Наурыз – балаларға ұнайтын мейрам
Наурыз – балаларға ұнайтын мейрам
205
оқылды

Наурыз – 5000 жылдан астам уақыттан бері тойланып келе жатқан қазақтардың ең қасиетті мерекесі. Мен үшін бұл мереке ерекше ыстық, жаныма жақын болып келеді.

Менің 22 наурыз күні дүниеге келген інім бар. Оның есімін осы күннің құрметіне Наурыз деп қойды. Бұл мейрамда туылған балалар ерекше қасиетке бөленіп, тылсым күштерден бата алады деген сенім бар. Расында менің інім – өте ерекше бала, жолы болғыш. Оған дәлел ретінде – мереке күні ұлдар асық ойнағанда, Наурыздың асықтары үнемі сәтті түсіп отырды. Оған қызыққан балалар Наурыздан асық ойнауды үйретуін өтініп жатты. Ал маған ойынды сырттай тамашалаған ұнайды.

Менің отбасым бұл мейрамды ерекше көңіл-күймен атап өтеді. Біз бұл күнді бір-бірімізге арнаймыз. Біздің барлық туыстарымыз Екіаша ауылында ата-әжеміздің үйінде жиналады. Әжем бізге наурыз көже дайындап, ет пісіреді. Мен болсам бауырсаққа қамыр илеп, оны жаюға, бөліктерге бөлуге көмектесемін. Ал менің әпкелерім бөлінген бауырсақтарды кезекпен тасып, қайнаған майға пісіріп тұрады. Осылайша бәріміз дастархан жаюға дайындаламыз. Барлығымыз ерекше тағам – наурыз көжені асыға күтеміз.

Наурыз көженің дайындау әдісі бәріне бірдей болғанымен, менің әжем оны бәрінен ерекше дәмді етіп жасайды. Әжемнің көжесі өзіме ұнайтындай аздап қышқыл дәмі бар, жеңіл, әрі майсыз болып шығады. Дәмділігі соншалық, жыл сайын оны жеп тоймаймын. Басқалары да көженің дайын болғанын асыға күтіп отырады. Дастарханға жайғасқан соң барлығы көжені бірнеше реттен құйып ішеді. Дәмді астан кейін барлық балалар жиналып ойын ойнауға барамыз. Кешке дейін көңіл көтеріп, далада серуендейміз. Атамыздан атқа ертоқым салып беруін өтініп, бәріміз кезекпен бір-бірден атқа мінеміз. Барлығы өз кезегін асыға күтеді. Атқа мінгенде денені сөзбен айтып жеткізуге келмейтін еркіндік пен жеңілдік сезімі билейді. Жылқы мен самал желдің қуаты тұла бойды қанықтырып, жаныңды рахаттандырады. Мүлдем түскің келмей, өз кезегін күтіп тұрған балалардан аулақ шауып кеткің келеді.

Бұл мерекедегі ең қызықты нәрсе – ертегідегі Қыдыр ата. Атам бізге флора құдайы Қыдыр ата бұрынғы заманда жазық далада өмір сүргенін, қай жерге аттап баспасын, кенеттен аяқ асты гүлге толатындығы жайлы аңыз-әңгімелер айтып беретін. Осы аңыз бойынша, оның рухы осы мерекенің қасиетті түнінде барлық үйлерді аралап шығып, тілектерді орындайды екен. Жыл сайын осы түні балалар ұйықтамай, Қыдыр атаның келуін күтеміз. Барлығымыз жиналып, өз тілектерімізбен бөлісеміз, қызықты оқиғалар айтамыз және бәріміз бірге көңілді уақыт өткіземіз.

Мен үшін жылдың ең бақытты күні – осы Наурыз мейрамы. Жақын адамдардың арасында көңілді күн өткізуге не жетсін...

Әмина Нұрланова,

оқушы