Бүгін – Халықаралық театр күні
Бүгін – Халықаралық театр күні
430
оқылды

Әлем театрларының кеңістігінде Халықаралық театр күнінің қашаннан бері, қалай тойланатынына келер болсақ, бәріне ортақ белгілі бір қалыптасқан үлгі, шектеу жоқ. Ресейлік «Театрал»  журналының дерегі бойынша әр ел, әр театр өз қалауы бойынша тойлайды.

1961 жылы фин ақыны және драматургы Арви Киим Халықаралық театр күнін атап өту жайлы ұсыныс жасап, оны ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық театр институты ресми түрде қолдап, бекітеді. 1962 жылы 27 наурызда Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде алғаш рет театр күні аталып өтеді. Сол жылы белгілі француз жазушысы Жан Кокто әлем театр жұртшылығына өзінің жолдауын оқыды. Содан бері дәстүрге айналған бұл жолдауды Халықаралық театр институты әр жылы әлемнің белгілі театр қайраткеріне «Театр және әлем халықтар арасында» атты тақырыпта жолдау дайындауды ұсынып, оны бірнеше тілге аударып, сан мыңдаған көрермендер жиналған кешкі спектакльдер алдында сахнадан оқылады.

Халықаралық театр күні барша әлем театрларының ғана емес, барша қауымдастықты біріктіретін ерекше күн. Мерекені ұйымдастырушылар «Театр біріктіреді және Халықаралық театр күні бірігуге ықпал жасайды»,– дейді.  Бұл тек қана театр ұжымдарының мерекесі емес, барша театрды сүйетін қауымның мерекесі болып есептеледі. Мерекені халықаралық деңгейде атап өту жайлы қаулы бар да, қалай, қандай үлгіде өткізу жайлы ортақ ұстаным жоқ. Оны әр елдің театрлары әр түрлі үлгіде өткізеді. Шағын театр қызметкерлерінің кештерінен бастап кең көлемде халықтық мерекелік іс-шараларға ұласып кете береді.

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтуге ел театрларының шығармашылық дамуы мен өркен жаюы үшін бар мүмкіндіктер жасалған. Астаналық, республикалық, облыстық, қалалық, аудандық, тәуелсіз, жеке, халық театрлары секілді 60-тан аса өнер ордалары Халықаралық театр күнін кәсіби мереке ретінде мән беріп атап өтуге ерекше назар аударып келеді. Мұндайда әркім өз деңгейінде, өз мүмкіндіктерінше сүйікті көрермендерінің назарын өзіне аударып, жетістіктерін атап марапатталып жатады.

Наурыз айының алғашқы күнінен басталатын мерекелік көңіл-күй театр күнінде де ерекше бояу-бедерімен айшықталады. Театрларымызда дәл осы күні бір жыл бойы қойылған жұмыс нәтижесін фестиваль-апталық ретінде өткізу үрдісі қалыптасты. Алғашында, бұдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында бастау алған бұл жыл қорытындысы іспетті «Қарашаңырақ» (бұрынғы «Наурыз»)  театрішілік фестивалі бүгінде дәстүрге айналып, қазылар алқасының талқысына түсіп, жеңімпаздар анықталады, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар үлестіріледі.

Кей жылдары бұл фестивальдің қазылар алқасы халықаралық құрамда жұмыс істеген кездері болды. Осы үлгіде академиялық Ғ.Мүсірепов атындағы, Мемлекеттік қуыршақ театрлары, жекеленген облыстық, аймақтық, театрлар да мерекелік фестивальдер ұйымдастыруды тұрақты қолға алды. Пандемия кезінде кейбір театрлар қарқыны төмендесе де, қалыптаса бастаған дәстүр жалғасын тауып келеді. Бұл театрдың шығармашылық ұжымының өзіндік қорытынды есебі болып көрермен үшін ерекше күтілетін күндердің бірі. Бұл күн тек той тойлау емес, қазақ театр өнерінің өткен тарихы, бүгіні, келешегінде ұстанған бағыт-бағдарын бағамдайтын, оның тоқтаусыз қарыштап алға озған жаңалықтарын, сынаптай сырғып тарамдалған заман ағымына сай келбетін дөп басып табуға бағытталған келелі пікір алысатын күн ретінде де қалыптасқаны маңызды.

Дискуссия клубының жұмысы, танымдық семинарлар, шеберлік сыныптары болғаны мерекені мазмұндық жағынан байыта түспек. Театр өнерінің практикасын теориямен жалғастырған салиқалы ғылыми басқосу, кәсіби мамандардың пікір алысу мен пікірталастарының қызу өтетін диалог алаңы болуы да керек. Екі жақты пікір жарыстырудың басты мақсаты – бар мен жоқты орынды көрсетіп, кемшіліктерді жою мен одан арылу жолдарын іздеуде болса керек. Барлық республика театр қауымдастығын толғандырған мәселелерді ашық талқылайтын платформа болса, әрбір келесі театр фестивалі мен ірі халықаралық театр форумдарында сын ескертпе ретінде айтылатын кәсіби шеберліктің өзекті деген мәселелерін оң шешуге сеп болмақ.

Қазақстан театрлары үшін 27 наурыз – Халықаралық театр күні ортақ кәсіби мереке. Ортақ мерекеміз құтты болсын, тәуелсіз еліміздің театр қайраткерлері!

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА доценті,

Халықаралық театр сыншылары қауымдастығының мүшесі Аманкелді МҰҚАН