«Қайта жерлей саламыз...» – бейіттерді бұзып, дәмхана салмақ болған кәсіпкерге тұрғындар қарсы шықты
«Қайта жерлей саламыз...» – бейіттерді бұзып, дәмхана салмақ болған кәсіпкерге тұрғындар қарсы шықты
176
оқылды

Бейітке туған-туыс, бауырларын жерлеген тұрғындар кәсіпкерге қарсы шықты. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Ашулы тұрғындар бейіттерді бұзып, бизнес жасамақ болған жер иесіне «құрылыс жұмыстарын тоқтатсын» деп талап қойды. «Тастақ» тұрғындары бүгінге дейін қорымның қиратылып жатқанын білмеген. Көктем шыға бейітті тазалауға барғанда оқиғаның куәсі болған. Айтуларынша, техникамен бірнеше бейітті бұзып, жерді тегістеген.

Құрылысшылар Тараз қаласының тұрғыны Майқы Кеншіновке: “Тіршілік жасап жатқан кезде адамның сүйегі шықса, анау-мынау қылса, не қыласыңдар?...” десек. «Кәдімгідей жинап аламыз да, қайтадан адам баспайтын жерге жерлей саламыз», – деп жауап берген.

Тараз қаласының тұрғыны Кемелбек Рысбековтің айтуынша, кәсіпкер  жұмысты түнде ешкім жоқта келіп істейді. Қорымды бұзып, жерді қоршаған. Тұрғындардың айтуынша, бұл қорымға жүз жылдай болған. Бірақ, аумағы ешқашан қоршалмапты. Ал 90-жылдары зираттың тура іргесінен бірнеше кәсіпкерлік нысан салынған. Биыл жеке кәсіпкер өзінің заңды жерін қоршап, қосымша құрылыс бастамақ болғанда осындай дау туындады. Қазір қорым маңындағы құрылыс тоқтады. Ал ашулы елдің шағымынан соң, әкімдік өкілдері де келіп, кәсіпкерге айыппұл салды.

Тараз қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Біржан Башанов: «Үш сотық жерге ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмейді. Ол сол қорымның шекарасына қайтадан алынады. Қоршалады. Ол жерде ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмейді», – деді.

Басы дауға қалған кәсіпкер «жерді 2017 жылы сатып алғанын» айтқан. Бірақ, онда бейіт барынан бейхабар болыпты.

Ал қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының айтуынша, қорымға берілген жер кәсіпкерден алынады. Кәсіпкерге басқа жер телімі беріледі.