Биатлоннан ұлттық құраманың 4 спортшысы шеттетілді
Биатлоннан ұлттық құраманың 4 спортшысы шеттетілді
© olympic.kz
399
оқылды
Қазақстан Биатлоншылар Одағының президенті Ермек Қизатовтың жетекшілігімен Одақтың тәртіптік комиссиясының кезектен тыс жиыны өтті, - деп хабарлады olympic.kz. Аталған жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері қатысты. Комиссия мүшелері әлем чемпионаты қарсаңында Австрияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарында спорттық режим мен тәртіпті бұзған төрт қазақстандық спортшының мәселесін қарастырды.  Қазақстан ұлттық құрамасының сапынан төрт спортшы шеттетілді. Олар биатлоннан өтетін республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстырылмайды. Атап айтар болсақ, Антон Пантов төрт жылға, Тимур Куц, Владислав Витенко және Роман Еремин бір жылға спорттан шеттетілді. Спортшылардың барлығы жаттығу жиынынан қайтарылған. Шешімді қабылдауға биатлоннан ұлттық құрама бас бапкері Мақсат Шарановтың рапорты және спортшылар мен бапкерлердің түсініктемесі себеп болды. Сондай-ақ, Обертиллах қаласындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде команда мүшелері тұрақтаған австриялық қонақүйдің арыз-шағымы да назардан тыс қалған жоқ.
«Қазақстан ҰОК өкілдері мен Мәдениет және спорт министрлігі, сонымен қатар, ұлттық федерация мүшелері спорттық режимді өрескел бұзған атлеттерді ұлттық құрамадан шеттету туралы шешімді бірауыздан қабылдады. Спортшылар жаттығу жиынында тәртіп бұзып қана қоймай, өз елдерінің абыройына нұқсан келтіріп отыр. Халықаралық жарыс болсын, жабық оқу-жаттығу жиындары болсын, Қазақстан командасының мүшесі өз елінің беделіне кір келтірмеуі қажет. Бұл оқиға ұлттық құрама намысын қорғайтын барша спортшыларға сабақ болады деп ойлаймын. Қазақстан ҰОК спорттық тәртіпті бұзушыларға түбегейлі қарсы. Мұндай жағдайлар көп кездесе бермейді, бірақ, режимді бұзғаны үшін әрбір атлет пен бапкерлер жауапкершілік арқалайтынын ескерткіміз келеді. Осы орайда, аталған жағдайға қатысты дереу шешім қабылдаған Қазақстан Биатлоншылар одағына алғыс айтамыз», - деді Қазақстан ҰОК спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов.