Еліміздегі жайылымдық жерлердің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылады, қалған 64 пайызы бос жатыр. Бұл туралы 2021 жылы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Ол Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл соңына дейін іске жаратылмай жатқан жайылымдарды қайтарып алып, ауыл тұрғындарының игілігіне беруді тапсырды.
Жайылым неге жетіспейді?
Міне, парадокс! Ауылдағы ағайын алдындағы азын-аулақ қара-құрасын бағатын жайылым таппай жүргенде, мұншама жердің қаңырап бос жатқаны ақылға сыймайды. Ресми дерекке сүйенсек, республика бойынша 94,3 млн гектар жайылым қолданысқа берілген. Оның 78 пайызы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, 22 пайызы – елді мекендердің қарамағында. Елдің еншісіндегі жер қара тақыры шыққанша 100 пайыз пайдаланылады, өйткені оларда өлкенің оты түгесілсе де, мал бағымын ауыстыратындай басқа қоры жоқ. Кәдеге жаратылмай жатқаны – заңды тұлғаның үлесіндегі учаскелер. Ал жайылымның 78 пайызын иеленіп отырғандардың қаншасы нақты жермен жұмыс істейді, оның қаншасы латифундистердің иелігінде – мұны алдағы күндері Бас прокуратура анықтауы тиіс. – 2015 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді жұмсалуына бақылау жасау әкімдіктердің де құзырына берілген. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтауы тиіс, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі оны ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге немесе мемлекет меншігіне қайтарып алуға бағытталған заңнамалық шараларды жетілдіреді. Жалпы, соңғы екі жылда республика бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және қайтарып алудың оң динамикасы байқалады,– деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов. Сондай-ақ комитет басшысы АШМ сот шешімі бойынша жер учаскелері қайтарылып алынған тұлғалардың тізімін қалыптастыру жалғастырылып жатқанын атап өтті. Бүгінде «қара тізімде» 600-ден астам адамның аты-жөні, жер учаскелерінің кадастрлық нөмірі, ауданы және нақты орналасқан жері көрсетілген. Қазір ауылдық жерлерде 7 738,7 мың (41,5 %) адам өмір сүреді. Олардың қолында 9 млн 846 мың мал басы шоғырланған: жекеменшіктің қолында – 6,7 млн бас, кәсіпкерлік ұйымдарда – 3,146 млн бас. Осы деректен-ақ халықтың қолындағы мал қарасы ауылшаруашылық ұйымдарындағылармен салыстырғанда 2 есе көп, сөйте тұра оларға бөлінген жайылым көлемі 3,5 есе аз. Оның үстіне, халықтың қолындағы төрт түліктің түгелі дерлік елді мекеннің маңайына жайылады. Сондықтан көпшілік қазақ ауылдарының айналасы 5-10 шақырымдық радиуста жаз шықпай жатып-ақ тақырланып қалады. Мұндай жағдай жылдан-жылға қайталанатындықтан, жайылымдар құлдырауға ұшыраған. Бүгінде республика аумағында азып-тозған жер көлемі 27 млн гектарға жетті! БҰҰ-ның халықаралық сарапшыларының есебінше, соның кесірінен Қазақстан жылына 1 млрд долларға дейін шығын шегеді. Сондай-ақ зооветеринарлық жағдай асқынып, мал басының ауру-сырқауы артып барады. Мұндай жағдайда мал басын көбейту, еңбек өнімділігін арттыру деген мәселені қозғаудың өзі орынсыз. Тағы бір маңызды мәселе – жайылым жерлердің 40 пайызы табиғи су көздері – өзенмен, көлмен, бұлақпен қамтамасыз етілген. Қалған өңірлерде жерасты суларын жоғарыға тартып шығару үшін инженерлік құрылғылар орнату қажет. Ал сусыз өлкелердің көпшілігінде су тартқыш құрылыстары жоқ немесе бұрынғы Кеңес заманында салынғандары пайдаланудан шыққан, ал оны өздігінен салуға ілудің бірінің ғана жағдайы жетеді. Сусыз жайылымдардың иесіз жатуының бір себебі – осы.Қай өңірлерде жер тапшы?
Мемлекеттен жайылым ретінде берілген жерлердің 73,4 млн гектары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер (АШТӨ) мен шаруа қожалықтарына тиесілі. Алайда қолданыстағы нормативтердің есебіне сүйенсек, олардың қолындағы 3,146 млн бас мал үшін тек 26,3 млн гектар жайылым жетеді. Қалған артық берілген 47,1 млн гектар аумақ іске жаратылмай, бос жатыр. Керісінше, елді мекендердегі халықтың қолындағы 6,7 млн бас үшін 53,3 млн гектар жайылым тиесілі болғанымен, ауылдықтарға нақты 20,9 млн гектар телім тиген. Яғни, мал бағымы үшін елге әлі 32,4 млн гектар жайылым жетіспейді. Республиканың барлық өңірлерінде (Ақтөбе облысынан басқа) жайылымдық жер жетіспейді. Кей аймақтарда бұл мәселе тіпті күйіп тұр. Мәселен, халыққа жайылым үшін қажетті норманың Түркістан облысында – 7 пайызы, Жамбыл облысында – 10 пайызы, Алматы облысында – 12 пайызы, Қызылорда облысында 13 пайызы пайдалануға берілген. АШМ мамандарының айтуынша, жергілікті халықтың мал жайылымы тапшылығы мемлекеттік жер қорының (75 млн гектар) және АШТӨ-нің бос жатқан учаскелерінің (47,1 млн гектар) есебінен шешілуі тиіс. Ол үшін, ең алдымен республикадағы барлық елді мекендердің мал бағымына қажетті жайылымдық жерлерінің ауданы анықталып, бекітілуі керек. Сондай-ақ ауылдық жерлердің нақты шекаралары анықталуы қажет.Заман қандай, заң қандай?
Ықылым заманнан бері тіршілік-тұрмысы мал шаруашылығымен біте қайнасқан ауыл қазағы үшін жайылым мәселесі қашан да көкейкесті. Оның жетіспеушілігін шешу үшін 2017 жылы «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Заң мал бағылатын алқаптарды тиімді реттеуге және олардың инфрақұрылымын жақсартуға, жердің тозу процестерінің алдын алуға бағытталған. Заңда жайылым жерлерін пайдаланудың үш шарты бекітілді: Бірінші, елді мекендердің маңайындағы жер. Ол – мемлекеттің меншігінде. Бұл учаскелер жергілікті халықтың қажеттілігі үшін беріледі. Тек аталған алқапта жайылатын мал саны мемлекет белгілеген шектен аспауы керек. Егер жекеменшіктің малы шекті нормадан асып кетсе, басы артық қара-құра ауылдық округ әкімдігіне тиесілі басқа аумақтағы екінші деңгейлі жайылымдарға жіберіледі. Егер бұл жағдайда әкімдік жерлері жеткілікті болмаса, жетіспеген көлем заңды тұлғалардан мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде алынып, тұрғындардың мал жаюына тегін беріледі. Екінші, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары ауыл округі аумағынан 49 жылға жалға алған учаскелер. Сондай-ақ жайылым санатынан басқа да телімдер бар: шабындық, орман шаруашылығы мақсатындағы және ерекше қорғалатын аумақтағы (табиғи қорықтар) жер. Өзен-көл алқаптары да осы санатқа жатады. Үшінші, ауылдардан шеткері жатқан сыртқы жайылымдар. Бұл жерлер толықтай мемлекет меншігінде. Алайда тұрғындар бұл учаскелерге өздігінен мал жая алмайды. Қолданыстағы заңға сәйкес, бұл телімдерді қауымдасып пайдалану қарастырылған, яғни ол жерлерде халық бір көше, әйтпесе тұтас ауыл болып ұжымдасып, келісіп, ортақ отар, табын шығарып, малын бірлесіп баға алады. Аталған заң қолданысқа енгеніне төрт жылға аяқ басты. Өкінішке қарай, «Nur Otan» партиясы бақылау комитеті тобы жүргізген мониторинг көрсеткендей, АШМ өкілетті органдары, жергілікті атқарушы органдар (аудан, ауыл әкімдіктері) «Жайылым туралы» заңы нормаларының орындалуына күні бүгінге дейін жүрдім-бардым қарап келген. Соның кесірінен жергілікті тұрғындар өз ауылдық округ аумағындағы жайылымдарды толықтай пайдалана алмай отыр. Әлбетте, заңда бәрі айқын жазылғанымен, оның орындалуына келгенде түрлі кілтипанның табылатыны белгілі. Әкімдердің жыл сайын халық алдында есеп беру кездесуінде бұл мәселе тұрақты түрде көтеріліп келе жатқанына қарамастан, ол әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Соның салдарынан ауыл тұрғындары арасында әлі күнге дейін түсініспеушілік пен наразылық туындап, жер дауы «ұшынып» тұр. Ал бұл наразылық дер кезінде шешілмесе, соңынан өрши келе үлкен өртке айналып кету қаупі үлкен.Жайылым жерлердің проблемасы депутаттардың назарында
Парламент Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасовтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешені саласында жайылым жерлердің жетіспеуі өте көкейкесті мәселеге айналып отыр. Мәселен, Түркістан облысында 8 476,9 мың гектар жайылым жетіспейді. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Одан кейін Алматы облысында – 4 576,9 мың гектар, Қызылорда облысында – 3 697,8 мың гектар және Жамбыл облысында 3 329,7 мың гектар жайылым тапшы. – Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын бастады. Оның құрамына Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет депутаттары кірді. Депутаттар комиссия жұмысы бойынша жайылымдық жерлердің проблемаларын шешуге қатысты өздерінің бірқатар ұсынысын енгізетін болады,– деді Қайнар Абасов. Сондай-ақ ол жайылым жерлердің проблемасы «Nur Otan» партиясының 2025 жылғы дейінгі сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқанын атап өтті. Түйін:Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 19 наурыз күні Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін жер реформасы бойынша комиссия құрылды. Ендігі бар үміт – сонда. Мүмкін жерге қатысты қордаланған проблемаларды шешіп беруге осы комиссияның пәрмені жетер.
Дәулет АСАУОВ