Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл бірлік пен еңбектің, мейірім мен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі.
Алайда Наурыз қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін құрылған Кеңес өкіметі бұл мерекені діни кертартпа рәсім деп тауып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салды. Осылайша, көктемнің шуақты мейрамы салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасыларында ғана жасырын түрде аталып өтті. Қазақ жерінде 62 жыл бойы ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырды. Оның қайта жаңғыруына сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі зор дейді деректер. Кейбір деректерде қазаққа Наурызын қауыштырған Ө.Жәнібеков деп те айтылып жүр. Жалпы, Өзбекәлі Жәнібеков кім және осынау деректер шындыққа сай ма? Бұл туралы сол заманның көзін көрген зиялы қауым өкілдерінің пікірін білген едік.м Кезінде Өзбекәлі Жәнібековпен дәмдес, сыйлас болған филология ғылымдарының докторы, ғалым Құлбек Ергөбек естелік айтты. «Қазақтың біртуар перзенті Өзбекәлі Жәнібеков жайлы аңыз да, аңызға айналып кеткен ақиқат та көп. Ол көптеген қазаққа пайдалы әрекеттердің бірін өзі тікелей араласып жасаса, екіншісін алдына ақын-жазушыларды, ғалымдарды салып отырып істеді. Ол дегеніміз ұлтымыздың қиын кезеңдерде кеткен есесін көзі тірі кезінде қайтарып беруді мақсат етті. Соның бірі наурыз мәселесі еді», – дейді ғалым. Ғалым Наурызды діни сипаты бар мейрам деп санайтынын айтады. Алайда осынау мейрамның тойлануына ресми тоқтау салу туралы Жарлық шыққан-шықпағанын ешкім білмейді. «Бірақ біздің қазақ үшін Мәскеудің бірінші адамы «бұларың ескіліктің сарқыншағы екен ғой» десе, соның өзі жеткілікті. Қазақ ары қарай іліп әкетеді де, дабырайтады. Наурызды тойлаған мекемені, ауыл-аймақ билігінің үстінен арыз жазып тоқтатуға кіріседі. Сөйтіп, наурыз осылай 1926 жылы тоқтаған. Салдарынан халықтық мереке ҚазақССР-і бойынша солтүстікте, батыста дәстүрден біржола шығып қалды да, орталығы Алматыда да саябырсып барып тоқтады. Бірақ Оңтүстікте ешқашан тоқтаған емес. Самарқанның көк тасы еріген, күн мен түн теңесетін 22 наурызда әрбір үй наурыз көжесін пісіріп, үй-үйді аралап, дәстүр жолымен тойлайтын едік. Балалық шағымның жағдайына қарай өңірдің Отырар, Түркістан, Арыс және Сайрам аудандарының төл баласы болып өстім. Осы 4 ауданда да наурыз тоқтаған емес. Бейресми түрде Қазақстанның жарымына дерлік аталып өтетін. Ал мұны жалпыхалықтық мерекеге айналдыруда Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі мол», – деді Құлбек Ергөбек. Зерттеуші өз сөзінде Өзбекәлі Жәнібековтің мейрамда діни сипат жоқ деп дәлелдегенін айтады. Себебі ол кезде діни мейрамды жаңғырту қатардан қиын нәрсе жоқ. Тіпті, оған орталық билік түгілі, идеологияны бойына әбден сіңірген өз қандасың да қарсы шығуы мүмкін. Сондықтан Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге наурыз жайында «бұл көктем мерекесі еді, мұны түрік халықтары ғана емес, Орта Азия халықтарының бәрі тойлайды» деген уәж келтірген. «Сонда Геннадий Колбин Жәнібековке «ойланатын мәселе екен, бірақ ескіні қозғай беріп қайтесіз, осының сізге не керегі бар?» дейді. Рахманқұл Бердібайдың ғалым ретінде елге танылып қалған кезі. Жәнібеков Бердібайға мақала жазу керегін айтады. М.Шаханов та атылып шығып, Колбинге хат жазады. Одан бөлек бір жиында халықтың атынан әдейі екеуіне сөз береді. Сонымен, Геннадий Колбин шегіне алмай қалады. Бірақ ол замандарда ресми партиядан шешім алып енгізбесе қиын болатын. Қанша жерден ақын айтып, ғалым жазғанына қарамайды. Қысқасы, ұлттық құндылықтарымыздың бірі наурызды бір адамның еңбегі деп айту дұрыс емес. Иә, рухани қозғаушысы Өзбекәлі Жәнібеков болды. Осы тұста өзімнің сол кездерде «Жас Алаш» газетінде жұмыс істегендегі осынау мерекеге қатысты әрекеттерімізді еске алғым келеді. Сонда біз наурыздың 22-і күнгі нөмірімізді жасылға малындырып көктем мерекесі қарсаңында көк түспен шығаратын едік. Наурыз жайында ғалымдардың пікірін топтап, сосын бір өлең қосып шығаратынбыз. Бұл да болса бас редакторымыз Сейдахмет Бердіқұловтың наурызға іш тартуы деп ойлаймын. Сол кісі айтатын «Өзекең бізге наурыздан қол үзбеңдер деп ескертіп отыратын дейтін». Бас редоктарымыз жыл сайын осынау мерекелік нөмірге бір тілшіні бекітетін. Бұл да біздің наурыздан біржола қол үзіп кетпегеніміздің белгісі болса керек», – деді Құлбек Ергөбек. Сонымен, ресми түрде қайта оралған Наурыз алғаш рет Алматыда тойланды. Көзкөргендер адам санында есеп болмағанын айтады. Ал Г.Колбин мен Ө.Жәнібеков мерекені сырттай бақыласа керек. «Кейін Өзекеңмен сөйлескенде Колбин екеуінің мерекені сырттай бақылап тұрғанын айтты. Мына халықтың көптігін байқаған Геннадий Васильевич дегбірсізденіп қалады. Желтоқсан оқиғасындағыдай көтеріліс болып кетпей ме деп қорыққан ғой. Сол кезде Өзекең оған: «Бұл халықтың жоғалтқан өзінің наурызына деген сағынышы. Өзінің салт-дәстүріне деген құрметі. Билікке деген ризашылығы» депті. Қипақтап қалған Колбин «ондай болса тағы да халықтың қандай салт-дәстүрін тірілтуге болады?» деген ғой. Мүмкіндікті пайдаланып қалған Өзекең енді қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, тіл мерекелерін көбейтсек дегенінде, Колбин сол екпінмен «давайте» деп келісімін беріп жіберген», – деп еске алды Құлбек Ергөбек. Жазушы Мархабат Байғұт та наурыздың әлімсақтан мерекеленетінін айтып өтті. «Міржақып Дулатұлы: «Біздің қазақтай әз-Наурызға ерекше етене ешқандай ұлт жоқ, себебі қазақ Табиғат – анаға ерекше етене» деген ғой. Иә, 1926 жылы елдік деңгейде тоқтатылды. Діни мереке ретінде тыйым салды. 1988 жылы Мырзатай Жолдасбеков, Өзбекәлі Жәнібеков сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері бастама көтеріп, ұлттық құндылығымызды қайта оралтты. Алматыда алғаш өткен наурызға қатыстым. Үлкен киіз үйлер тігіліп, кәдімгі мәре-сәре болып салт-дәстүрлер көрініс тауып, халық ұлттық киім киіп шықты. 1991 жылы Тұңғыш Президентіміз Жарлық шығарып, рәсімдеді. Содан бері тойланып келеді», – деп атап өтті. Жазушы сонымен қатар кейінгі жылдардағы наурыз мерекесінің тым әсіреленіп, оқшырайған оюлар мен ақшырайған айшықтардың көбейіп кеткеніне көңілі толмайтынын да айтып қалды. Сонымен бірге, тойып тамақ жеу, аста-төк тамаққа назардың көп беріліп кеткені де қынжылтады екен. Жалпы, Өзбекәлі Жәнібековтің кім екенін таныстырып жатудың артық екенін білеміз. Алайда «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан мемлекет қайраткерін бір сөзбен «Руханият шырақшысы» деп атады. Қазақстан тарихында болған Мәдениет министрлерінен елдің есінде қалған үш министрді ерекше атап өтті. Соның бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. «Жалпы, қазақ халқы мәдениеті мен руханиятын ұмытып қалмағаны үшін Өзбекәлі Жәнібековке қарыздар», – дейді Абай Бекназарұлы.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы