Ұлы Жеңіске арналған эстафета басталды
Ұлы Жеңіске арналған эстафета басталды
211
оқылды
Алматыда Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы басталды. Бұл акция ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың шешімімен өтуде. Акция 5 ақпан мен 5 мамыр аралығын қамтиды. Аталмыш эстафета 2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің шешімімен бекітілген Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары аясында өткізілмек.    width= Эстафетаның негізгі атрибуты – 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен, Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі. Ту көшірмесін Қазақстан әскери-тарихи мұражайының Алматы қаласындағы филиалы ұсынып отыр. Эстафетаның мақсаты – Ұлы Отан соғысында Отанын жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау, майдан даласында елі үшін қаза болған әр солдаттың ерлігіне бас ию, жастардың, ішкі істер органдары қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің бойына отансүйгіштік құндылықтарды сіңіріп және Қазақстан халқының батырлық тарихына құрметпен қарау, қазақстандық жастарды патриотизмге тәрбиелеу, өз әскери борыштарын үлгілі атқаруға ықпал ету. Осы қасиетті міндетті атқару барысында 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында жиналғандар көп болды. Салтанатты рәсім бастарлардың алдында мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, Ұлы Отан соғысында мерт болған жауынгерлерді еске алды. Ішкі істер министрлігі атынан Ұлттық Ұлан Гвардиясы қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов сөз сөйледі.
– Қазақстандық жауынгерлер Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасты. Мәскеу үшін шайқаста әсіресе аты аңызға айналған, Алматыда жасақталған  8-гвардияшыл-панфиловшылар дивизиясы ерекше көзге түсті. Эстафета Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жауынгерлерге арналады. 28 панфиловшылар ерлігі бәріне мәлім. Аты аңызға айналған панфиловшылардың бірі, Кеңес Одағының батыры Мұсабек Сеңгірбаевтың немересі – Тимур МұсабековҰлттық Ұланда қызмет атқаратынын қуанышпен атап өткім келеді, – деді Мұхаметқали Сатов. 
Салтанатты рәсімге генерал-майор Иван Панфиловтың немересі, өз атасының атындағы қордың құрылтайшысы Алуа Байқадамова да қатысты. – Эстафетаның 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында басталуы тегін емес. Дәл осы жерде 1941 жылы генерал Панфилов Бауыржан Момышұлымен алғаш рет кездескен. 316 атқыштар дивизиясы құрылған. Мәскеуді қазақстандық бес дивизия мен бригада қорғаған. Панфилов дивизиясы Ұлы Отан соғысында төрт жау дивизиясын жеңген жалғыз дивизия. Біз мұны ұмытпай, кейінгі жас ұрпаққа жеткізуіміз керек, – деді Алуа Бақытжанқызы. Эстафета аясында даңқты панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі республикалық маңызға ие 3 қаладан, облыстық деңгейдегі 14 қаладан және шағын 7 қаладан өтетін болады. Еске алу эстафетасы қозғалысының кестесі бойынша Эстафета жолын жалғау үшін Ұлттық ұланның 37 әскери бөлімінен Ту ұстаушылар тобы жасақталды. Эстафетаның Қазақстан аумағын теміржол және автокөлікпен шарлаудағы жалпы жолы 11 мың шақырымды құрайды. Эстафета барысында 600 шара өткізу, оның ішінде соғыс және еңбек ардагерлерімен 68 кездесу өткізу жоспарланған. Гүлнар ТӘЖИЕВА