Дәстүріміз үзілмесін
Дәстүріміз үзілмесін
185
оқылды

Наурыз мейрамы – ұлан-ға­йыр елі­міз­дің түрлі аймағында әр­түрлі тойланатын мереке. Түс­тікте шынымен көктем шуағы  төгіліп тұрса, теріскей мен шы­ғыс­та, батыста қардың көбесі енді сө­гіліп жатыр. Бірақ осынау мейрам бәрі­бір  жылдың басы саналып, бұқара асыға күтетін мереке. Ал Ұлыстың ұлы күні қар­саңында еліміздің батыс айма­ғында 14 наурызда көрісу басталады.

Көрісу – қазақ халқымен бірге ұмытылмай келе жатқан игі дәстүрдің бірі. Атырау өңірінде жылдан-жылға көрісу күнін айшықтай түсетін бір­неше күндік дәстүрлі мерекелер сал­танаты өтіп, дәстүр аясы өзге өңірлерге де насихатталып келеді. Ұлы Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, Шаруа қуған жастардың мойны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып» дегені көрісудің мәнін аша түседі. Көрісудің ұғымы – өткен қыстан, жылдан аман-есен шықтық, жаңа жылға, табиғаттың жап-жасыл түске бөленіп, жасарар шағы – көктемге жеттік дегенді білдіреді. Заманында әр кәсіпке күн арнап, жеке-дара шараға дастарқан жайып жатпаған ата-бабамыздың маңдайына жазған екі-үш мейрамы болған. Со­ның  ұлысы – Наурыз тойы. Жалпы, Нау­рыз тойының ерекшелігі, бұл – күллі қазаққа ғана емес, барлық түркі мен парсы жұртына ортақ мереке. Наурыздың 22-сінде күн мен түн те­ңеле­ді. Бұл – күллі қазаққа тән ортақ ерекшелік. Бір атап өтер жайт, «Төле бидің заманында апталап тойланатын еді» деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазған мейрамның түрлі атрибуты 1926  мен 1988 жылдар аралығында ұмыт бола бастағаны жасырын емес. Дегенмен Батыста сақталып, соңғы кездері та­нымалдығы артып келе жатқан көрісу салты Наурыз мейрамының сипаты бөлек әрі ерекше құрамдас бөлігі болса керек.  Қазақстанның батыс өңіріне ғана тән 14 наурызда кішінің үлкенге, үлкеннің замандас, құда-жекжат, бар­лық мұсылман баласына сәлем беріп, қол алысып көрісетін салт соңғы жыл­дары әлеуметтік желілерде жиі наси­хатталып,  оған ұқсас жөн-жорал­ғылардың  өзге өңірлерде де ертеректе болғаны жайлы деректер анықталып жатыр. дәстүр Бір қарағанда, бұл – қазақ халқы­мен бірге ұмытылмай келе жатқан игі дәстүр. Наурыздың 14-де кездескен екі адам бір-біріне міндетті түрде қос қолын беріп, амандасады. Қол ұсыну кезегі – жасы кішінікі. Үлкендер ылғи да жастардың көрісуін күтіп отырады. Бұл – кейінгілердің аға ұрпақты сыйлауы, құрметтеуі. Қос қолдап кө­ріскен жастар жағы  «Қолымда еш­нәрсе жоқ, ақ-адал доспын, сізге Ал­ла­ның нұры жаусын. Жасыңыз құтты болсын!» десе, жасы үлкендер «Міне, менде де ештеңе жоқ, саған да нұр жаусын, аман бол, Құтты жасың бол­сын!» деген игі тілектермен көріседі. Көрісудің астарында жақсылық-жамандық адамның қолымен жаса­лады, қол таза болса, ниет пен пейіл түзу деген ұғым барын ескеріп жүру қажет. Жалпы, жасы кіші ер адам әке-шешеден бастап барлық тума-туы­сымен көрісе береді. Көрісу алдымен әркімнің өз үйінде, ата-анасынан басталып, әрі қарай жалғасады. Тек қайын ата мен қайын аға келіндеріне қол беріп көріспейді. Келіндері де солай. Алыстағы ағайынға арнайы барып көріседі. Көрісудің  бұзылмас заңы – ер адамның жасының үлкен-кішілігіне қарамай, ұзатылған қызға арнайы барып көрісуі. Жөн білетін бәйбішелер келінінің әке-шешесі алдында ұялмас үшін соғымның шұрайлысын іркіп ұстап, құда-құдағиындай сыйлы қона­ғына сақтайды. Сондай-ақ мереке кезінде үйдегі барлық киім-кешек пен мүліктер де сандықтан шығарылып,  көз­­ге көрінетін жерге ілінеді. Бұл, бірін­­шіден мереке кезінде барлық жан­ды-жансыз жылды көруі керек деген қағидадан туындаған болса керек.  Екіншіден, малдан басқа мақ­танары жоқ көшпенділердің табиғи мақтанышы – үй көрсетуі. Бұрын бай­лар асыл мата, қымбат аң терісін киіз үйдің сыртына ілген. Сонда қыр басы­нан қарағанда, түрлі-түсті дү­ниеден тұратын керемет көрме секілді әсер қалдырған. Сонымен бірге Айт пен тойдан басқа күндері қарапайым киіммен-ақ ауыл-ауылды аралай бе­ретін қазағымыз осы кезде жаңа киім киюге тырысқан. Бұдан біз күллі дүние жаңарып-жасарып жатқанда таби­ғаттың төл перзенті саналатын адам да одан шет қалғысы келмеген деген тұжырымға тоқталамыз.  Осылайша, ескі жылдағы қайғы-қасірет пен өкпе-реніш сол ескі киіммен келмеске кет­сін дегенді де меңзеген. Сайып келгенде, көрісу біркүндік емесін ескерген жөн. Алыс өңірлерде тұратын, бірін-бірі көптен көрмеген   ағайын-туыс, жекжат-жұрағат, дос-жарандар келер жылдың көрісу күніне дейін осы дәстүрді ұстанады. Бүгінде батыс өңірлерде сақталып қалған осы дәстүрге өзге өңір тұрғын­дарының да қызығушылығы артып, оның шығу тарихын, ұғымын білуге ниет танытуда. Көрісу  ұлтымыздың жаңа жылы деген пікірлер де шындық­қа жанасады. «Көрісу – қазақтың жаңа жылының бір атрибуты ғана» деген ақын Светқали Нұржанның айтуын­ша, 14 наурыз  түгел түркі, иісі қазақ­тың төл Жаңа жылы – Ұлыстың ұлы күні. Ендеше  Жаңа жыл күллі қазаққа құтты жыл болсын!

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы