Еліміздің оңтүстік-батыс, батыс аймақтарында жыл сайын құм көшкіні болып, кей ауылдарды әбігерге салатынын білеміз. Бұл да айта-айта заржақ болған экологияның бір түйткілі. Экология ғылымы құм құрсауындағы елді мекендерді өмір сүру үшін мүлде жарамсыз жер ретінде таниды. Елде мұндай санаттағы жерде орналасқан ауылдар көп. Онсыз да құм құрсауында жатқан ауылдарды көшіре алмай жүргенде соңғы жылдары жері шұрайлы елді мекендерді де 70-80 метрлік «құм таулары» басатын болыпты. Ал құм көшкініне тосқауыл бар ма?
Шаңды дауыл, құмды көш
Жапон жазушысы Кобо Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» романында құм – судан бетер сусып ағар нәрсе екені суреттеледі. Оның көшкіні жан басына бейнет тартқызардай. Сол сияқты бейнетті Арал мен Маңғыстаудың Бейнеу, Сенек, Үштаған, Тұщықұдық ауылы, Атыраудың Исатай ауданының тұрғындары талай жылдан бері тартып келеді. Бұл қатарға былтырдан бастап Жамбыл облысының шеткері ауылдары да ене бастады, күзде 5 млн гектар жерді құм басқан болатын. Биыл көктем келе сала Маңғыстауда шаңды дауыл көтеріліп, тасжолдар жабылды. Айтарға оңай болғанымен, құм көшкінінен бастау алатын шаңды дауыл біршама қиындық тудырғандай. Жай-жапсарын сұрағанымызда «Шаңды дауылдан кейін бірнеше күн бүкіл Маңғыстауды шаң басып тұрды», – деді Ақтау қаласының тұрғыны Талант Құсайын. Жалпы, аймақты көшпелі құмнан қорғау үшін көп әрекет жасалды. 2004-2016 жылдар арасында 2 910 гектар жерді алып жатқан аумақ қоршалып, фитомелиорация-механикалық жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде, 440 гектар жердегі құм қозғалысы тоқтапты. 2011 жылдың соңында Қызылқұмда құм тоқтату жобасы басталды. Жоба 640 гектар жер аумағын қамтыды. 2016 жылдан бері құм тоқтату жұмыстары Маңғыстау ауданының Шебір ауылында жалғасып жатыр. Дегенмен айтарлықтай өзгеріс болды дей алмаспыз. Әлі күнге дейін құм көшкіні арагідік қайталанып тұр. Ал Арал ауданындағы жағдай тіпті ушыққан сыңайлы. Бұрын теңіз жағасында жатқан елді мекендердің тұрғындары құм көшкенде жер үйді де басып қалып жататынын талай естідік. Мұндағы ел «тығырықтан шығудың жалғыз жолы – басқа жерге көшу» деп әлдеқашан айтты. Қазір өз шама-шарқынша көшіп жатқандар бар. Осылайша, құм көшкіні адам көшіне ықпал етіп жатыр. Бұдан бөлек, Атыраудағы Нарын құмы да әр жыл сайын «мінез» көрсетеді. Құм көшкен кезде жақын маңдағы ауылдарда электр бағандары мен газ құбырларына дейін құм құрсауында қалады екен. Қаладан 200 шақырым жердегі Исатай елді мекенінде 2014-2016 жылға арналған жоспар бойынша ауыл маңына сексеуіл егуге 38 млн 350 мың теңге бөлінген екен. Бірақ одан шыққан нәтиже аз. Былтыр көктемде Батыс Қазақстан облысына қарасты Қаратөбе ауданының Саралжын, Егіндікөл, Қоскөл мен Ақтайсай, Жусандыой елді мекендерін де құм басқан. Мұндай тізімді тізбектеп отыра берсек, тауыса алмаспыз. Бастысы – мәселенің шешімінде.Құм көшкініел көшіне ұласса
Осыған дейін құм көшкінін тоқтатуға келгенде көп адам сексеуілді алға тартып жататын. Бір түп сексеуіл кемі 4 тонна құмды көшкіннен сақтап тұрады-мыс. Бірақ көшкінді бұл әдіс арқылы толығымен тоқтата қою қиын болар. Одан өзге де фитомелиорация-механикалық жұмыстары жетерлік. Оның үстіне, жыл сайын қаражат бөлуді талап етеді. Бұл – бірінші жол. Көшкінді тоқтатқан күннің өзінде ондағы елді мекендер су тапшылығын көріп отыр. Мұндай аймақта өнеркәсіп болмасы тағы айқын. Сондықтан ақылға қонымдысы екінші жол, яғни құрсаудағы ауылдарды өзге жерге көшіру тәрізді. Дегенмен эколог Жангелді Мырзабеков құм көшкінін тоқтатуға байланысты арнайы мемлекеттік бағдарлама болса да артық етпейтінін айтады. – Қазір осындай аймақтарда өнеркәсіп дамытпақ түгілі, күн көрудің өзі қиын. Бұл аудандардың халқын құнарлы жерлерге орналастыру мәселесі жедел шешімін табуы қажет. АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз, шөлейтті, құмды жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса үстемеақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанда жүзеге асырылып отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттерде тұрғындарға мемлекеттік мекеменің үш деңгейінен көмек беріледі. Біріншісі – округтік әкімшілік, екіншісі – штаттық әкімшілік, енді бірі – федералды әкімшілік. Үшеуі де мемлекеттік мекеме. Біз «апатты аймақ» деп танымағанның өзінде осы мәселені ойластырғанымыз жөн. Маңғыстаудың Жаңаөзен қаласы мен Қаламқас кен орындарындағы халықты ауызсумен қамтамасыз ету қарқынды дамыды. Бірақ соның салдарынан жерасты суының деңгейі төмендеп, қоры сарқыла бастады. Мысалы, Түйесу құм сілемінің оңтүстік бөлігіндегі жерасты суы бұрынғы деңгейінен 10-12 метрге дейін төмендеді. Батыс Қызылқұмның жерасты су қоры сарқылды. Мұндай жағдайда көптеген өсімдік тамыры суға жетпей қалады. Сонымен қатар ауылдарға табиғи газ жеткізілгенге дейін тұрғындар құмдағы бұталарды отап, шауып, отқа жақты, малды есепсіз жайды. Осыдан барып аймақта құм көше бастады, сырттағы құм ауылдың ішін басты. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселелерге қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдаған артық болмайды, – дейді ол. Бұрын қалыпты дүние көрінгенімен, осы жайтты електен өткізер кез келген сыңайлы. Көшпе құмнан зардап шеккен ауыл тұрғындарын өзге жерге көшіруге жергілікті биліктің құлқы бола қоймас. Әйткенмен, сексеуіл мен жасыл желек отырғызуға, ауыл ішіндегі құмды тазартуға бөлініп жатқан қаржыға ауыл адамдарын көшіруге болар еді деп тағы ойлаймыз. Бір анығы – жақын аралықта бұл проблема толық шешімін табарына сену қиын.Мадияр ТӨЛЕУ