Отандық автокөлік үлесі артып келеді
Отандық автокөлік үлесі артып келеді
185
оқылды

Осыдан 8 жыл бұрын, 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық автокөлік құрастыру саласының жеткен жетістіктерін айрықша атап өткен болатын. «Мен алғашқы қазақстандық SsangYong Nomad көлігін наза­рыңызға ұсынып отырғаныма қуаныштымын. Енді Қазақстанда көліктердің толыққанды өндірісі құрылды, бұл басы ғана, алда Toyota Nomad жобасын іске қосу, Кеден одағы нарығына шығару, жаңа брендтер тарту бар» деген еді Елбасы. Содан бері отандық автокөлік өнеркәсібі талай сын-те­геуріннен өтті. Отандық автокөлік өнеркәсібі шикізаттық емес секторды индустриялық дамытудың 12 басым бағытының қатарында. Сондықтан үнемі басты назарда. Салаға тұрақты түрде мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді.

Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш рет 2003 жылы Нива автокөлігі шығарылды. Әрине, өндіріс бірден қарқын алып кеткен жоқ. Әйтсе де, елімізде темір тұлпар құрастырыла бастағанына қуандық. 2010 жылға қарай ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе бастадық. Осы жылы 4 мың дана автокөлік құрастырылды. Оған дейін ел көшелерінде тек шетелдік көліктер жүйткіді. Бұл дегеніңіз шетелдік өнеркәсіп иелеріне өз ақшамыз­ды шытырлатып санап бергенмен бірдей еді. 2010 жылы моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы алғашқы келісімдерге қол қойылды. Дегенмен бұл келісімдердің тиімділігі аз болды. Сатылатын отандық автокөліктердің үлесі 2016 жылы небәрі 26 пайызды құрады. Саланы дамыту үшін, жұмыс­тың қалыпты жүруі үшін ынталандырудың жаңа әдістері қажет екені айқын аңғарылып тұрды. Сол себепті Үкімет қосылған құн салығы бойынша преференциялар, кәдеге жарату алымын енгізу, жеңілдікпен несие беру және лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау секілді саланы ынталандыру шараларын қабылдады. Өнеркәсіптік коопе­рация бағдарламасы іске қосылды. «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС СМС – JAC Motors сынды ірі трансұлттық компанияны инвестор ретінде тартып, жұмысын жандандыра бастады. 2005 жылдан ірі өндіруші болып саналатын КамАЗ елімізге келіп, бірлесіп жұмыс істеуге ықылас танытты. Іле-шала Daewoo, Hyundai, IVECO, ANKAI компаниялары қазақ жерінде өз өндірісін ашты. 2010 жылға қарай салада 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл өз кезегінде отандық өндірістің бойына қан жүгіртіп, бюджетке салық түсе бастады. Қазір елімізде 170-ке тарта автокөлік моделі құрастырылады. Оның 39-ы жеңіл модель болса, 22-сі әлемдік бренд. Автокөлік саласын дамыту 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инно­вация­лық даму мемлекеттік бағдарламасына енді. Бүгінде елімізде сатылатын автокөліктердің 60%-ы Қазақстанда шы­ғарылған. Бұл – жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келе жатқан жұмыстың оң нәтижесі. Еліміздің тұтыну нарығы шағын екені ескеріліп, кейінгі жылдары отандық автокөліктерді экспортқа шығару бағытында да жұмыстар жүргізіле бастады. Саланың басты кәсіпорындары – «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп», Hyundai Trans Auto, «АзияАвто», «КамАЗ – Инжиниринг», «СИМАС» және Daewoo Bus Kazakhstan. Әлемді жайлаған пандемияның салдарынан экономиканың ауқымды саласында дағдарыс басталғанын жұрт біледі. Қаржы секторындағы жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан былтыр еліміздің автокөлік өнеркәсібі мен автокөлік сатуда едәуір жоғары көрсеткішке қол жеткізгенімізді айта кеткеніміз жөн болар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметіне қарағанда, өткен жылы өндіріс көлемі 77 471 бірлік техника болған. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда (50 541 бірлік) 1,5 есе артық көрсеткіш. Оның ішінде жүк көліктері мен автобус шығару көлемі арта түскенін байқауға болады. Автоөндіріс саласына трансұлттық инвесторлар тартылып, отандық зауыттарда жаңа брендтер құрастырыла бастады. Карантин енгізілген кезде бірден тиісті шаралар қолданылып, автокөлікті онлайн сатып алу жүйесі іске қосылды. Бұл өз кезегінде сатып алу үдерісінің іркілмеуіне себеп болды. Жеңілдетілген автонесие және лизинг бағдарламалары да сатып алу-сату жүйесіне оң ықпал етті. Өткен жылы автоөндіріс саласында атап айтарлықтай бірнеше ірі жаңалық болды. Наурыз айында Қостанай зауыты Chevrolet автокөлігін құрастырып, ол бір жылға жетпей елдегі танымал брендке айналып үлгерді. Жыл соңына дейін 15 мың көлік құрастырылып, нарықтағы сұранысы жоғары көліктердің қатарына кірді. Сондай-ақ былтыр қазан айында Алматы қаласындағы индустриялық аймақ аумағында Hyundai жеңіл автокөлік маркасын шығаратын зауыт ашылды. Зауытта шанақты балқыту мен бояу бойынша технологиялық операциялар есебінен автокөліктерді ұсақ тораптық жинау іске асырылады. Оның қуаттылығы бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлікті, ал екінші кезеңде 45 мың бірлікті құрайды. Жаңа зауыт құрылысына салынған инвестиция­лар көлемі – 25 миллиард теңге. Кәсіп­орында келешекте 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал желтоқсан айында Қарағанды облысының Саран қаласында Yutong компаниясымен бірлесіп автобустар мен арнайы техникалар құрастыратын зауыт іске қосылды. Компанияның жалпы инвестиция көлемі – 23 миллиард теңге. Өндірістің қуаттылығы жылына 1 200 автобус пен электробус, сондай-ақ 500 арнайы техника құрастыру. Бірінші мектеп автобусы Қарағандыдағы №104 гимназияға сыйға тартылды. Қазақстан машина жасаушылар ода­ғының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, қазір біздің кә­сіпорындар өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Қытай, Әзербайжан, Тәжікстан, БАӘ, Түрікменстан және басқа да елдерге экспорттайды. Дағдарысқа қарамастан отандық машина жасаушылар өндірісі тоқта­ған жоқ. Саладағы өндіріс көлемі 10 жыл­да 4 есе өсіп, инвестиция 2 жарым есеге ұлғайған. Экспорт көлемі 3 есе артты. Яғни, қазір машина жасау өңдеуші өнер­кәсіптің негізгі драйвері десек болады. «Машина жасау салалары арасында жоғары нәтижені көлік құрастыру бағыты көрсетіп отыр. Өндіріс көлемі 24,5 есе өсіп, инвестициялардың жыл сайынғы ағыны 14,4 есеге артты. Бұл ретте ел ішінде сатылған әрбір екінші жаңа жеңіл көлік отандық өнім екенін айта кеткен жөн. Нарықтың сұранысын өтеу үшін былтыр Алматыда жылына 30 мың жеңіл көлік шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Ал Қарағандыда автобус, электробус және арнайы техника құрастыратын кәсіпорын ашылды. Нәтижесінде, автобус жасау көрсеткіші екі есе өскен. 2019 жылы 1 057 автобус шығарылса, былтыр­ғы өнім 2 100-ден асады», – дейді Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. Министрдің мәлімдеуінше, аталмыш салада шамамен 3 мың кәсіпорын жұмыс істейді, онда 120 мыңнан астам адам еңбек етеді. Индус­трияландыру бағдарламасын іске асыру жылдары машина жасау саласында 367 млрд теңгеге 128 жоба іске асырылып, 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Осы мақсатта 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы да бекітілді. Машина жасау – өңдеуші өнеркәсіптің серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі. Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдары салада өндіріс көлемі 5 есе өсті. Салаға тартылған инвестиция­лар көлемі үш есе өсіп, 50 млрд теңгені құрады. Машина жасау өнімдерінің жаңа түрлері жолаушылар вагондары, электровоздар, теміржол дөңгелектері мен белдіктері, бағыттамалы бұрмалар өндірісі ұйым­дастырылды. Asia Trafo АҚ ТМД елдері аумағында бірінші болып, қуаты 500 мегавольт/ампер дейінгі қуатты трансформаторлар өндірісін игерді. Кейінгі жылдары қалыптасқан игі дәстүр бойынша мемлекеттік мекемелерде мейлінше өз елімізде құрастырылған автокөліктерді пайдалану көзделген. Бұл үрдіс отандық өндірісті қолдауға оң әсерін тигізіп отырғаны сөзсіз. Отандық автобустар мен электробустардың, жедел жәрдем көліктерінің де қатары күн санап артып келеді. Денсаулық сақтау, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрліктері елімізде санитарлық көлікті жаңарту бойынша Жол картасын бе­кітті. Бұл санитарлық көлікті лизингтік қаржыландыру тетігі есебінен жаңартуға мүмкіндік береді. Міне, осылайша отандық автокөлік өндірісі өнімдері тәуелсіз Қазақстанның түрлі саласында қалтқысыз қызмет етіп келеді.

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ