Ел мен елді жол қосады

Ел мен елді жол қосады

Тәуелсіздік алған жылдары еліміз жол саласы мен логистикада ай­тарлықтай табыстарға қол жеткізді. Әлемде жер көлемі жағынан 9-орын алатын қазақ елінің жол, тасымал, қарым-қатынас мәселесі түпкілікті шешілді дей алмаймыз. Дегенмен ауызды құр шөппен сүртетіндей жағдайымыз жоқ. Бұл салада үнемі ілгері қадам жасап келе жатқанымыз анық.

Тұңғыш рет 2001 жылы «Қазақстан автожолдарын дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл осы салада жұмыстың қыза түсуіне жаңа серпін берді. Елде жол инфрақұрылымы жақсарып, көлік саласының бірыңғай саясаты әзірленді. Одан бөлек кейінгі жылдары Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауында жол саласын әсте назардан тыс қалдырған емес. 2008 жылы 6 ақпанда Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арналған Жолдауында Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік дә­лізін салу туралы бастамасын таныстыр­ды. Сол жылы 22 қыркүйекте Ресей Федерациясымен, 2009 жылы 16 сәуірде ҚХР-мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай халық­аралық автожолын салу жайлы меморандумға қол қойылды. Ресейдің Санкт-Петербор қаласы мен Қытайдың Чженчжоу қаласы аралығындағы 8 445 шақырым автокөлікпен 10 тәуліктік сапарды қамтиды. Екі қала арасын теміржолмен 14 тәулікте, ал теңіз жолы арқылы бұдан да ұзақ мерзімде жүріп өтуге болады. Байқап отырғандарыңыздай, ең тиімдісі автокөлік жолы болып тұр. Оның үстіне бұл Ұлы Жі­бек жолының жаңартылған, жаңа заманға бейімделген заңды жалғасы іспетті. Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автожолының 3 425 шақырымы Қытай еліне тиесілі болса, 2 233 шақырымы Ресей тер­риториясын қамтиды, ал 2 787 шақырымы қазақтың кең байтақ даласын қиып өтеді. Қазақстан аумағынан өтетін жобаның жалпы құны 825,1 млрд теңге болды. «Сабақты ине сәтімен» демекші, бастапқы кезеңдерде оның 2 125 млн долларын «Еуропалық қайта құру және даму банкі», 340 млн долларын «Азия даму банкі», 170 млн долларын «Ислам даму банкі» несиемен қаржыландырды. Осылайша, бұл жол Қытайдан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еу­ропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа бағытына айналды. Жоба аз уақытта өзінің тиімділігін дәлелдеп берді. Еліміздің бес өңірін – Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облысын басып өтетін халықаралық дәліз осы өңірлердегі халықтың әлеуетін көтеруге ерекше әсер етті. Жол бойындағы мыңдаған халық жұмыспен қамтылды, барыс-келіс жеңілдеді. Тиім­ділігі жағынан аз уақытта өзін-өзі дәлелдеген халықаралық көлік дәлізі ғасыр жобасы деген атқа ие болды. 2009 жылы осы бағыт бойынша 160 мың тонна жүк транзитпен өтсе, одан бері бұл көрсеткіш еселене түскені анық. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, ол ұлттық экономиканың басты драйверіне айналды. Өткен жылы бағдарламаның екінші бесжылдығының бірінші жылы қорытындыланды. 2025 жылға дейінгі бағдарламаға сәйкес автожол саласына үлкен міндеттер қойылып отыр. Алғашқы бесжылдықтың қорытындысы бойынша 3 мың шақырым жол салынып, қайта қалпына келтірілді. Осы мерзім ара­лығындағы ең ауқымды жоба жоғарыда тілге тиек еткен – Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі. Бұдан бөлек Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Талдықорған, Щучинск – Петропавл, Бейнеу – Ақтау автожолдарының қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Қазір мемлекеттік бағдарлама қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 88%-ға, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 71%-ға дейін жеткізілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бар­мақов­тың айтуынша, өткен жылы инфра­құрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын іске асыру басталды. Жол-құрылыс жұмыстарымен 9,8 мың шақырым жол қамтылды. Оның 5,8 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар, ал 4 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар болды. Республикалық маңызы бар жолдар желісін қамтуда мұндай көрсеткіш осыған дейін болмаған. Жы­­лына қалпына келтіру жұмыстарымен 500-900 шақырым жол ғана қамтылатын. 2020 жылы бұл көрсеткіш 5-6 есеге дейін өсіп, жыл қорытындысы бойынша 2,6 мың шақырым жолда қозғалыс ашылды. Күрделі және орташа жөндеуден өткен 1,8 мың шақырым жолдың 1,1 мың шақырымы пайдалануға берілді. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтыл­ған жергілікті маңы­­зы бар жолдар желісінде жыл қорытындысы бойынша 2,7 мың шақырымында жұмыстар аяқталып, пайдалануға бе­рілді. Осылайша, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 75%-ға дейін жеткізілді. Жол сапасының жақсаруы, заманауи магистралдардың пайда болуы ЖІӨ өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылып, транзиттік жүк ағынының ұлғаюына себеп болып отыр. Автокөлік жолдарын өзін-өзі қамтуға ауыстыру мақсатында 5,8 мың шақырымға ақы алу жүйе­сін монтаждау аяқталды. Ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы сер­­вис нысандарының үлесі 58%-ға дейін ұлғайтылды. Автожол жобаларын уақытылы іске асыру мақсатында пандемия ке­зеңінде өңіраралық қозғалысқа шектеулердің енгізілуіне байланысты құрылыс нысандарына, сондай-ақ карантиндегі қалалар мен өзге де елді мекендерде орналасқан құрылыс нысандарына құрылыс материалдарының, 1 325 бірлік арнайы техника мен 2 577 адамның кедергісіз қолжетімділігі үшін «жасыл дәліз» қамтамасыз етілді. Жалпы, өткен жылы жол-құрылыс жұмыстары жұмыс өндірісінің кестесіне сәйкес жүргізілді. Жол саласына жасалып отырған жоба-жоспарлар ауқымды. 2025 жылға дейін 10 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, қайта жаңғыртылады. 11 мың шақырым автожол күрделі жөндеу­мен қамтамасыз етіледі. Жүк ағындарын өңдеу жылдамдығын жақсарту мақсатында мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту, физикалық және физикалық емес кедергілерді жою мақсатында процес­терді цифрландыру, сондай-ақ жол сервисі нысандарын ұлттық стандартқа сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін барлық республикалық жолдарды қайта жаңартуды және сервиспен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұған дейін «Нұрлы жол» үшін шамамен 5,5 трлн теңге бағытталатыны айтылған. 2025 жылға дейін ұзақтығы 24 мың шақырым респуб­ликалық маңызы бар автожолдардың бойын­­да орналасқан жол бойындағы сер­вистің барлық нысаны халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келетін болады. Қазір республика бойынша ұзындығы 682 шақырым 4 ақылы учаске бар. Олар: «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас». «Нұр-Сұлтан – Щучинск» учаскесі 2013 жылы, ал қалған учаскелер 2019 жылы қолданысқа берілді. Өткен жылы республикалық маңызы бар автожолдарда ақылы жолдарды енгізу жүзеге асырылмады. Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2025 жылға дейін ұзындығы 11 мың шақырым республикалық маңызы бар автожолдарда ақылы жүйені енгізу жоспарланып отыр. Бюджет заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттен ақылы учаскелерді ұстауға қаражат бөлінбейді. Ақылы учаскелерді күтіп ұстау тек жол жүру ақысының алымдары есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте ақылы учаскелерді күрделі және орташа жөндеуге арналған шығындар тиісті бюджеттік бағдарлама шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінетін болады. Автожол саласын дамыту аясында биыл республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол құрылыспен және қайта жаңғыртумен қамтылады. Бұл жобалар: Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті, Ақтөбе – Атырау – Астрахан, Талдықорған – Өскемен, Қалбатау – Майқапшағай, Көкшетау – Петропавл – Қорған, Ұзынағаш – Отар, Мерке – Бурылбайтал, Қостанай – Денисовка, Үш­арал – Достық. Биыл халықаралық және республикалық маңызы бар 20,4 мың шақырым автокөлік жолы қамтылады. Қазақстан аумағы арқылы алты халықаралық дәліз өтеді. Олар: Ташкент – Қорғас; Шымкент – Самара; Нұр-Сұлтан – Екатеринбург; Алматы – Петропавл; Астрахан – Түрікменстан шекарасы; Омбы – Майқапшағай. Басты мақсат – дәліздерді II техникалық санатқа жеткізу. Бүгінге дейін Ташкент – Қорғас, Шымкент – Самара, Нұр-Сұлтан – Екатеринбург дәліздері қалпына келтірілген. Алматы – Петропавл; Астрахан – Түрікменстан шекарасы; Омбы – Майқапшағай дәліздерінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ