Қаракөлеңке кафеде екеуден екеу сыбырласып отырмыз... – Қайран, Таласбек ағам тірі болғанда... Бұның әр бетін салалап, әр әрпін аялап, біресе дүрілдей көтеріліп, біресе дірілдей босап, өзімнен бетер қуанар еді, ә?! Қолында су жаңа қара тысты кітап, Ербол сөйлеп отыр. Әдетте, екеуара әңгімеде мен тыңдаушы. – Тысын қара етіп таңдадым. Тарихымыздың тұтас түндей қараңғы тұсы көп қой. Ал, жазуын қызылмен төктіргенім Ханекемнің, артынан ерген көкжалдарының қанмен жазылған хамсасы, мынау күміс жолақ солардың ақжолтай іздері ғой... Шаттығын сезем, қуанышын көрем көзінен. Қараған сайын рахаттанам. Мен де қатты қуанулы едім... Өткен жылдардың бірінде қалада жортып жүріп, бір кісіден кітап алғамыз. Мәскеуде оқитын Ғазизға өтініш етіп, аттай қалап алдырғанын айтқан. Әрі қарай ашылып сөз етпеді, мен де қазбалаған жоқпын. Сөйтсем, со кез Хан Кененің ұлы Ахметтің шағатай тілінде жазылған «Насаб наме сұлтан Сыдық» деген кітабы қолына тиген сәтіне куә болған екем. Ал, мынау кафедегі әңгімеге арқау – қара кітап: сол қазақша сөйлеген Сыдық сұлтан. Елден бұрын, Жанат Жаңқаштан кейін оқитын бақыттылар қатарында екем... «Енді сені оқымаймын, Тарих! Тұрасың тек обал менен көз жастан. Сорым сенсің, ей, Үтікен, кәрі ұйық, Көк түріктің көз жанарын маздатқан...» Бұл осылай жазды өткенде, қайдааа Қарқаралы сапары алдында. «Оқып отырсам, көзімнен жас тоқтамайды. Жазып отырсам, жылап отырам» дегенде, тіксініп һәм сүйсініп қалғам. «Қиын бір соқпаққа түсті ме екен, кең бір даңғылға түсті ме екен» деп ойлағам іштей... Жолбарыс Сыдық кешкен жалында өртеніп жүрген кезі екен ғой, қарағымның. Кітаптың алғы сөзін алған өз ағасы Берік Уәли екен. "...Қазақ тарихын қазақтың өз көзқарасымен, қазақ тарихшысының пайымымен бағамдаған, төл тарихшыларымыздың еңбегі санаулы. Бұл еңбек сондай санаулының қатарына жатады. Сондықтан, бұл кітаптың қадыры Қадырғали Жалайыридың «Жамиғат тауарих» еңбегі сияқты. Біз өз төлтума тарихшыларымыз жазған осындай еңбектерді баршасынан биік қойып, қастерлеуіміз керек!". «Сөз иесі де осал адам емес. Оның үстіне мынадай ірі лебіз арналса, шынымен, үлкен еңбек шығар» деген оймен бастап кеттік. Ербол жыласа, жылардай-ақ екен! Жалпы, Кенесарының қандайын көп қазақ біледі. Төре тұқымына тиесілі артықшылықты жасынан көріп өссе де, жауының қандай алапат күшке ие екенін титтейінен түсініп өссе де тағдырына тап келген тар ноқтаны үзіп, айға атылған арыстан еді ғой, есіл ер. Кейінгінің келешек қамын қарақан басының күйінен биік қойып, отқа түскен көреген еді-ау... Макиавелли деген кісінің «билеушінің езгісіне үйренген жұрт пен кездейсоқ бостан болған жұрттың тәуелсіздігін сақтай алуы неғайбілдеу» дейтіні ойыма оралады осы кез. Кенесары Макиавеллиді оқи қоймаған шығар, бірақ, хан тұқымының терең түйсігі жұртының мойнына бір түскен құрсаудың қирауы қиын екенін алыстан сезген. Сезген де ақ сүйегіне дақ түсірмей, арпалыста өлуді мақсат тұтқан... Сыдық. Сұлтан Сыдық. Ата аманатына тырнағына дейін адал жолбарыс Сыдық. Ахмет Кенесарин баян етіп отырған тарихта Сыдықтың «Мен тірімде бабамның жолын тәрк етіп орысқа қарамаспын. Орыс Қоқанды алса, Бұқара асармын. Оны да алса басқа да мұсылман шаһары көп қой, солардың біріне кетермін» деп шамырқанар тұсы айтылады. Тайшық пен Ахмет орыстың қоластына кеткенде, Сыдықтың дара қалатыны бар. Бұл Хан ұлының кейінгі ғұмырының құбыласына айналған шешім-дүр. Осыдан соң-ақ қайда, орысқа қарсы арпалыс пен соғыс бар, сұлтан Сыдық алғы шепте қасқайып тұрыпты! ... Таусыламын саған айтар сөз қалмай, Қарт Асанның жұмбағындай тарих, Сыдық тұрар қақпандағы көкжалдай, Асау, асқақ жанарына қан ұйып... Ерболдың бұрынғы кейпі ақын еді. Мынау «насаб наме» бұны тағы бір биікке қойыпты. Алшынбайдың ұлы қаласа мықты зерттеуші ғалым да бола алады екен. Сыдық шарлаған шартараптың, түгел Түркістан, Ауған мен Қашқардың картасын қоса беріпті. Шағатайдағы қиын сөздің қазақша баламасын түсіндіргені мен тарихи деректерді тұтас қопарғаны сүйсінтті. Хош, Сыдықтың кейінгі өмірі тұтас майдан, қидаласқан қанды соғыс дедік қой. Бетпе-бет келген дұшпанның атасына алғыс, Сыдықтың ту сыртынан қанжар сұққан сілімтіктер де көп болулы... «Насаб наменің» жылап, күйініп, күйзеліп отырып оқитын тұсы жеткілікті-ақ. «Қазақтың тарихы жұлмаланып, көп тоналды-ау... Хандар жаздырған шежірелер солайымен жоғалды. Қаншама қолжазба Самарқан асты. Ендігі жүрісіміз мынау, орыстан кейін аударып, өзбектен ала алмай, қытайдан қаймығып...» деп күйінеді Ербол. «Сыдықты қазақша сөйлеткеніңнің өзі ғаламат олжа» деймін мен. Мейлі, тек қана төгілген қан мен жастан тұратын болса да, бұл өз тарихым ғой. Өзімнен өзім қаша алам ба... Керісінше, осы қанды тарихтан түйеріміз барақат бүгінгімізден берекелі деп, көзден қан аққанша қадалып отырып қазақ ішіне жеткізген Ерболдікі төтен ерлік, расында. «Тарих, сені оқымаймын» деген шамырқанысы Сыдық шеккен азаптардан арпалысқан жанының шыңғыруы ғой. Ойланып отырып, орыспен жиырма жыл соғысқан шешен халқының асыл перзенті Шәміл имамның оқиғасына аял қылам. Шегіне ұрыс салып жүріп шешеннің шегіне таянып, Гуниб ауылына бекінген Шәмілдің шағын әскерін үш қабат етіп орыс қоршап тұрады ғой. Бұны естіген бенойлық Байсангүр баһадүр таудағы орысқа ойран салып жүрген бес жүз ноянымен Гунибке жетеді. Жұп жазбаған бес жүз боздақ үш қабат орысты жарып өтіп ауылға кіреді. Бұны көрген Имам қуану орнына қуарып, шөгіп кетті дейді, жарықтық. – Ер Байсангүр, батырлығыңда қапы жоқ. Бірақ, жаным, жалғыз көзіңе ақ түскен екен. Сенің бес жүзің, менің мыңым мына құмырсқадай қаптаған орысқа не қайран етпек? Аранға, ажалға өзің кеп түскенің не сорың? Біздің қасиетті соғысты енді кім жалғайды? Сенгенім сен едің, қасымда, құрсауда тұрсың... Өлі еттей туралудың енді қандай мәні қалды? Болды. Мен берілемін. Тұтас шешен тұздай құрып кеткенше мына жауынгерлерді сақтайын. Берілейін орысқа. Мен біттім ,- дейтін еді-ау, қайран боздақ... ... Бұз үстіне бұлан қақтап ақпанда, Алшаң басқан арғымақты тебіндік, Үш жүз рет көтерілдік, мақтан ба? Неге сонда үш жүз рет жеңілдік... ... Қашқардағы ақырғы ұрыстың бірінде қолынан оқ тиіп, ауыр жараланған Сыдық та орысқа берілуден басқа жол таппайды. «Орыспен қаншама жыл алыстым, әлімнің жеткенінше ұрыс қылдым. Енді мынау жарамнан, өзімнің бейқуаттығымнан мен әскер басқара алмаспын, орысқа берілейін. Үлкен патшалық еді, иілген басымды кеспес» деп, таусыла сөз қылды дейді қайран ер. Шарасыздығына налып, өзіне ерген ерден, сенген елден, Хан атасынан сұраған кешірімі ғой, жарықтықтың. Ұзамай, Оштағы Марғұлан бекінісіне келіп мойынсұнды дейді. Түркістанды билеп тұрған губернатор Кауфман дереу дәрігер жіберіп, жеті айда жаралы жолбарысты қайратына келтірулі. Сосын айтады: Ағзам сізді кешірді. Ендігі жерде мынау менің иелігімдегі жердің қай пұшпағында тұрам десеңіз де еркіңіз. Пай, сұм дүние-ай... Өз Отанына, бабакүлдік, өз қастерлі қонысына жайлануға жат рұқсат берсе, одан артық қорлық болсын ба, төре тұқымына?! Бірақ, амалың қайсы? Имам Шәміл мен сұлтан Сыдықтың тағдыры қандай қасіретті болса да тарих үшін тым бағалы. «Әуп» деп атқа қонғандағы әзелгі бағыттары – бостандық еді. Қанша бұлқынса да, күштінің құрығы босатпады. Халық алдындағы қасиетті борышын абыроймен өтеді, қанымен төледі. Борыш демекші... Кісінің басы бостан кезде ғана, ол – борыш. Ал, басың байлаулы болса, ол әдемі арман ғана. Ащы болса да, шындық сол... «Енді сені оқымаймын, Тарих» деп пе еді?! Әй, ер ғой өзі де. Оқымаймын деп отырып мынадай таудай еңбекті еңсергені қай құрметке де лайық қой. Аударманың бірінші тарауын оқып шығып, «Ерболжан, мемлекеттік қызмет жеңіл жүк емес еді, оның үстіне мынадай қастерлі борышты қосып арқалапсың, Алла қуат берсін, Ханекемнің әруағы жебесін» деп бата беретін Берік ағасынынікі не деген бекзаттық... «Қиын қолжазбаны қапысыз аударып, қазақша сөйлеткен Ербол бауырымыз да кезіндегі Маңжан ақын секілді өзінің азаматтық борышын орындап отыр» деп ағынан жарылған Жамбыл ағасынікі не деген ақкөкіректік... Ерболдың айтуынша, Таласбек ағамыз Әбікеннің «Қоңыр» деген күйі құлағына шалынса, тыпыршып, тыңдай алмай тынышсызданып кетеді екен. Бірде Болтай отырып себебін сұрамай ма. Сонда терең білімпаз, сұңғыла күйші «Қазақтың өнер жәдігерлерінің көбіне қасірет тән. Қазақ қасіретті жырлаған кезде оның өзін емес, сол қасіретті қалай жеңгенін толғайды. Ал, Қоңырда ол жоқ. Қоңырда қасірет толық жеңілмейді...» деп күрсініпті дейді. Тарлан Таласбектің кемелдігіне тағы бір бас игеміз осы әңгімені естігенде. Демекші, «Насаб наме сұлтан Сыдық» арқылы біз тағы бір қасіретті жеңдік-дүр. Қаншама қасіретті тарих болса да соны мойындап, қабылдай алар күш таптық. Себепші болған Ербол Алшынбайға, тілекші болған барша азаматқа Алла жар, әруақ разы болғай!
P.S. Мен енді Сыдықтың жатқан жерін тауып, басын қарайтуды мұрат тұтам! Ербол осылай дейді. Тәңір жарылқасын, Алшекем баласы! Сен әлден-ақ Сыдық сұлтанның шырағын жақтың. Сол шырақтан шашылған сәуле, шашыраған жылу қазақ баласының жүрегіне дарысын! Мұратыңа жет!
Алмас АЛТАЙ