Әлеуметтік желіде екі күннен бері Шымкент қаласындағы Наурыз мерекесіне бөлінген қаржы мен мемлекеттік сатып алу бойынша әкімдіктің іс-шараларды өткізу үшін қандай компанияларды таңдағаны жөніндегі тақырып пікірталасқа ұласып жатыр.
Қоғамда қызу талқыға түскен бұл тақырып шынында да біраз жайттың бетін ашқандай. Алдымен Zertteu Research Institute қоғамдық қоры өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған мәліметке тоқталайық. Онда Шымкент қаласында Наурыз мерекесіне 565 млн теңге жұмсалғаны жөнінде айтылады. Қоғамдық қор мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сүйене отырып, Шымкентте Наурыз мерекесін атап өту үшін, жалпы 6 сатып алу өткенін хабарлайды. Тапсырыс беруші – «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК. Басшысы – Сәкен Майғазиев. Сондай-ақ ұйым барлық сатып алу тікелей бір көзден алу тәсілімен өткенін де ескерте кеткен. Одан соң қоғам белсендісі Ғалымжан Оразымбет аталған сатып алулар бойынша тереңірек зерттеп, Орда сайтына мақала жариялады. Онда өнім берушінің кімдер екені зерделенген. Қоғам белсендісінің зерттеуінше, 322,9 млн теңге қаралған «Шымкент – қайырымды қала» – Ұлыстың ұлы күні» іс-шарасы қызметіне өнім беруші ретінде астаналық Penopro ЖШС таңдалыпты. Компания мұның алдында да бірқатар мәдени мекемелердің іс-шарасын өткізіп жүріпті. Алайда мұнда мемлекеттік сатып алудың талаптарына сай техникалық ерекшелігінде іс-шарада қамтылуы керек адам саны, ұйымдастыруға керек мамандар мен техникалық жабдықтар, басқа да қажетті нәрселер туралы ештеңе көрсетілмеген. Тек іс-шара атауы, өткізетін мерзімі, жеткізілу мекенжайы және басқа да қысқаша мәліметтер бар. Екінші келісімшарт Наурыз мерекесіне орай Open Art gallery – Айқап журналының құрылғанына 110 жыл» іс-шарасын өткізу бойынша жасалған. Келісімшарт бағасы – 50 млн теңге. Өнім беруші – ЖК Prima Gololobova. Шымкенттік компаниямен мұның алдында «ТМД мәдени астанасының» жабылу салтанаты» шарасы бойынша келісім жасалған екен. Мұнда да іс-шараның толық сипаттамасы көрсетілмепті. Осы тұста айта кетейік, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы саналатын «Айқап» журналына биыл 110 жыл толғаны рас. Алайда мерейтой туралы әзірге үшінші мегаполисте әңгіме жоқ, тып-тыныш. Десек те, жуырда шымкенттіктер Наурыз мерекесінің қарсаңында «Қазақ радиосының» 100 жылдығын дүркіретіп тойлап бергенін жоққа шығара алмаймыз. Оның қаржысын қайдам, ал «Айқап» журналының 110 жылдығын тойлауға 50 миллион теңгенің қаралуы ақылға қонымсыз. Сонда дейміз-ау, әр 10 жыл сайын республика көлеміндегі газет-журналдың, телеарнаның мерейтойына осынша қаржы құртып тойлау қаншалықты дұрыс? Оның арасында тарихы тереңде жатқан жергілікті БАҚ-тардың да мерейтойлары бар. Сонымен, үшінші сатып алу «Наурыз мерекесіне орай дәстүрлі ән мен жырлар» – Дина Нұрпейісова іс-шарасы қызметіне» деп аталады. Келісімшарт бағасы – 50 млн теңге. Өнім беруші алматылық компания – ИП Дехгани Soloist. Төртінші сатып алу 80 млн теңге қаржы қаралған «Bala дауысы, Super Live, Жұлдызай» іс-шарасы қызметі деп аталады. Өнім беруші – ZHAN ALEMI GROUP ЖШС. Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген бұл компаниямен екі мәрте келісім-шарт жасалған екен. Алдыңғы келісім 2020 жылы «ТМД мәдениет астанасы» шарасынан 11,1 млн теңгемен әлеуметтік желілерде ақпарат жариялау қызметін көрсеткен. Бұл жолғы қызметі басқа. Бесінші сатып алу атауы – «Наурыз мерекесіне орай, Шымкент қаласының мәдени нысандарын әлеуметтік желілерде тарату іс-шарасы қызметіне». Келісімшарт бағасы – 22 млн 980 мың теңге. Өнім беруші шымкенттік – Impresario Media Group ЖШС. Мемлекеттік сатып алу порталына 10 наурыз күні тіркеліп, 19 наурызда келісімшартқа отырған. Яғни, бұл алғашқы келісімі екен. Сатып алу ерекшелігінде ақпаратты әлеуметтік желілерде тарату қызметіне қойылатын талаптар туралы мәлімет жоқ, яғни қай әлеуметтік желіде, қандай парақшада таратылуы қажет екені де көрсетілмеген дейді қоғам белсендісі. Айта кетейік, осы тұста Шымкент қаласында Наурыз мерекесі қарсаңында «Наурыз Шымкенттен басталады» «Шымкент шақырады» деген хэштегпен түрлі іс-шара ұйымдастырылмақ болғаны, елімізге танымал әншілер мен өнерпаздардың бүкіл қазақ халқын әз-Наурызды бірге өткізуге Шымкентке шақырып жатқан видеороликтерінің жарық көргені еске түседі. Ал енді алтыншы сатып алу шарасы «Наурыз айтыс» төңірегінде әңгіме тіпті көп. 40 млн теңге қаралған айтысты өткізіп беру шымкенттік Quraq Group ЖШС-не тапсырылыпты. Порталға айдың басында ғана тіркелген жас кәсіпкердің бұл алғашқы келісімшарты екен. Серіктестік туралы әріптесіміз Мият Кәшібай «статистика комитетінің сайтында бұл компания жиһаз жасаумен айналысатынын көрсеткен», – деп жазды. Сонымен қатар дәл осындай республикалық деңгейде 22 ақын қатысқан Тараздағы айтысқа кеткен шығын мен Шымкенттегі 16 ақын қатысқан шараның шығыны жер мен көктей болғанын дәлелдеуге тырысыпты. Жалпы жүлде қоры 6 млн теңге көлемінде болған айтысқа 40 млн теңге жұмсалғаны рас па? Бұл туралы Шымкент қалалық ақпараттық коммунакациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жауап берді. «Кез келген іс-шараны өткізерде түрлі компаниялар өз идеясын ортаға салады. Біз солардың арасынан көңілімізге ұнағанын іріктеп аламыз. Айтысқа келер болсақ, «Наурыз айтыс» – республика көлеміндегі үлкен жоба. Екі күнге созылған айтысқа 21 млн 300 мың теңге қаралды. 16 ақынның басын біріктірдік. Қазылар алқасы, ақындар мен қонақтардың жатын орны, тамағы, жол шығыны бағдарламасы, жүлде қоры, осының барлығына 21 млн теңге кетіп отыр. Мемлекеттің әрбір тиыны санаулы, депутаттардың бақылауында. Одан соң Наурыз тойын тойлауға бюджеттен әлі бір тиын да төленген жоқ. Бізбен келісімге келген компанияларға өз талабымызды қойдық. Онда әзірге ақшамыздың жоғын, өздерінің қаржысымен өткізе беруді ұсындық. Келіскендер іс-шараны өткізіп берді. Сондықтан әр нәрсенің байыбына бармай жатып байбалам салудың қажеті жоқ», – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. Ал брифингте Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіден айтысты өткізген компанияның жиһаз шығарумен айналысады екен деген ақпаратты оқығанын, алайда оған аса мән бермегенін жеткізді. «Журналистер мен блогерлердің айырмашылығы бар. Журналистер мәселенің ақ-қарасын зерттейді, ал блогерлер бір жерден бір ақпарат тапса соны іліп алып кете береді. Айтысты өткізген компанияның идеясы бізге ұнады, сонымен келісімге отырдық», – деді. Сонымен қатар Сәкен Қордабайұлы Шымкенттегі бүгінгі мәдениет саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерге, қордаланған мәселелерге тоқталды. Шымкент қаласындағы мәдениет саласын дамытуға арналған осынау брифингте Шымкент қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенова жыл басынан бергі жетістікке тоқталды. Одан бөлек, биыл қала бюджетінен жыл бойғы іс-шаралар үшін 572 млн теңге бөлініп отырғанын жеткізді. Ал 14-24 наурыз аралығында өткен Ұлыстың ұлы күнін тойлауға 213 млн теңге қаралыпты. «10 күнде 103 іс-шара өткізілді. Иә, жоспарымызда 157 іс-шара бар еді. Ашық алаңда керемет Наурыз думан өткіземіз деп жоспарладық. Дегенмен карантин жағдайына байланысты тоқтату туралы тапсырма түскен соң барынша қысқартып, жиындарды санитарлық талаптарды сақтай отырып, басқа залдарға көшіп, адам санын шектеп өткіздік», – дейді ол. Дегенмен журналистер спикерлерден өздерін толғандырған сауалдарға тұшымды жауап ала алмады. Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған ақпараттың жалған немесе рас екеніне ешкім нақты жауап берген жоқ.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы