Кітапхана – ұлттың рухани азығы
Кітапхана – ұлттың рухани азығы
996
оқылды

Қазақ елі қандай қиын заман болса да, рухани құн­дылық­­тары мен мәдени мұраларына селкеу түсірмеді. Та­­ғылымға тұнып тұрған салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, мә­­­­­дениетіміз, әде­­биетіміз, тарихымыз қағазға қатталып, кітап болып шы­ға­­­­рыл­­маса да, ауыздан-ауызға таралып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Бүгінде сол асыл қазына­­ларымызды жас буынға жет­­кізуші алтын көпір – кітап пен кітап­­ханалар. Өткен за­ман­­­ның тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әде­­биетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Жа­­­зушы Әбіш Кекілбаевтың сөзі осыған дәлел: «Мен кітап­­­хананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітап­хана­шыларды ешқашан жо­ғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақ­­­шылары санаймын» деген.

50 жылдық мерейтой

Еліміздегі тарихы тереңнен бас­­­тау алатын, абырой-беделі жо­ға­ры, кітап қоры бай кітапха­на­лардың бірі – зағип және нашар көретін азамат­тарға арналған рес­пуб­­­­ли­­­ка­­лық кітапхана. Қазақ­станда Брайль қарпінде кітап ба­сып шыға­­ру ісінің 50 жылдық тари­хы бар. 50 жыл, біреуге көп, бі­реуге аз уақыт. Алайда осы жыл­дар ішінде мүгедек­­тердің бар өмі­ріне және қызметіне қоян-қол­тық араласа отырып, кітапхана: оңалту, әлеуметтену, бі­­­лім алу, демалу орта­лығына айналды. Кітапхана тарихы, қазақ со­қырлар қоғамының тарихымен біртұтас. Қазақ соқырлар қоғамы 1937 жылы қоғамдық ұйым ре­тінде көз мүгедектерінің оқуы мен тәр­биесін, олардың кәсіби даяр­лығын, жаппай орта білім алуын жүзеге асыру, оларды еңбекке баулу, әр­кім­­­нің жеке ерекше­лік­терін ес­кере отырып, ақыл-ой, дене қабі­летін жан-жақты жетіл­діру мақса­тында құрылды. 60-жылдардың ортасында ар­наулы кітапханалар құру, көр­мей­тін жандарға, олардың отба­сына, за­­ғип­­тық пен нашар көру мәселе­­­лерімен айналысатын ма­мандарға кітапха­­­налық қызмет көрсету қа­­жеті еске­рілді. Олармен жоспарлы түр­де мә­дени-ағарту ісіне, белсенді оқуға, қоғам өмі­ріне тарту жұмы­­сын жүр­­гізу керек болды. Бұл жұ­мыс­­ты ба­­сында кішігірім кәсіподақ кітап­­­ха­налары, дауыстап оқу үйір­­­мелері, қазақ соқырлар қоға­­­мының оқу-өн­­дірістік кәсіпорнындағы қызыл бұрыш атқарды. Кейіннен бәрі қайта құрылып, кітапхананың негізі қаланды. 1969-1970 жылы № 22 Алматы қалалық кітапхана базасы ашы­лып, 1971 жылдан бастап мем­­лекеттік ғылыми әмбебап кітап­хана ретінде қызмет ете бастады. Аталған кітапхана 1975-1986 жылдар аралығында мәдениет сала­сындағы қиын кезеңдерді ба­­­сынан өткерді. Кітапхана ұжымы бұл қиын­­­дықтарға қа­рамастан, оқыр­­­мандарына жоспарлы түрде қызмет көрсетті. Сол уақытта ды­быстан­­­­дыру студиясы толы­­­ғымен жаңа технологияда жұмыс істей бастады.

Тәуелсіз жылдар жемісі

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары еліміздің мәдени-рухани ах­уалы жақсарып, әр алуан бағыт бойынша даму жолына түсті. Сол жылдары кітапхана процесін авто­маттандыру ісі басталды, ар­наулы әдебиеттерді шығаратын жаңа тифло­техникалық құралдар, за­ғип­­тарға арналған арнайы компью­­терлік бағдарламалар жұмыс істей бастады. Бүгінгі жедел ақпарат тарату қажеттілігі туындаған шақта кі­тапханалар да заман талабынан тыс қала алмайды. Бұл ретте руха­ни құндылықтарымызды бұқара­лық ақпарат құралдары арқылы на­­сихаттау мүмкіндігін пайда­ланып жатырмыз. Сол себепті 2005 жылы кі­тапхана жанынан «РБНСГ - Вести» интернет газеті, нүктелі-бедерлі және жайпақбаспа қарі­пімен шыға бастады. Қазір газеттің тұрақты оқыр­­мандары бар және тегін тара­­тылады. Сондай-ақ тара­лымы он үш мың дана болатын «Менің жолым» атты сөйлейтін газет шы­ғарылады.

Сандық жүйеге көшу – жауапты жұмыс

«Цифрлық Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы аясында ды­­­быстандырылған әдебиеттерді электронды форматқа көшіру жұмысы басталды. Компьютер кла­сының ашылуы зағип оқыр­ман­дарға, студенттерге, зағиптарға арналған Virgo бағдарламасының көмегімен компьютерді пайда­ланып, MS Windows, MS Word бағдараламасымен жұмыс істеу мүмкіндігін туғызды. 2006 жылдан бері кітапханада Брайль жүйесі бойынша басы­лымдарды қазақ тілінде басып шы­ғаратын Duxbury арнаулы бағ­дарламасы орнатылды. Сандық дыбыстандырылған әдебиеттер қорын құрудың ең соңғы жетісті­гімен жабдықталған Daisy студия­сы ашылды. Бұл атаулы жайттар кітапхана жұмысының дамуына септігін тигізді. кітапхана Сонымен қатар оқырмандарға ақпараттың қолжетімді болуы үшін blindlib.kz сайты құрылып, оқыр­­­­­­ман пайдасына жарады. Сайтта «Электронды каталог», «Кі­тап мерзімін оnline ұзарту», «Виртуалды анықтама» қызметтері бар. Мәсе­­­­лен, оқырман электрон­ды каталог арқылы іздеген кітабын кітапхана қорында бар ма, әлде, жоқ па нақ­ты біле алады. Тіпті, кей шығар­­­маның электронды және аудио нұс­­қасына қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Сайтта кітап­ха­­­наның тарихы мен дамуы, қыз­меті мен электронды ресурс­тары және жаңа басылымдар тура­лы мағлұмат үш тілде қатар берілген.

Кітап қоры молайып келеді

Кітап қорын толықтыру, өңдеу және каталогтерді ұйымдастыру бөлiмiне білікті мамандар алынып, жүйелі жұмыстар жолға қойылды. Алыс-жақын кiтапханалармен тығыз байланыс жасаудың нәти­жесiнде 69 440 аталымда 250 731 дана, оның ішінде 10 220 атаумен 32 778 данасы қазақ тілінде әде­биеттер жинақталды. Дыбыс­та­л­ған кітап – 101 851 дана, 11 844 атаумен жайпақ-баспалы әде­биеттер – 62 187 дана, 44 394 атаумен күйтабақтар – 5 007 дана, диа­фильмдер 720 дана, бедерлі-гра­фикалық құралдар – 768 дана, CD – 4 337 дана жарық көрді. Кітап қоры рухани мұра бол­ғандықтан, оны бүтін қал­пында сақтап, келер ұрпаққа табыс ету кітапханашылардың басты мін­деті. Кітапхана ұжымы үнемі өзі­­нің ақпараттық қорын кеңейтіп, оқыр­мандарға қызмет көрсету деңгейін көтеріп келеді. Кітап қорын то­лықтыру мақсатында «Зағип және нашар көретін аза­маттарға ар­налған республикалық кітапхана» көрші елдің кітап­ха­наларымен жақсы байланыс ор­натты. Ын­тымақтастық бағытта Ресей, Та­тарстан, Башқұртстан, Кавказ елдерімен ортақ мемо­ран­дум қабылданды.

Сан-салалы қызмет сапасы да артты

Арнайы кітапхананың сан-са­лалы қызметі өз бағытымен дамып келеді. Әлеуметтік сауық­тыру, ақ­парат тарату және өзара қарым-қа­тынасты нығайту, зағип аза­маттарға интеграциялық қызмет көрсету, зағип оқырмандар үшін ақпараттар алуға бейімделген тех­но­­логияларды енгізу, мүмкіндігі шектеулі жан­дардың ақпарат же­­­лісіндегі мүм­кіндіктерін арт­тыру мақса­тындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Руханият ошағының оқыр­мандарға жан-жақты қызмет көр­сетуінің тағы бір үлгісі – тегін компью­терлік сауатқа үйре­нуге жағдай жасайды. Бұл жерде арнайы көмекті қажет ете­тін аза­маттармен жұмыс істейтін, үкі­меттік емес ұйымдармен тығыз бай­ланыс орнату, қоғамдағы маңыз­ды жаңалықтармен бөлісу және компьютерлік технологияны сауатты пайдалануды, брайль жүйе­­­­­сі бойынша оқу мен жазуды үйретеді. Қаламыздағы тұрақты оқыр­мандардың мүмкіндігі шектеулі, дегенмен компьютер тілін меңге­­­­руге деген талпынысы жоға­ры. Оқырмандар компьютерде қара­пайым мәтіндерді теруден бастап әлеуметтік желілер арқылы бір-бірімен хабар алмасуды қоса үй­ренеді. Арнайы көмекті қажет ете­­тін азаматтар техника тілін мең­­­­­геруге талпынып, жаңа бағдар­ламаны таныстырған кезде компью­­­­терге орнатылған арнайы синтезатор арқылы естіп, әріп­тердің орнала­суын тез арада үй­реніп шығады. Оқырмандарымыз жаңа өзге­рістерді үйреніп қана қоймай, меңгерген білімін күнделікті тұр­мыс-тіршілігіне тиімді пайда­ла­нады. Сондықтан оқырман­­­­­да­ры­мыз заманауи байланыс құрал­дарын, әлеуметтік желілерді еркін қолданады. Осыған орай, WhatsApp, Іnstagram, Facebook, ВКон­такте желілеріндегі парақ­­ша­лар арқылы өткізілген шаралар, түскен жаңа әдебиеттер және бас­қа да пай­далы ақпараттарды бақылап отырады. Бүгінде кітапханаларға тек кі­тап алу үшін ғана барады деп ойлау – ескірген көзқарас. Өйткені қазір оқырман жан-жақтылықты талап етеді. Оқырмандарды қоғамдық жұ­мыстар мен мәдени іс-ша­раларға тарту мақсатында кітапхана жа­нынан «Незабудка» әдеби-музы­калық бірлестігі мен «Өнер өрім­дері» мәдени-әдеби клубы ашыл­ды. Мұнда түрлі сипаттағы кезде­сулер, тренингтер, пікірта­ластар мен іс-шаралар ұйымдастырылады.

Жаңа іс-шаралар мен көкжиектер

Елімізде төтенше жағдай ре­жимі енгізілуіне байланысты мем­­лекеттік мекемелердегі шара­ларға уақытша тыйым салынып, кітап­хана онлайн режимде жұмыс іс­теуге көшкен болатын. Жалпы, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған рес­­­­публикалық кітапхана баста­ма­сымен қолға алынған жаңа фор­­­маттағы жұмыс тәртібі бүгінге дейін жалғасып, қызметкерлердің қатысуымен онлайн кездесулер мен семинарлар, түрлі шара да ұйымдастырылды. Игі шаралардың бірі Абай Құ­нанбайұлының 175 жылдық ме­­рей­­­­тойы аясында «Жастар және Абайдың рухани құндылықтары» жас кітапханашылардың халық­ара­­­­­­­­­лық II слеті өтті. Бұл шарада кі­тапхана ісін дамыту, жас кітап­­ханашылардың рөлін арттыру, жастардың шығармашылық ізде­ністерін ынталандыру және олар­ды жоғары білікті маман ретінде қа­лыптастыруға жәрдемдесу мә­селелері талқыланды. Білім мен ғылымға, жаңашыл­дыққа ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Сол себепті жаңа фор­­маттағы жұмыс жүйесіне нық се­німмен кірісіп кеттік. Нәтиже­­­­сінде, кітапханада онлайн фор­­­матта түрлі кездесу мен байқау, вир­туалды кітап көрмелері мен әлеуметтік желілерде челлендждер өт­­­­­­­­­­­кізілді. YouTube ка­на­­­­лында және әлеуметтік же­­лілерде тікелей эфир­­­лер ұйымдас­­­­­­тырылып, ви­део­ро­ликтер мен құттықтаулар әлеу­­­меттік желілерге жүктеліп, оқыр­мандарға ұсынылды. Белгілі ақын-жазушылардың шы­­­­ғар­ма­ларын нашар көретін азамат­тарға Брайль жүйесінде ұсыну және ау­дио­­­­өнім­дер арқылы насихаттау жұмыстары жалғасын табуда. Әлем жаңару, жаңғыру кезеңін бастан өткізіп отыр. Бұл ғаламдық өзгерістерден біз де шет қалмадық. Ескірген көзқарастар, бір сарынды шешімдер қазіргі күн талабын қа­нағаттандыра алмайды. Кітап­­ха­нашылар бүгінде мәдени дәс­­түр­лер мен заманауи ақпа­раттық тех­но­логияларды қолдану арқылы оқыр­­манның жан-жақты, интел­лек­туалдық және рухани дамуына жағдай тудыратын әмбебап ма­ман­дықтардың біріне айналды.

Асхат БАЙҰЗАҚОВ, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры