Елордадан таяқ тастам ғана жерде Волгодоновка деген ауыл бар. Шамамен отыз шақырымдай қашықта орналасқан. Алайда ауыл жылдар бойы ауызсудан таршылық көріп келген. Бірақ биыл қомақты қаржы бөлініп, мәселенің шешімін табуға тырысқан екен. Ал ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған мәселе бұл емес. Астана – Қарағанды республикалық трассасына шығатын айналасы бес-ақ шақырым жолдың жайы. Кезінде тақтайдай тегіс асфальт салынған тасжолдың қазір елесі де жоқ. Тас-талқаны шығып, тегіс жолдың жұрнағы да қалмаған. Ал көктем шыға тіпті езіліп, ойдым-ойдым шұңқырға су жиналып, көліктер мүлде жүре алмайтындай халге жеткен.
Ауылдың іргесінен осыдан 20 жыл бұрын «Нефрит Голд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қиыршық тас өндіретін карьер ашқан. Сол жылдардан бері жүздеген, тіпті мыңдаған тонна қиыршық тас күн сайын Бабатай – Волгодоновка арасындағы тасжол арқылы өтеді. 40-50 тоннаға дейін жүк артқан ауыр көліктер жолды әбден езіп, жарамсыз күйге түсірген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, осыған дейін аз-маз болса да тегістеп, қиыршық тас төсегенімен, соңғы екі-үш жылда ол да қалған. Бірнеше мәрте серіктестік басшылығымен тілдеспек болғанымен, мәселе орнынан да қозғалмапты. Ауыл тұрғындары мәселе шешілмеген соң оны әлеуметтік желілерде көтере бастаған. Облыс әкімінің есептік кездесуінде де аталған жайды көтеріп, өңір басшысының араласуын сұраған. Облыс әкімі аталған мәселеге қанық екенін айтып, биыл жобалық-сметалық құжаттаманың жасалып, келер жылы бір-ақ жолға күрделі жөндеу жұмыстарының басталатынын айтқан. Ал жөндеу жұмыстары екі жылдан соң барып қана аяқталуы мүмкін. «Бірақ бұл жолдан өтетін 40-50 тонналық көліктер оның күл талқанын шығаратыны анық», – дейді тұрғындар. «Компания ауылдың жанындағы өзеннің ар жағында шамамен бір жарым шақырым ғана жерде орналасқан. Қазір қазып-қазып ауылдың іргесіне жақындап барады. Ал тастарды жарған кезде кішігірім жер сілкінісіндей болады. Кәдімгідей жер астынан дірілдеп толқын өтеді. Бұл балаларымыз үшін де аса қорқынышты. Дегенмен осындай қолайсыздықтарға қарамастан тұруға мәжбүрміз. Тіпті, толқынның қатты болатыны соншалық, үйлердің қабырғалары шытынап, жарылып кетеді. Өткен жылдары бір үйдің шатырына тас ұшып қиратқан кезі де болған. Әрине, көп үйлер тозған. Сондықтан мұндай толқындарға шыдас бермейді. Оған қарап жатқан компания басшылығы жоқ. Ал ауыл елорданың іргесінде болса да, осындай қиындықтарға төзуге мәжбүр. Көпшілігі қалаға қатынап жұмыс істейді. Ал ауылға келіп-кету – нағыз қиямет-қайымға айналды», – дейді Светлана Вознюк. Ауылдағы орта мектепке «Нефрит Голд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1-4-сыныптарға тегін ыстық тамақ ұйымдастыруға меморандум жасаған. Ал ауыл тұрғындары оның бір бәліш пен шайдан аспайтынын айтады. Яғни, әр балаға 150 теңгеден ғана ұсынылады екен. Тұрғындар аталған көмек қаражаттың аздап болса да көтергенін сұраған. Бірақ компания басшылығы бұған да назар аудармапты. Сағыздай созылған жолдың жайын облыстағы тиісті сала басшылығынан да білмек болдық. Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылығы компанияны жолды бұзбауға нұсқау бере алмайтынын айтты. Басқарма басшысы бұл жолға жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатынын жеткізді. «Иә, аталған жағдайдан толықтай хабардармын. Биыл аталған жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Қар еріп, көктемгі су тасқыны аяқталған соң жолды қалыпқа келтіру жұмыстарын істейміз. Ал негізгі күрделі жөндеу жұмыстары тек келер жылы бір-ақ жүргізілмек. Өйткені жобаға сәйкес, бұл – аса ұзаққа созылатын процесс. Қыруар уақытты қажет етеді. Шамамен жобалық-сметалық құжаттама жасауға 10-15 миллион теңге, ал жолды толықтай күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға 750-800 миллион теңге бөлінбек. Аталған жұмыс алдағы облыстық мәслихаттың сессиясында қаралатын болады», – дейді Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков. Басқарма басшысы бұл жолдарға көліктік бақылау инспекциясының ғана құзыры жететінін, бірақ өкінішке қарай көліктердің бақылауға алынбай жатқанын алға тартты. Біз тікелей көліктік бақылау инспекциясының басшысымен тілдеспек болдық. Алғашқы жұмыс күнін өткізіп жатқан көліктік бақылау инспекциясының басшысы мәселені облыс аумағының үлкендігіне және жылжымалы бақылау көліктерінің аздығына тіреді. «Бүгін лауазымға кіріскен алғашқы күнім. Әрине, аталған мәселе бар. Бізде толық облыс аумағында көліктерді бақылайтын екі ғана жылжымалы бекет көлігі бар. Оның біреуі әбден тозған. Қазір жөндеуде жатыр. Жалғыз көлікпен облыс аумағын толықтай қамту мүмкін емес. Бірақ біз соған қарамастан жұмыс істейміз. Алдағы сәрсенбі күні Атбасар қаласында, одан кейін жұма және сенбі күндері осы Волгодоновка ауылына сапарлауды жоспарлап отырмыз. Әрине, біз тексерген кезде алғашқы бес-алты көліктен кейін жолдағы ауыр жүк көліктері сап тыйылады. Одан кейін қайта басталады. Бұл орайда, біздің елордалық әріптестеріміздің де көмегі бар. Елордада Нұр-Сұлтан–Қарағанды трассасында стационарлы бір бекет пен екі жылжымалы бекеттер бар. Біз тиісті шараларды жергілікті атқарушы билік, прокуратура және Полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырамыз. Жұмыстың нәтижесі болуы тиіс, – дейді Ақмола облысы көліктік бақылау инспекциясының басшысы Мейрам Боташұлы. Басқарма мамандары жолдағы бақылау миссиясындағы жұмыстарының нәтижелерін жолдамаққа уәде берді. Біз бұдан кейін жергілікті биліктің екпініне де, көліктік бақылау инспекциясына да пысқырып қарамайтын компания басшысымен тілдеспек болдық. Бірақ басшысының телефонына қоңырау шалғанымыздан және WhatsApp желісіне жазған сауалдарымызға еш жауап болмады. Мәселе алдағы уақытта да біздің тікелей назарымызда болмақ... P.S.Мақала аяқталып, басылуға берілген тұста «Нефрит Голд» компаниясының басшысы хабарласты. Владимир Альбертович жыл сайын миллиондап қаржы құйып, жолды жөндейтінін айтады.«Біз келгенде мұнда мүлде жол болмаған. Мен жыл сайын 300-500миллионға дейін ақша салып, жол жөндеймін. Ал жолды бұзатын менің жүк көліктерім емес. Тасты «мемлекет» тасиды», – дейді ол.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы