы бар.
Жарылыс жиілеп кетті
Төтенше жағдайлар министрлігінің есебіне жүгінсек, 2020 жылы елімізде 13 933 өрт болып, соның кесірінен 389 адам көз жұмыпты. Адам өлімі 2019 жылмен (315 адам) салыстырғанда 19 пайызға артқан. Ал енді газ баллондарының жарылу есебіне көз жүгіртсек. Былтырдан бастап биылғы наурыз айына дейінгі аралықта түрлі нысанда 90 газ баллоны жарылған. 30 адам қайтыс болды. Тұрғын үйлерде газ баллонының әсерінен 60 жарылыс болып, 15 адам көз жұмған. Мұның бәрі газ баллондарынан қауіптің артқанын көрсетіп отыр. Жыл басталған 3 айға жуық уақыттың ішінде 28 газ баллоны жарылып, тағы 4 адам опат болды. Елордадағы жағдай оңып тұрған жоқ. Жуырда ғана дәмхана мен тағам тапсырысы үшін пайдаланылған екіқабатты тұрғын үйде жарылыс болғанын білеміз. Жарылыстан бір қыз оқиға кезінде тіл тартпай кетсе, екінші қыз ауруханада қайтыс болды. Кейін дәл осы мекемеден 19 газ баллоны табылған екен. Жалпы, газ баллондарын кафе, дәмханалар жиі қолданады. Осыдан соң астанада тұрғын үй инспекциясы, Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлерінен құралған топ 150-ден астам нысанды тексерген. Көбінде баллондарды сақтау ережесі талапқа сай болмай шығыпты. Бірақ мұндайда құзырлы органдар қатаң шара қолдана алмайды. Тек ескерту жасаумен шектелуге мәжбүр. Себебі қазір кәсіпкерлікті қолдайтын заң үстем. Мамандардың айтуынша, газ баллондарын қолданатын дәмханалардың шамамен 90 пайызында талап сақталмайтын көрінеді. – Дәмхана сияқты мекемелер көбінде сақтық шараларын мүлде сақтамайды. Дәмхана қожайынының үстінен арыз түскенде ғана шара қолдануға болады. Мекеме иесі мен тұрғындар «білдім, түсіндім» деп бір парақ қағаз алып қалады. Нәтиже шыға ма, жоқ па, белгісіз. Тексеріс кезінде нысандардың барлығында да газ баллондарын сақтау, пайдалану ережесі бұзылған. Былтыр елордада 31 рет оқыс оқиға болып, 12 адам қайтыс болды, 42 адам зардап шекті. Елорданың өзінде оларға бақылау жасау оңай болмай тұр, – дейді қала әкімдігі жанындағы газтехникалық бөлімнің маманы Думан Жайылбеков.Қауіпсіздікті ұмыт қалдырдық
Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдаланатындар бар. Негізі, қауіпсіздік мақсатында бұған жол бермейтін ереже көп. Мұндай фактілерге кезіккен жағдайда азаматтар құзырлы органдарға арыздануы қажет. Әйткенмен, мамандар оған айтарлықтай шара қолдана алмайды. Жай ғана ескертумен шектеліп, айыппұл да сала алмайды. Біздің ойымызша, бұл тұста тұрғынға жауапкершілік жүктейтін жаңа механизмдер қарастыру керек-ақ. Әйтпесе, құр ескерту қолға тұсау салмайды. Газ баллондарына қатысты мәселе Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді де алаңдата бастағанға ұқсайды. Наурыз айының басында ведомство басшысы осы проблемаға ерекше тоқталды. 2 миллионнан астам нысан мен тұрғын үй тексерілген кезде 660 мыңнан астам ереже бұзғандар тіркеліпті. – Шағын бизнес секторында газ баллоны жабдығының жарылуы жиіледі. Елордада болған қайғылы оқиғалар біздің қызметкерлердің оларды жөнді тексермейтінін көрсетті. Өйткені бұл нысандар бақыланбайды. Көптеген кәсіпкер осы тексеруден босату жеңілдіктерін пайдаланып, газ баллонын пайдалану мен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып отыр. Бұл кәсіпкерлер азаматтардың өміріне қауіп төндіріп отырғанының айғағы, – деді министр. Қауіпті тек қауіпсіздік шарасын сақтамаудан іздемесек керек. Себебі газ толтырылған баллондардың кейбірі ақаумен келеді. Мәселен, газ толтыру барысында кәсіпорын баллонның тек 85 пайызына құйып, қалған 15 пайызын бос қалдыруы тиіс. Алайда оны өлшеп жатқан ешкім жоқ, баллонның шегіне келтіріп газ құя салады. Соңғы жылдары өрт пен жарылыстың алдын алатын арнайы қондырғылар шықты. Кез келген үйге орнатуға мүмкіндік қаралған. Аппарат газ ашық қалып немесе пештен шыққан уытты зат шығып жатса, шұғыл дабыл қағады. Бір қызығы, Төтенше жағдайлар министрлігі елімізде мұндай қондырғылардың бар болғаны 118 мыңы қондырылғанын анықтапты. Айтпақшы, елімізде көгілдір отынмен қамтылмаған аймақтар әлі көп. Елорда жанындағы елді мекендердің өзінде газ толық жоқ. Өткен жылы ғана жүргізіле бастады. Ондай жағдайда түрлі қажеттілікке байланысты тұрғындар амалсыз газ баллондарын қолдануға мәжбүр болары айтпаса да түсінікті. Көгілдір отын жетпеген соң баллондарға сұраныс та азаймайды. Яғни, мәселенің мәні тереңде жатқандай. Әйткенмен, газ баллондарын қолданғанда қауіпсіздікті ұмыт қалдыратын жандарды да кінәсіз деп айта алмаспыз.Мадияр ТӨЛЕУ